Аймақтар • 20 Сәуір, 2022

Күре жолдағы күрсініс

3035 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде автожолдар сапасы ең нашар өңір – Батыс Қазақстан облысы. Бірнеше аудан мен облыс орталығы арасында әлі күнге дейін асфальт жол жоқ. Көктем мен күзде, боранды қыста жол ми батпаққа айналып, жолаушылар тәуліктеп азап тартады.

Күре жолдағы күрсініс

Жер көлемі ұланғайыр болған­дық­тан Қазақстан үшін қарым-қаты­нас, коммуникацияның маңы­зы үлкен. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жергілікті автожолдар желісінің жалпы ұзындығы – 5 082,7 шақырым болса, мұның 1 874,3 шақырымы ғана жақсы және қа­на­ғаттанарлық жағдайда деп есеп­­теледі. Яғни жергілікті жол­­дар­­дың 39 пайызы жақсы және қа­на­ғаттанарлық деген дәрежеде. Бұл – Қазақстан Республикасы бо­йын­ша ең төменгі көрсеткіш. Жер­­­гілікті жол­дардың жағдайы осын­­дай бол­ғанда, республикалық мәр­­­тебесі бар үлкен жолдардың да халі мәз емес.

2018 жылы сол кездегі Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласына келген жұмыс сапа­рын­­да Батыс Қазақстан облысы­ның Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарын жалғай­тын жол салу жөнінде Үкі­­мет­ке тапсырма беріп, халық қатты қуанған еді. Сол кездегі жоспар бойынша жаңа жол 2021 жыл­дың соңында пайдалануға берілуге тиіс болатын. Алайда олай болмады. Аталған аудан халқы әлі жол азабын тартып-ақ келеді.

Жақында сенатор Нариман Төре­ға­лиев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Президент тапсырмасының әлі орындалмағанын айтып, батыс­қазақ­стандықтардың жанай­қайына назар аударды.

Сенатордың сауалы

«2019 жылы «Қазталов –Жәнібек – Ресей Федерациясы» шека­ра­сына дейін 145 шақырым және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолы – 103 шақырым, барлығы 248 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзір­­леніп, құрылыс жұмысын жүр­­­гізетін 4 мердігер компания анық­­талған болатын. Жобалардың құ­ны – 57 млрд теңге. Жобаларды іс­ке асыру мерзімі қыс айларын қос­пағанда 21 айдан 23 айға де­йін белгіленді. Өкінішке қарай, жос­парлағандай болмай шықты. Үш жылда небәрі 248 шақырым жол­дың 55 шақырымы ғана жасалды. Бұлай жалғаса беретін болса, атал­­ған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек», деді депутат.

Сенатор жол құрылысының уақ­тылы аяқталмауына бірнеше фак­тор кері әсер еткенін айтады. Біріншіден, жоба жыл сайын толық қаржыландырылмай отыр. Екіншіден, құрылыс материал­да­рының құны күрт өсіп кеткен. Жол құрылысына қажетті инертті материалдармен қамтамасыз етуде де қиындық бар, жүк вагондары тапшылығынан уақтылы жет­кізіл­мейді. Мәселен, 2021 жылы об­лыс­қа қажетті мөлшердегі қиыр­шық тасты тасымалдау үшін айы­на 600 вагон жеткізу қажет болса, оның 12 пайызы ғана жет­кізіл­ген.

«Аталған жоспарға «Қазақстан темір жолы» АҚ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру, егер де бұл мәселе шеші­мін таппайтын болса, көрші Ресей Федерациясынан өңірге қа­жетті құрылыс материалдарын та­сы­малдауға арнайы рұқсат беруі­ңіз­ді сұраймыз», деді сенатор.

Мердігерлер мұңы

Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алдында «Қаз­та­лов – Жәнібек – РФ шекарасы» жолын салуға қатысып жатқан 15 суб­мердігер компания бас­шы­лары жиналып, наразылық біл­дір­ді. Бұларға тапсырыс беруші «ADFstroy» компаниясы өз уәдесін орын­дамай, 236 млн теңге қара­жат­ты бермей қойған. «Біз түрлі деңгейдегі кеңселердің есігін қа­ғып, атқарған қызметіміз үшін тие­сілі қаражатты ала алмай жүрге­ні­мізге екі жыл болды», дейді олар.

Наразылыққа шыққан мердігер фирма өкілдерінің айтуынша, мәселе былай болған: 2019-2020 жыл­дары бұл фирмалар «Қаз­талов – Жәнібек – РФ шекарасы» жолы құрылысының бір бөлігін жүргізуші «Теміржол жөндеу» ком­паниясына субмердігер ретінде іске кіріскен. Бірақ «Теміржол жөн­деу» мен бұлардың арасында «ADFstroy» деген «ұлтарақ» компания болған. Жол құрылы­сына арналған мемлекет қаржысы «Қазавтожол» Ұлттық компа­ния­­сының облыстық филиалынан «Теміржол жөндеу» компания­сы­на кедергісіз түседі. «Темір­жол жөндеу» өз кезегінде «ADFstroy» есеп­шотына аударады. «ADFstroy» жоғарыдағы 15 фирмаға жұмысты бөліп тапсырып, ақыр соңында тиісті қаражатты бермей кеткен. Бұл фирмалардың бірі жанар-жағармай жеткізген, бірі арнайы техни­каларын жалға берген, бір фирманы тамақпен қамтыған. Бар­лық құжат, келісімшарттар жа­­салған. 2020 жыл бойына суб­мер­­дігерлер өз қызметін толық орын­даған. Бірақ әлсін-әлі қар­жыландыру тоқтап қалып, мәсе­ле туындаған. Жасаған қыз­ме­­ті үшін ақысын ала алмаған суб­мердігерлер қызметін тоқтатса, жо­ғарыдан түрлі уәде арқалаған қоңырау қаптаған.

– Бізге «Қазавтожол» филиалы басшылары да, «Теміржол жөндеу» компаниясының басшылары да телефон шалып, «жұмысты тоқтата көрмеңіздер, ақшаңызды аласыз, біз кепіл боламыз» деумен болды. Сөйтіп, күзге дейін біз уәдеге сеніп, жұмысты жалғастыра бердік. Алай­да «ADFstroy» міндетін орын­да­мады. Бас-аяғы 15 фирмаға берешегі 236 млн теңгеге жетті. Бұл мәселені көтеріп, маңдай тері­міз­дің адал ақысын даулап, талай жерге бардық. Бізге «ADFstroy»-ды сотқа беріңдер» дейді. Ал қазір бұл «компанияны» сотқа бергенмен, олардан ештеңе ала алмаймыз. Есепшоты бұғаттаулы, қарызы бастан асқан. Екі ортада алаяқтардың кесірінен біз зардап шегіп отырмыз, – дейді «АБУ-групп» ЖШС директоры Ерлан Ақтау.

Ерлан Бекжанұлының айтуын­­ша, «ADFstroy» компаниясының «АБУ-групп» ЖШС-на 25 млн теңге бере­шегі бар екен. «Тиісті ақысын алмай тұ­рып неге қарызға батып жұ­мыс­ты жал­ғастыра бер­діңіз­­дер?» деген сұ­рағымызға:

– Бастапқыда бәрі дұрыс болды. Бас мердігеріміз «Теміржол жөндеу» компаниясы «ADFstroy»-ға барлық техникасын беріп, кө­мек­тесіп тұрды. «ADFstroy» тара­пынан қаржы төлеу кідіріп, біз жұмысты тоқтатпақ болғанда, «Те­­мір­жол жөндеу» компаниясы бас­­­шылары хабарласып, «ақша болады, тоқтамаңыздар, біз кепіл боламыз» деп уәдесін жаудырды. Біз соған сеніп қалдық, – дейді.

Енді, міне, оралдық 15 субмер­ді­гер фирманың басына қиын күн туып тұр. «ADFstroy» компания­сы шынымен де жосықсыз болып танылған. Бірақ заң бойынша «Те­мір­жол жөндеу» компаниясы өз мердігері үшін жауап бермейді.

– Иә, екі жыл ішінде «ADFstroy» ком­паниясының дебиторлық және кредиторлық қарызы 200 млн тең­геден асып кетті. Бірақ заң­ды­­­лық жағынан қарасақ, бұған «Теміржол жөндеу» компаниясы басшылығының кінәсі жоқ. Өйт­кені олар барлық атқарылған жол құрылысы жұмысы үшін тиісті қа­ражатты толық көлемде «ADFstroy» компаниясының есеп­шо­ты­на аударған. Сондықтан бұл іске мемлекеттік басқару орындары да, прокуратура да араласа алмай­ды. Бұл субмердігер фирмалар «ADFstroy» компаниясының үстінен сотқа шағымдануы керек, – дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев.

Міне, Батыс Қазақстан облысында «ғасыр жолы» деп әспет­теген автожол құрылысы төңіре­гін­де осындай дау-дамай болып жатыр. Жақында ғана Орал қаласына келген Индустрия және инфра­құры­лымдық даму вице-министрі Берік Камалиев те бұл мәселенің оң шешілуіне көмектесуге уәде берген болатын. Оралдық кәсіпкерлер қазір елордадан жақсы хабар күтіп жүр. Ал жергілікті халық жол азабын тартуда.

 

Батыс Қазақстан облысы