Саяси жаңғыру үшін сайлау жүйесін жетілдіру қажеттігі – Мемлекет басшысының Жолдауында баса айтылған тақырыптың бірі. Себебі қоғам әр сайлаудан тың леп, соны серпін күтеді. Парламент қабырғасындағы депутаттан бастап, қарапайым ауыл әкіміне дейін сайлау – мемлекет өміріндегі маңызды қадам. Осыған тоқталып өткен Ортсайлауком төрағасы халық ішінде сайлауға дұрыс көзқарас қалыптастырудың айрықша маңызын атап өтті.
«Былтырғы шілдеден бері елімізде 730 ауыл әкімі сайланды. Жауапты қызметке жаңа кадрлар келді. Бұл үрдіс жүйелі жалғасып, еліміздің әр түкпіріндегі ауылдарда әкімдерді сайлау процесі жүріп жатыр. Сол сайлаулар қалай өтуде, сайланған әкімдер халыққа қаншалықты жақын яки өз жұмысына көңілдері тола ма деген сауалдарға жауап алу мақсатында аймақтарды аралап, халықпен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Тап қазір республикалық деңгейдегі сайлаулар өтіп жатпаса да, сайлауаралық кезеңде отырмыз. Біз үшін халықтың пікірі маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға ұстай отырып, сайлауға қатысты ұсыныс-тілектерді, ескертпелерді ұдайы қабылдауға дайынбыз», деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Еркін форматта өрбіген қос кездесудің алғашқысына әртүрлі жастағы қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар сайлау заңнамасы және сайлау жүйесін жетілдіру мәселелері төңірегіндегі сауалдарын жолдады. Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету, электронды форматта дауыс беру жайлары әңгіме өзегіне айналды.
Саяси науқанның салмағын саралауға бағытталған жүздесуден мегаполис жастары да қалыс қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кездесуге шаһардағы 20-дан астам оқу орнынан 200-ге тарта студент жастар қатысты.
Кездесу барысында сайлау процесінің өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесіне сәйкес сұралғандардың 45 пайызы электронды дауыс беруді қолдаса, 32-сі аралас дауыс беру форматын таңдаған, ал 12 пайызы дәстүрлі форматта дауыс берудің арықшылығы көп деп санаған. Респонденттердің 70,6 пайызы Президенттікке үміткер мемлекеттік тілді жетік білуге тиіс және лингвистикалық емтихан тапсыруы міндетті деп есептеген. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 49,5 пайызы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, әкім сияқты сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деген пікірлерін білдірген.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау туралы заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде аймақтарда жұрт сенімін иеленіп, сыннан сүрінбей өткен партия өкілдері ғана саяси додада бақ сынауға жолдама алды. Дегенмен сайлау жүйесінде әлі де болса шикіліктің барын Президент жуырдағы Жолдауында атап өтіп, түрлі факторлардың салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендегеніне тоқталған болатын.
Кездесуге келгендер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде әлеуметтік желінің әлеуетін оңтайлы пайдалану арқылы жастардың саяси мәдениетін қалыптастырып, сайлау процестеріне деген қызығушылығын арттыруға болады деген пікір айтты. Жастар электронды дауыс берудің басты артықшылығы оның қолжетімділігі, ал кемшіліктері ақпараттық қауіпсіздікке қатысты қауіп-қатерлермен байланысты екенін де атап өтті. Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының өкілдері егер болашақта электронды дауыс беру үдерісі өріс алар болса аталған жайлар міндетті түрде ескерілетінін мәлімдеді.