Кәсіпкерлік кодексіне сай «Астанаэнергосбыт» ЖШС – бағаларды мемлекеттік тұрғыдан реттей отырып, баға белгілеу тәртібін сақтауға тиіс нарық субъектісі. Қала тұрғындары осы кәсіпорынға сеніп, олар түбіртекке жазып жіберетін төлемақыны ай сайын төлеп отыр. Тұрғындардың көбі «үйдің ортақ қажеттілігіне жұмсалатын энергия шығыны неге көп, электр жарығының төлемақысы неге бірде көп, бірде аз келеді?» деп сұрамайды да. Қандай төлем есептелді, соны төлеп жүре береді. Бірақ соңғы кезде ЖШС үстінен шағымданған тұрғындар көбейген секілді. Сол себепті тиісті мемлекеттік мекеме ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізуді қолға алған. Көп ұзамай оның қорытындысы да жарияланды.
Нәтижені сараптасақ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС электр энергиясын тұтыну көлеміне байланысты тарифтерді саралау кезінде төлем сомаларын есептеу тәртібін өрескел бұзғаны анықталған. Соның салдарынан тұтынушылар электр энергиясына негізсіз жоғары сома төлеп келген. Ай сайынғы энергия шығыны төлемін тексеруге өтінім берген 56 тұтынушының 32-сіне 129 мың теңге мөлшерінде негізсіз төлемақы қойылған.
«Мысалы, тұтынушылардың бірінің төрт айда төлеген артық төлемі 17 мың теңгені құраған. Төлемдерді негізсіз өсіруге байланысты «Астанаэнергосбыт» ЖШС-на қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 167-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, оған сәйкес 2000 АЕК немесе 6 млн теңгеден жоғары мөлшерде айыппұл көзделді», делінген Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жарық көрген хабарламада.
Енді «Астанаэнергосбыт» ЖШС электр энергиясын тұтыну көлемі заңсыз есептелген елордалықтардың төлемін қайта қарап, заңсыз алынған ақшаны тұрғындарға қайтаруға тиіс. Тұтынушылар да түбіртектегі төлемақы артық есептелгенін байқаса, оны қайта есептеу үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға жүгінуге құқысы бар. Ал «Астанаэнергосбыт» төлемақыны қайта есептеуден негізсіз бас тартса, онда азаматтар Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің көмегіне жүгіне алады.
Осының алдында да «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның басы дауға қалған еді. Елордалық тұтынушылар тағы да Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне шағым түсірген. Соған байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізген кезде кәсіпорыннан Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзу фактілері анықталған. «Астанаэнергосбыт» ЖШС 2021 жылғы қараша, желтоқсан айларында және 2022 жылғы қаңтар айында тұтынушыларға электр энергиясын пайдалану қағидаларының 64-тармағына сәйкес орташа тәуліктік есептеу бойынша көрсеткіштер қойған. Негізінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Электр энергетикасы туралы» заңы және Тұрмыстық тұтынушыларға арналған электрмен жабдықтаудың үлгілік шарты бойынша тұтынушылардың тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеуі коммерциялық есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізілуге тиіс. Осылайша, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 167-бабы бойынша 6 126 000 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», делінген ҰЭМ сайтындағы мәліметте.
Алайда «Астанаэнергосбыт» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспеген. Материалдарды Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға беру туралы өтініш жасаған.