Білім • 21 Сәуір, 2022

Марғұлан оқулары өтті

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәстүрлі шара биыл да ауқымдылығымен ерекшеленді. Екі күн қатарынан өткен «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетімен бірлесе ұйымдастырылып, ғалымдар еліміздің архео­ло­гия саласындағы жетістіктер мен алда жоспарланған зерттеулерге зер салды.

Марғұлан оқулары өтті

Жиында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы қол жеткен табысты зерттеулерді тілге тиек етіп, археология ғылымын дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде архео­логия, этнология бойынша бес университет мамандар даярлауда. Бұған қоса бұл саламен айналысатын ға­лым­дардың 49,5 пайызын жастар құрайды. Саланы дамытуға байланысты министрлік жолға қой­ған міндеттерді жүзеге асыру барысында мамандарды мектептен бас­тап даяр­лау, студенттер, жас ға­­лым­дар­мен жұмыс істеу, одан бөлек жетекші ғалымдарға жағдай жасау, жобаларға тарту жөніндегі жұмыстар бірте-бірте жанданып келеді. Осы орайда Ақан Оңғарұлы «Археология саласы бойынша арнайы топты даярлау қажеттігіне қатысты ұсыныс енгізіп отырмыз. Яғни негізгі мақсатымыз – архео­логияға салалық мамандарды даярлау», деп атап өтті.

Конференция барысында өткен жылы ел аумағында және көршілес мемле­кеттерде жүргізілген архео­ло­гиялық жұмыстардың нәти­же­лері баяндалып, ғалымдардың аш­қан жаңалықтары және зерттеу тәжірибелері ғылыми қауым­дас­тық­тың назарына ұсынылды.

Осы жиында ғалымның қызы, медицина ғылымдарының докторы Дәнел Әлкейқызы сөз алып, әкесінің еңбектеріне деген қызы­ғу­шылықтың зор екенін атап өтті.

«Әкем көп еңбек етті. Көзі ті­рісінде барлық кітапты шығара­мын деп ойламаса керек. Бәлкім кейінгі ұрпаққа үміт артқаны болар. Отыз жыл бойы әкемнің жазбаларын өңдеп, архив мұраларын жасадым. Бүгінде ғылыми еңбек­те­рі 14 том болып жарық көрді. Мұрағатпен жұмыс барысында соншама мазмұнды әрі кең ауқымды дүниелердің көптігіне көз жеткіздім. Небір сирек деректерді кездестіргенде осының барлығы әкемнің еңбегі екеніне сену қиын еді. Қазір ойлап қарасам, баға жетпес құнды дүниелер еке­­ніне қайран қаламын. Әкем менің болашағым туралы көп армандайтын. Менің таңдауымды дұрыс деп айта алмай кеткені, әрине, өкінішті. Өз шәкірттері мен ғалымдарға білгенін үйретіп, ғылыми зерттеулер төңірегінде ақыл-кеңес беріп, жауап жазудан еш жалықпаған әке еңбегіне деген құрметім шексіз. Ұстаздық өмірінде мыңдаған шәкіртке білім берген ғалым ретіндегі еңбектері болашақ ұрпақ үшін азық болатыны анық», деді Д.Марғұлан.

Әлкей Марғұлан еңбектерін зерт­­теуді Дәнел Әлкейқызы Ш.Уә­ли­ханов атындағы тарих инсти­туты қызметкерлерімен бірлесе жүргізіп, том-том етіп құ­рас­­тырып, әке мұрасын жандан­дыруды жал­ғас­тырып келеді. Ғалым­ның этноархеология саласын­дағы зерт­теу­лері, қазақ халқының мәде­ниеті мен тұрмысы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан таным беретін ескерт­кіш­тері туралы құн­ды еңбектері, жазба деректері ұлт болашағы үшін өте құнды.

Конференция жұмысына елі­мізд­ің жетекші ғалымдары, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, Бельгия, Италия, Қырғызстан, Ұлы­бри­тания, Өзбекстан және Ресей ғалымдары қатысып, әлемдік археология жаңа­лық­тарымен бөлісті.