10 Сәуір, 2014

Әскерге бөлінген қаржы мақсатқа сай пайдаланылуы тиіс

370 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
МерзадиновСоңғы жылдары Қазақстан әскерінің қуаты артып, күші нығайды. Бұған талас жоқ, өйткені, олар қаржыдан таршылық көріп жатқан жоқ. Тіпті, үш жылдық бюджет жиынтығы бір триллион теңгеге жақындады. Осылайша, мемлекет қарулы күштер мен әскери қызметшілер үшін барлығын жасауда. Мәселен, тек өткен жылы ғана 7 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 5430 адамға тұрғын үй жалдауға өтемақы төленді. Қарулы Күштер офицері айлық жалақысының орташа мөлшері – 170 мың теңге. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету ел азаматтарының барлық санаты арасында ең жоғары деңгейде. Мұндай қамқорлыққа жауап ретінде Қазақстан халқы армиямыздан – жоғары жауынгерлік дайындық, ал әскери қызметшілерден – кіршіксіз тазалық күтуге құқылы екені өте орынды. Дегенмен, жасыратыны жоқ, әскери салада кемшіліктер де, кемістіктер де жоқ емес. Осы орайда, біз мұндай келеңсіздіктердің алдын алатын, заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалайтын еліміздің Бас әскери прокуроры Ерғали МЕРЗАДИНОВКЕ жолығып, әскердегі жағдайды құзырлы органның ұдайы назарда ұстауы туралы әңгімелескен едік. – Ерғали Серікбайұлы, Қа­рулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы осы ведомствода өткен жедел-стратегиялық кеңесте: «Мем­лекет басшысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретін­де мені және еліміздің барша азаматын қорғаныс ведомствосында орын алған сыбайлас жемқорлықтың пайда болу жайттары қатты алаң­датады. Қазақстан қоғамы мұны ұлттық қауіпсіздікке тіке­лей төнген қатер ретінде қабылдайды. Қарулы Күштерде мұндай нәрсе мүлде болмауға тиіс. Армияға бөлініп жатқан мемлекеттің қаражаты тек қана мақсатқа сай пайдаланылуы қажет. Ондай жайттар бұдан кейін қайталанбас үшін тиісті шараларды қабылдаған жөн», деді. Бұл орайда, яғни аталған салада заңдардың бұзылмауын, тиісінше орындалуын, сақталуын қадағалайтын құзырлы орган басшысы ретінде не айта аласыз? – Есепті кезеңде әскери про­курорлардың күш-жігері Қа­зақстан Республикасының Қа­рулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмаларын және Бас прокуратураның алқа мәжілісі шешімдерін жүзеге асыруға бағытталды. Соңғы екі жылда біз өз жұмысымызды ор­талықтандырылған жоспарлау қағидасымен ұйымдастырғанбыз. Бұл бізге Қарулы Күштердегі заңдылық пен құқық тәртібі дең­гейіне әсер ететін біраз проблемаларды анықтауға мүмкіндік беріп, оларды әскери ведомство басшыларымен бірлесе ше­шудің жолын көрсетті. Осы ретте, біздің бұл жұмысымыз тұр­ғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мен Қазақстан әскерінің жағымды бейнесін қалыптастыру арқылы ұйымдастырылуда. Бұл жұмысқа барлық өкілетті органдар, қоғамдық ұйымдар жұмылдырылған. – Айтып отырғаныңыздың бәрі орынды, бірақ әскердегі сыбайлас жемқорлық мәселесіне қарай ойыссаңыз? – Иә, жасыратыны жоқ, әс­кердегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымы елеулі, онымен күресте ең қатаң шаралар қолданылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырамыз. Мәселен, өткен жылы миллиондаған пара алу және бюджет қаржысын миллиардтап жымқырумен байланыс­ты генералдар Ильясов, Асенов, Бөлдешов және тағы басқалар басқарған қылмыстық топтар әшкереленіп, биліктерін теріс пайдаланғандары үшін сотталды. Алдын ала тергеу мен про­курорлық тексерулердің нәти­желері көрсеткендей, бұл заң бұзушылықтардың барлығы мемлекеттік сатып алу саласында орын алған. Сол себепті, сыбайлас жемқорлықтың себеп­терін жоюға бағытталған про­филактикалық шараларды жүргізе отырып, біз әскери ведомство басшыларынан қаржылық бақылауды күшейту мен мемлекеттік сатып алудың ашық жүргізілуін, мемлекет қаражатын мақсатқа сай және тиімді пайдалануын талап етудеміз. Аскердеги жемкорлык – Сонда бұл сыбайлас жем­қорлықтың деңгейі қан­дай болып тұр? Соны ашып айт­саңыз және оны төмендету де командирлердің рөлі қандай? – Біздің ұсынысымыз бойын­ша қазіргі кезде Қорғаныс минис­трлігінде әскердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жауапты уәкілетті мемлекеттік органның құрылуы мәселесі қа­ралуда. Бұның әскердегі сыбай­лас жемқорлық деңгейінің тө­мендеуіне сөзсіз әсер ететіндігіне сенімдіміз, ал командирлердің жұмысы тек жауынгерлік әзірлікке бағытталатын болады. Мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға қатысты біз елеулі жұмыс атқардық, эко­но­микалық қауіптің ықтимал ай­мақтарын айқындап, келтірілген залалдың орнын толтыру және алдын алу бойынша әсерлі шараларды анықтадық. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша біз мемлекет кірісіне 750 миллион теңге өндіріп және 5 миллиард теңгенің сапасыз қару-жарағын әскерге жеткізілуіне жол бермедік. Жер қатынастары заңдылығына тексеру жүргізу барысында әс­кери прокурорлар 9 гектар қор­ғаныс жерлерінің мемлекетке қайтарылуына қол жеткізді. Қылмыстық істердің тергелуі барысында процессуалдық шы­ғындарды өндіру бойынша жет­кілікті тәжірибе жинақтап, жалпы істердің 70 пайызынан астамы бойынша шығындар өндірілді. – Әскердегі тәртіпті нығайту жолында қоғамдық институттар жұмыс істей ме? – Әскердегі тәртіпті ны­ғай­ту жолындағы қоғамдық инс­титуттардың үлесі зор. Бас әскери прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңес то­лық күшімен өз жұмысын бас­тап кеткен. Қоғамдық кеңесті Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов басқарады. Қазіргі кезде аталған органның аймақтардағы көшпелі отырыстарын өткізу, шалғайдағы шекара бөлімшелеріне танысу сапарларына шығу кеңінен қолға алынған. Бұған қоса өскелең ұрпақтың отансүйгіштік тәрбиесінде біз құрған Жас әскерилер бірлес­тіктерінің республикалық шта­бының атқарып жатқан рөлі зор. Аталған штабтың ұсынысымен Президент жанындағы жастар сая­саты жөніндегі кеңеспен әскерге шақырылатын жастарға байланыс­ты бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан, сонымен қатар осы жылдың мамырында Мемлекет басшысының қатысуымен әскери-патриоттық форум өткізу жоспарланып отыр. – Мұның бәрі дұрыс қой, дегенмен, әскердегі қылмысты алдын алудың жай-күйіне тоқ­талып өтсеңіз? – Әрине, біз заң бұзушы­лық­тармен күрес мәселелерінде Елба­сының тәртіпсіздікке шы­дамдылық танытпау қағидасын ұстанудамыз. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуды басты талап етіп қойдық. Осы ретте біз «түзетуден гөрі ескерту жақсы» деген қағидатты ұстанамыз. Бүгінгі күнде әрбір құқық бұзушылық бойынша арнайы қызметтік тексерулер жүр­гізіледі және ескерту, яғни алдын алу шаралары қолданылады. Бұл бізге әскери қызметшілердің қаза болуын 26 пайызға, оның ішінде жол-көлік оқиғаларында 15 пайызға, ал жауынгерлік даяр­лықты төмендетуді мүлдем жоюға қол жеткізді. Сөйтіп, әскери қызметшілердің жарақат алу фактілерін 11 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, жасыратыны жоқ, соңғы үш жыл бойы өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары сол деңгейде тұр. Өткен жылда мұндай оқиғаның 25-і орын алса, оның 3-еуі ғана жарғыдан тыс қарым-қатынастар нәтижесінде болған. Аталған фактілердің барлығына тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылуда. Құқық бұзушылықтар мен қыл­мыстардың алдын алу мә­селелерінде заң бұзу­шы­лықтарды жоюға енгізілген ық­пал ету ак­тілерін қамту тә­жірибесі елеулі рөл атқаруда. Біз тергеушілер енгізген заң бұзушылықты жою туралы ұсыныстардың қаралуының 100 пайызға жуығына әскери прокурорлардың қатысуын қам­тамасыз еттік. Оларды қарастыру нәтижесінде 880 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қабылданған шаралар Қарулы Күштердегі қылмыс деңгейінің тұрақталуына қол жеткізді, оның соңғы төрт жылдағы деңгейі 600 қылмыстың о жақ, бұ жағында болып тұр. Дегенмен, өткен жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар санының көбеюі байқалды. – Енді Шекара қызметіне байланысты не айтар едіңіз? – Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы Шекара қызметінің дамуына және мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуге бас­ты назар аударуда. Бірінші кезекте кадрлық құрамды күшейту мәселесі тұр, шекаралық саясатты және аймақтардағы инфраструктураны жетілдіру бойынша тиісті шаралар қолданылуда. Әлі де болса Атырау, Батыс Қа­зақстан, Қызылорда және Маң­ғыстау облыстарындағы шекара заставаларын сәйкестендіру мәселелері шешілмей тұр. Бай­­қоңыр кешеніндегі шекаралық бақылауды ұйымдастыру проб­лемалары толығымен шешімін таппаған. – Ал шекарадағы ақша жинау мәселесіне не дейсіз? – Өкінішке қарай, мұндай фак­тілерден толығымен арылған жоқпыз. Аталған проблемамен басшылық құраммен қоса, тиісті жедел-іздестіру қызметтерімен бірлесе шұғылданудамыз. Мы­салы, қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қап­ланбек» ше­кара бақылау бөлім­шесінің қызметкерлерінің қа­тысуымен ұйымдасқан қыл­мыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Аталған топ заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған. Осыған ұқсас тағы да бірнеше қылмыстық істер тергелу барысында. Тергеудің нәтижесі туралы міндетті түрде жұртшылыққа хабарланатын болады. – Әскери прокурорлардың халықаралық оқу-жатты­­ғулар­ға қатысуы қандай деңгейде? – Өткен жылы біз алғашқы рет халықаралық оқу-жаттығу барысында әскери контингенттің қызметіне қадағалауды реттедік. Белоруссиядағы «Әрекет­тес­тік-2013» және Ресейдегі «Мыз­ғымас бауырластық» секіл­ді оқу-жаттығуларындағы өз әскер­леріміздің қызметіне қадағалау ұйымдастырылды. Болашақта әскери прокурорлар бітімгершілік операциялар шеңберінде де қадағалауды жүргізуге дайын. – Дұрыс екен, ал кадрлар мәселесі ше? – Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында зор өкі­леттілік пен құқық иеленген шенділер жоғары кәсіби дең­гейімен ғана емес, мінсіз мінез-құлқымен ерекшеленуге тиіс деп тағы бір рет баса көрсетті. Біз қашанда болса осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып әскери прокуратура органдарындағы кадрлық саясатты жүргізудеміз. Жеке құраммен жұмыстың дәстүрлі формаларымен қатар, моралдық-психологиялық ахуалды күшейтуге, қызметкерлердің әскери-тактикалық, саптық және дене даярлықтарына көп назар аударамыз. Қорғаныс министрімен және Ішкі әскерлердің Бас қолбасшымен келісілген Құр­лық және Ішкі әскерлердің әскери институттарының базаларында әскери прокуратура қызметкерлерін оқыту жүр­гізілуде. Тұрғын үй мәселелері де өз шешімін табуда. Бүгінгі таңда 45 әскери прокуратура қызметкері тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алады. Прокуратураның беделін көтеру және прокурорлық кәсіпті насихаттау мәселелерінде №71 лицей-мектебімен бірлесе алғашқы рет «Әскери прокуратура кадеті» арнаулы сыныбын ашу туралы жаңа жоба жүзеге асуда. Біздің кадеттер сәйкесінше киім-кешекпен, оқу-әдістемелік құралдарымен және қарудың макеттерімен қамтамасыз етілген. Олардың бейінді дайындықтарымен білікті прокурорлық қызметкерлерден құралған арнайы топ шұғылданады. Аталған жоба ойдағыдай іске асатын болса біз осы секілді сыныптарды басқа да аймақтарда ашамыз деген ойдамыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».