Жаңадан пайда болған бұл мемлекеттік қызметті Семей сынақ полигоны аумағында 1949-1990 жылдар аралығында тұрған азаматтар пайдалана алады.
«Мемлекеттік қызметтің көмегімен азаматтарға жеңілдіктер мен өтемақылар алу құқын растайтын куәлік алу мүмкіндігі беріледі. Жаңа қызмет eGov.kz порталында тегін көрсетіледі және 2022 жылдан бастап қолжетімді. Қызмет іске қосылғаннан бері 311 азамат онлайн режімінде куәлік пен өтемақы алуға өтініш берді. Осындай қызмет еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталығында да көрсетіледі. Бірақ былтыр 7 мыңға жуық адам қағаз түрінде өтініш берген», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Оның айтуынша, бұрын мұндай қызмет түрі қағаз түрінде ғана көрсетіліп келген. Кейін азаматтарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қызмет түрі онлайн форматқа көшірілген.
Қызметті пайдалану үшін egov.kz порталына кіріп, басты беттегі «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімін ашып, «Отбасыларға көмек» тармағын таңдау қажет. Осы бөлімнің ішінде қажет қызмет түрі жазылған. Әрі қарай пайдаланушы порталда тіркеуден өтіп, онлайн қызметке тапсырыс береді. Барлық қажетті жолды толтырғаннан кейін ЭЦҚ немесе екі факторлы аутентификация көмегімен өтінімге қол қояды.
«Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі 20 жұмыс күні ішінде дайын болады және пайдаланушының «Жеке кабинетінде» хабарлама түрінде сақталады. Хабарламаны алғаннан кейін өтініш беруші тұрғылықты мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, жеке куәліктің телнұсқасын алуы қажет. Біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы өңірлер, республикалық маңызы бар қалалар және мемлекет астанасы бойынша өтемақы төлеу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады», дейді мамандар.