Елорда • 21 Сәуір, 2022

Елордада қандай нысындар бой көтеретіні белгілі болды

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда әкімдігі көппәтерлі тұрғын үй кешендері құрылысының орнына әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер - гүлзарлар, желекжолдар, аулалар салу бойынша бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада қандай нысындар бой көтеретіні белгілі болды

Осы бағытта әкімдік қызметкерлерімен, оның ішінде аудандық әкімдіктермен және құрылыс салушылармен кездесулер, талқылаулар өтеді.

«Айта кету керек, қабылданған шешімдер тек нүктелі құрылыс туралы мәселе қозғалғанда ғана қайта қаралады. Себебі қаланың бас жоспарына сәйкес ықшам құрылысқа рұқсат етіледі. Сондықтан әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер тапшылығы бар аумақтарда тұрғын үй кешенін салу туралы құрылыс салушылардың ұсынысы қабылданған жоқ», деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ондағы деректерге сүйенсек, қаладағы Байтұрсынов көшесі, 7 жер учаскесінде көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына мектеп салынады. Бұдан бөлек, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін жалпы білім беретін тағы бір мектеп салынады. Сол сияқты Ақбұлақ ықшамауданындағы Қ. Жалайыр көшесінде «Iconic» тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған. Онда мастер-жоспар бойынша гүлзар салынады.

«Есіл ауданы бойынша Мәңгілік Ел даңғылындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназия арасындағы учаскеде серуендеу және демалу үшін қоғамдық кеңістік ашылады. Күмісбеков көшесі, 9 мекенжайындағы 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен гүлзар салынады. М.Горький – Косыгин – Челюскинцев – Ишимская көшелерінің квадратында тұрғын үй кешенінің орнына гүлзар пайда болады. Сонымен қатар Бас прокуратура мен Jysan Bank ғимараттары арасындағы Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында орналасқан аумақта көппәтерлі тұрғын үй кешенінің орнына тағы бір мектеп тұрғызылады», делінген хабарламада.

Жарияланымда елорданың желілік паркінде тұрғын үй құрылысы болмайтыны, яғни «Абу Даби Плазадан» бастап ботаникалық баққа дейін желілік парктің барлық тұсында көппәтерлі тұрғын үй кешені салынбайтыны айтылған. «Caspian Palace» ТК мен «Palazzo degli Affari» бизнес орталығы арасындағы аумақта Сығанақ, Ә.Бөкейхан, Керей-Жәнібек хандар көшелері және Мәңгілік ел даңғылы квадратындағы «Қалалық романс» ТК маңында бұрын жоспарланған құрылыстың орнына мектеп болады. Жер – құрылыс салушының жеке меншігі.

«Бұқар жырау және Ә.Бөкейхан көшелерінің қиылысындағы Ақниет көшесінің бойында жалпы білім беретін мектеп, балабақша мен бульвар орналастыру қарастырылған. Жер – құрылыс салушының жекеменшігі, бұрын тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылындағы Керей, Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің арасына медициналық орталық салынады. Жоғарыда аталған барлық жобалар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу бойынша әкімшілік процестер жүргізіліп жатыр», деп атап өткен әкімдік.