Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Онда Қылмыстық кодекстің жобасы және қылмыс заңнамаларын жетілдіруге қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер қаралды.
Алдымен күн тәртібінде Нұрлан Нығматулиннің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалуына байланысты Мәжілістің бұрынғы Төрағасының депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды Орталық сайлау комиссиясы ұсынған-ды. Дауыс беру нәтижесінде ол оң шешімін тауып, арнайы қаулы қабылданды.
Бұдан кейін депутаттар рұқсат беру, терроризмге қарсы іс-қимыл және бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар заңдық құжаттар жобасына қорытынды әзірлеу мерзімін анықтап, тиісті комитеттерге бекітіп берді.
Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын екінші оқылымда депутаттар назарына ұсынған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров талқылау барысында 350-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілгендігін жеткізді.
Онда Мәжіліс депутаттары үшін ең өзекті мәселелердің бірі ретінде түрмедегі адамдардың санын азайтуға екпін берілгені ерекше аталды. Сондай-ақ, қоғамда қызу пікір туғызған қамау жазасының жоғары мерзімі екі есе, яғни алты айдан тоқсан тәулікке дейін қысқартылғаны да алға тартылды. Сонымен қатар, Әкімшілік кодекстен Үкімет тарапынан қылмыстық-теріс қылық сипатында Қылмыстық кодекске ауыстыруға 58 қылмыстық құрамның 10-ы Әкімшілік кодекске кері қайтарылған. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2013 жылы аталған 10 әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлері бойынша 56 мың азамат әкімшілік қамауға алынған екен. Бұл – жалпы Әкімшілік кодекстің Қылмыстық кодекстің жобасына енгізілген 58 әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлерін орындағаны үшін әкімшілік қамауға алынған адамдардың жалпы санының төрттен үші. Сонымен бірге, кейбір қылмыстық теріс қылық түрлерінің қоғамға қауіптілік дәрежесінің жоғары еместігі ескеріліп, бес қылмыстық теріс қылық түрлерінің құрамынан қамау жазасы алынып тасталады. Алдағы таңда қамау түріндегі жазаны іске асыруды жүргізетін Ішкі істер министрлігі ұсыныс бойынша қамау жазасын 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, кодекс жобасындағы барлық мүлікті емес, заңсыз жолмен алынған немесе табылған ақша есебінен алынған мүлікті, қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған құралдарды ғана тәркілеу қолдау тапты. Бұл норма 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін болады.
Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу көзделеді. Терроризммен және экстремизммен байланысты қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту де назардан тыс қалмаған. Бұл ретте бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттылық ұстаным кеңейтіліп отыр. Есесіне ауыр қылмыстарға, оның қайталануына, ұйымдасқан қылмысқа пен сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шаралар қатаңдатылған. Қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал адамдардың басқа да санаттарына қылмыстық саясатты ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жазалау қатаңдатылған. Және де ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау қарастырылған.
Сонымен қатар, күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда қолдау тапты. Депутат Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, жасөспірімдерге білім беру, оларды тәрбиелеу мен демалыс шаралары секілді және тағы да басқа салаларда олармен жұмыс істеу мүмкіндігіне шектеу қою шеңберін кеңейту қарастырылады. Депутаттың айтуынша, ондай жұмыстарды кісі өлтірген, біреудің денсаулығына қасақана зақым келтірген, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсылық көрсеткен, адам саудасымен айналысқан адамдардың істеуіне жол берілмейтін болады. Және де халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыс істеген адамдар да осындай шектеулерге жатады.
Заң жобасымен есірткі мен психотроптық заттардың бара-бар түрлері туралы түзету енгізілгендігі де аталмай қалмады. Осылайша, елімізде есірткі заттардың айналымынан бөлек, олардың бара-бар түрлерімен күрес те күшейтілмек. Депутаттың мәліметіне қарағанда, есірткіге қатты ұқсас заттардың да адам өмірі мен денсаулығына келтіретін залалы есірткіден кем түспейді. Бұл – мемлекетіміздің алдына БҰҰ қойып отырған талаптарының бірі, деді депутат Н.Әбдіров өз сөзінде.
Күн тәртібінің соңғы мәселесі «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы екiншi оқылымда мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».