Болжамға сүйенсек, әлемдік өсім 2021 жылы бағаланған 6,1 пайыздан 2022 және 2023 жылдары 3,6 пайызға дейін төмендейді. Қор сарапшыларының сөзіне қарағанда, Украинадағы соғыс аса күрделі гуманитарлық дағдарыстың туындауына себеп болды. Сондықтан экономикалық шығын да күрт көбейіп, өсім баяулайды. Бұл өз кезегінде инфляцияның қарқын алуына жол ашып береді. Қазірдің өзінде әлемнің көптеген елінде отын мен азық-түлік бағасы қатты өсіп жатыр. Мұндай қымбатшылықтың әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға соққы болып тиері сөзсіз.
Орта мерзімді перспективада келер жылы жаһан экономикасы 3,3 пайызға төмендейді деп күтіледі. Соғыс салдарынан туындаған баға өсімі қымбатшылыққа одан сайын жел беріп, инфляция деңгейі экономикасы дамыған елдерде – 5-7, нарығы енді еңсе тіктеп келе жатқан елдерде – 8-7, ал дамушы нарықтарда 9-10 пайыз межесінде қалыптаспақ. Бұл ретте гуманитарлық дағдарыстың жолын кесу, экономикалық құлдыраудың алдын алу, жаһандық өтімділікті қолдау, қарыз дағдарысын сәтті басқара білу, климаттың өзгеруімен күресу және пандемияны тоқтату ерекше маңызға ие болмақ.
Сондай-ақ батыс тарапынан Мәскеуге салынып жатқан санкциялар ағыны көмірсутегі бағасының кенеттен қымбаттап кетуіне әсер етті. Баяндамаға зер салсақ, былтырмен салыстырғанда биыл мұнай бағасы 55, ал газ бағасы 147 пайызға қымбаттайды. Бұл ретте Ресей газы мен мұнайынан толықтай бас тарту шарасы Еуропада және дамушы нарықтарда, сонымен қатар АҚШ-та пайыздық ставкалардың жоғарылауына, инфляцияның жеделдеуіне себеп болатынын ескертеді.
Бұған дейін Дүниежүзілік банктің басшысы Дэвид Милпасс та 2022 жылы әлем экономикасының өсімі 4,1-ден 3,2 пайызға төмендейді деп болжам айтқан еді. Бұған себеп болатын басты факторлар – Украинадағы дағдарыс, Қытайдағы COVID-19-ға байланысты пайда болған локдаун, энергия тасымалдаушылар, тыңайтқыш пен азық-түлік бағасының өсуі.