18 Мамыр, 2010

БАЛАНЫҢ ТАУЫ ШАҒЫЛМАСЫН ДЕСЕК

580 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты ғимаратында Балалар құқығы туралы конвенцияның 20 жылдығына орай “Балалық шақты қорғау және іске асыру жолдары” тақырыбында орталықазиялық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Біздің  еліміз БҰҰ-ның Бала құқығы туралы конвенциясына қосылғаннан бергі аралықта бұл мәселеде халықаралық ұйымға екі рет атқарылған істер хақында баян еткен. Оның алғашықысы 2003 жылы болса, екіншісі 2007 жылы баяндалған. Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінде бала­лар­дың дамуына қолайлы саясаттың дамуына жол ашу мәселелерін сөз еткен конференцияда Білім және ғылым министрлігі Балалар құ­қын қорғау комитетінің төрайы­мы Раиса Шер бүгінгі күні мектеп жасына дейінгісі, мектеп жасын­дағысы, сондай-ақ оқитыны бар 18 жасқа толмаған 4 миллион 755 мың 902 бала бар екендігін айтты. Оның  ішінде өткен жылы даму мүмкіндігі шектеулі 150 мыңға жуық жасөс­пі­рім барлығы анық­талса, 42 мыңнан астам бала же­тім немесе ата-ана­сының қамқор­лы­ғынсыз қалғандар екен. Әйтсе де, осы 42 мың жас­өспірімнің бар­лығы балалар үйінде тәрбие­ле­ніп жатқан жоқ. Кіш­кен­тай­лары­нан тағдыр иықтарына сал­мағын салған бұл жеткіншектердің 25 мыңы Қазақстан азаматтарының қамқорлығына алынған. Сондай-ақ 2 мыңнан астам бала рес­пуб­ли­ка­дағы отбасыларда тәрбие­лену­де. Ал 15 мың бала ден­сау­лық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру жүйелерінің ұйым­дарында тәр­биеленіп, сонда өмір кешуде. Өкі­нішке қарай, осы 15 мыңның ішін­дегі тек 2 мыңнан астамы же­тім­дер, ал қалған­дары­ның ата-ана­лары бар көрінеді. Амал не, “Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадал­сын”, дейтін ата-ана түзу жолдан тайса, бауыр еті ба­ла­сының жайын қайдан ойласын?! Комитет басшысының ай­туын­ша, БҰҰ-ның Балалар құқы жөніндегі комитетінің ұсынысына сәйкес елімізде Ұлттық іс-қимыл жоспары іске асырылуы керек. “Бү­гінде осындай ұлттық іс-қи­мыл жоспарына 2007-2011 жыл­дар­ға арналған “Қазақстан бала­ла­ры” бағдарламасын жатқызуға болады. Биылғы жылы бұл бағдар­ла­маның  екінші кезеңі баста­лады”, – деді Раиса Шер. Қазіргі кезде елімізде балалар мәселесімен айналысатын 600-ге тарта үкіметтік емес ұйым бар екен. Еліміздегі заң шығарушы және атқарушы органдардың өкіл­дері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі комиссия ҚР Президенті жа­нын­дағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, үкіметтік емес және ха­лықаралық ұйымдар өкілдері қа­тысқан конференция адам құ­қығының негізінде балалар құқықтарын қорғау институтының жұмысын өрістетудің маңызына баса мән берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.