Аймақтар • 22 Сәуір, 2022

БҚО-да жол мәселесі 2 жыл ішінде түбегейлі өзгеруі тиіс - Әлихан Смайылов

1132 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да жол мәселесі 2 жыл ішінде түбегейлі өзгеруі тиіс - Әлихан Смайылов

Еске сала кетейік, кеше Президент «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Күре жолдағы күрсініс» атты мақалаға назар аударып, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және облыс басшысына тапсырмалар жүктеген еді.

Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысына келген бойда өңірдегі автожолдар мәселесіне назар аударды. Құрылысы биыл басталғалы отырған 144 шақырымдық «Подстепное – Теректі – РФ шекарасы» жолының бойына аялдап, облыс аумағындағы автожолдардың сапасы мен оларды жөндеу барысымен танысты.

,

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, Батыс Қазақстан облысында автожолдардың жалпы ұзындығы 6176 км. Оның 1414 шақырымы – республикалық дәрежедегі жолдар санатында болса, ал 4762 шақырым жол жергілікті деңгейде. Міне, осы республикалық жолдардың – 182 шақырымы, облыстық және аудандық жолдардың – 2887 шақырымы мүлдем қанағаттанарлықсыз. Жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады.

Ең көкейкесті мәселе – Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Орал қаласымен жалғайтын күре жолдың құрылысы 2019 жылы Президент тапсырмасымен басталған болатын. Жоба бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс 248 шақырымдық жолдың бүгінде 20%-ы ғана салынған.

,

- Автожол – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселенің бірі. Бұған бәріміз де кінәліміз. Биыл бұл жұмыстарды негізінен орындауымыз керек. Үш жыл бұрын басталған жоба қаржыландыру мәселесінен бітпей жатыр. Сондықтан биыл 15 млрд теңге қосымша бөліп отырмыз. Техникалық мүмкіндік бар болса, жұмысты бұдан да тездету керек. Қосымша қаражатты біз табамыз. Ал мынау Подстепное-Ресей шекарасы арасындағы республикалық жолға біз бюджетті нақтылаған кезде 6 млрд теңге бөлдік. Қазір «Қазавтожол» барлық жұмысты бастады. Бұған қосымша «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясымен де сөйлесеміз. Және жетпеген ақшаны республикалық бюджеттен тағы да қосымша бөлеміз. Сонымен биыл және келесі жылы өңірдегі автожолдар мәселесін түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Ғали Нәжімеденұлы, өңірдегі жол құрылысын ерекше назарда ұстауыңыз керек. Министрлік арқылы тиісті қаражат бөлу мәселесін дер кезінде көтеріп, және бөлінген қаржыны орнымен пайдалануын өзіңіз қадағалауыңыз қажет, - деп тапсырды Әлихан Смайылов Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевке.

«Қазавтожол» Қазақстан Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың айтуынша, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына салынып жатқан жол құрылысының кешеуілдеуіне бірнеше себеп бар. Бастапқыда, 2019 жылы қаржыландыру тапшы болған, одан кейін баға қымбаттаған, дүниежүзілік пандемия киліккен, мердігер компаниялардың жауапсыздығы тағы бар. 2019 жылы Мемлекет басшысының сынына ұшыраған жол. Содан бастап қаржы бөлінуі тиісті еді, сәл тоқтап қалды. Бұл дүниежүзілік пандемияға байланысты, жұмысшылар да ауырды, қаржыландыру да сәл кешікті. Содан кейін жанар-жағармай қымбаттап кетті. Осының бәрі қосылып, жол құрылысы тоқтап қалған болатын.

- Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына баратын 248 км жолды күрделі жөндеу бойынша бүгінге дейін 57 млрд теңге бөлінді. Объективті және субъективті факторларға орай 2019 жылдан бері ол жерде жұмыс өте нашар жүрді. Биыл тапсырыс беруші «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы барлық жағдайды, соның ішінде жол құрылысына қажетті инертті материалдарды тасымалдау құны мен бағаның өсуін саралап, тиісті қорытынды шығарды. Биыл жол жөндеу құрылысы күшейтілген режимде жалғасады. Жоспар бойынша 113 шақырым жолды бітіріп, биыл пайдалануға береміз. Өздеріңіз білесіз, жол құрылысына қажетті тас негізінен Ақтөбе облысынан әкелінеді. Ол материал Ресей территориясы арқылы теміржолмен өтуі тиіс. Бұл жерде вагон тапшылығы, екі ел вагондарының стандарттары сәйкеспеуі секілді мәселелер туындаған еді. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен талқылап, барлық түйіткілді шештік. Бүгінгі таңда 260 вагон жүріп жатыр, оның саны өсе береді. Жол құрылысы кезінде келісім-шарт міндеттеріне жауапсыз қарағаны үшін «Теміржол жөндеу» компаниясын жобадан алып тастадық. Қазір жолдың ол бөлігін салу үшін электронды тендер өтіп жатыр, жаңа мердігер екі аптаның ішінде белгілі болады. Осылайша біз келесі жылы барлық 248 километр жолды тапсыруды жоспарлап отырмыз, - деді «Қазавтожол» Қазақстан Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев.

Президент тапсырмасынан кейін Батыс Қазақстан облысының автожолдарын жөндеу мәселесі ерекше серпін алғанын байқадық. Биыл өңірде жалпы ұзындығы 679 шақырым жолға жөндеу басталмақ, оның 451-і республикалық, 228 шақырымы жергілікті жолдар. Осы мақсатқа республика бюджетінен 28 млрд, жергілікті көздерден 15 млрд теңге – жалпы көлемі 43 млрд теңге бөлініп отыр екен. Премьер-министр айтқандай, бұл да шегі емес. Егер мердігер компаниялар жұмысын ширатып, игере алса, қосымша қаржы тағы қаралмақ.

Сөз басында айтылған 144 шақырымдық «Подстепное – Теректі – РФ шекарасы» жолына келсек, бұл жолдың бойында 94 мың тұрғыны бар 50 елдімекен бар. Әйгілі Қарашығанақ кеніші, өндірісті Ақсай қаласы облыс орталығымен осы жол арқылы байланысады. Күн сайын өз еліміздің және шет мемлекеттердің ондаған мың азаматы жүріп өтетін бұл жолдың да жағдайы қанағаттанарлықсыз күйге жеткен еді. «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы осы жолды 36 шақырымдық 4 бөлікке бөліп, тендер жариялаған. Жолдың бірінші және төртінші бөлігі құрылысы үшін биыл 6 млрд қарастырылған. Тендер 20 мамырда қорытындыланып, жеңімпаз мердігерлер анықталады. Ал қалған екі бөлікке «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаржысын пайдалану мәселесі қарастырылуда.

Әрине, жоғарыда аталған екі жолмен өңір тұрғындарының жол мәселесі түгел шешіле қоймайды. Жайық өзенінің сол жағындағы ауылдар зарыға күтіп отырған Барбастау-Индер жолы мен Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандарын жалғайтын күре жол да көптің көңілінде көптен жүрген түйткіл. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені мың шақырымға жуық созылып жатыр, соның екі-ақ жерінде автокөпір салынған. Ол екі көпір де Орал қаласында. Ал Ақжайық, Тайпақ өңірінің халқы өзеннің арғы бетіне өту үшін сандалып, Атырау облысымен айналады...

Дегенмен, сең қозғалды. Батыс Қазақстан облысының автожолдары саласында түбегейлі бетбұрыс болғалы тұр. Өңір халқы көп кешікпей жол азабынан құтылатын болдық деп үміттеніп отыр. 

P.S. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірде Пойма май комбинаты, №18 мектеп, Орал жылыжай комбинаты, Квант жиһаз фабрикасы, Орал трансформатор зауыты, т.б. секілді бірқатар нысанды аралап, түрлі сала өкілдерімен кездесті. Үкімет басшысының Батыс Қазақстан облысына сапары туралы толық мақала газетімізде жарияланатын болады.

Батыс Қазақстан