Саясат • 25 Сәуір, 2022

Күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдету керек

368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.

Күре жолдарды жөндеу қарқынын жеделдету керек

Еске сала кетейік, Президент «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Күре жолдағы күрсініс» атты мақалаға назар аударып, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысын­дағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және облыс басшысына тапсырмалар жүктеген еді.

Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысына келген бойда өңірдегі автожол­дар мәселесіне назар аударды. Құ­ры­лысы биыл басталғалы отырған 144 шақы­рымдық «Подстепное – Теректі – РФ шекарасы» жолының бойына аялдап, облыс аумағындағы автожолдардың сапасы мен оларды жөндеу барысымен танысты.

Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойын­ша, Батыс Қазақстан облысында авто­жолдардың жалпы ұзындығы – 6 176 шақырым. Оның 1 414 шақырымы – республикалық дәрежедегі жолдар санатында болса, ал 4 762 шақырым жол жергілікті дең­гейде. Міне, осы республикалық жол­дардың 182 шақырымы, облыстық және аудандық жолдардың 2 887 шақырымы мүлдем қанағаттанарлықсыз. Жаңбыр жау­са, ми батпаққа айналады.

Ең көкейкесті мәселе, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Орал қаласымен жалғайтын күре жолдың құрылысы 2019 жылы Президент тапсырмасымен басталған болатын. Жоба бойынша 2021 жылы аяқталуға тиіс 248 шақырымдық жолдың бүгінде 20%-ы ғана салынған.

– Автожол – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселенің бірі. Бұған бәріміз де кінәліміз. Биыл бұл жұмыстарды негізінен орындауымыз керек. Үш жыл бұрын басталған жоба қаржыландыру мәселесінен бітпей жатыр. Сондықтан биыл 15 млрд теңге қосымша бөліп отырмыз. Техникалық мүмкіндік бар болса, жұмысты бұдан да тез­дету керек. Қосымша қаражатты біз та­бамыз. Ал мынау Подстепное-Ресей ше­карасы арасындағы республикалық жолға біз бюджетті нақтылаған кезде 6 млрд теңге бөлдік. Қазір «Қазавтожол» бар­лық жұмысты бастады. Бұған қосымша «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясымен де сөйлесеміз. Және жетпеген ақшаны республикалық бюджеттен тағы да қосымша бөлеміз. Сонымен биыл және келесі жылы өңірдегі автожолдар мәселесін түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Ғали Нәжімеденұлы, өңірдегі жол құрылысын ерекше назарда ұстауыңыз керек. Министрлік арқылы тиісті қара­жат бөлу мәселесін дер кезінде көтеріп, бөлінген қаржыны орнымен пайдалануын өзіңіз қадағалауыңыз қажет, – деп тапсырды Ә.Смайылов Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевке.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың айтуынша, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына салынып жатқан жол құрылысының кешеуілдеуіне бірнеше себеп бар. Бастапқыда, 2019 жылы қаржыландыру тапшы болған, одан кейін баға қымбаттаған, дүниежүзілік пандемия киліккен, мердігер компаниялардың жауапсыздығы тағы бар. 2019 жылы жол Мем­лекет басшысының сынына ұшыра­ған. Содан бастап қаржы бөлінуге тиісті еді, сәл тоқтап қалды. Бұл дүниежүзілік пан­­демияға байланысты, жұмысшылар да ауыр­­ды, қаржыландыру да сәл кешікті. Содан кейін жанар-жағармай қымбаттап кетті. Осының бәрі қосылып, жол құры­лысы тоқтап қалған болатын.

– Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудан­дарына баратын 248 шақырым жолды күрделі жөндеу бойынша бүгінге дейін 57 млрд теңге бөлінді. Объективті және субъективті факторларға орай 2019 жылдан бері ол жерде жұмыс өте нашар жүрді. Биыл тапсырыс беруші «Қазавтожол» барлық жағдайды, соның ішінде жол құрылысына қажетті инертті материалдарды тасымалдау құны мен бағаның өсуін саралап, тиісті қорытынды шығарды. Биыл жол жөндеу құрылысы күшейтілген режімде жалғасады. Жоспар бойынша 113 шақырым жолды бітіріп, биыл пайдалануға береміз. Өздеріңіз білесіз, жол құрылысына қажетті тас негізінен Ақтөбе облысынан әкелінеді. Ол материал Ресей территориясы арқылы теміржолмен өтуге тиіс. Бұл жерде вагон тапшылығы, екі ел вагондарының стандарттары сәй­кеспеуі секілді мәселелер туындаған еді. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен талқылап, барлық түйткілді шештік. Бүгінгі таңда 260 вагон жүріп жатыр, оның саны өсе береді. Жол құрылысы кезінде келісімшарт міндеттеріне жауапсыз қарағаны үшін «Теміржол жөндеу» компаниясын жобадан алып тастадық. Қазір жолдың ол бөлігін салу үшін электронды тендер өтіп жатыр, жаңа мердігер екі аптаның ішінде белгілі болады. Осылайша, біз келесі жылы барлық 248 километр жолды тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Қазавтожол» басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев.

Президент тапсырмасынан кейін Батыс Қазақстан облысының автожолдарын жөндеу мәселесі ерекше серпін алғанын байқадық. Биыл өңірде жалпы ұзындығы 679 шақырым жолға жөндеу басталмақ, оның 451-і республикалық, 228 шақырымы – жергілікті жолдар. Осы мақсатқа республика бюджетінен 28 млрд, жергілікті көздерден 15 млрд теңге – жалпы көлемі 43 млрд теңге бөлінді. Премьер-Министр айтқандай, бұл да шегі емес. Егер мердігер компаниялар жұмысын ширатып, игере алса, қосымша қаржы тағы қаралмақ.

Сөз басында айтылған 144 шақы­рым­дық «Подстепное – Теректі – РФ шекарасы» жолына келсек, бұл жолдың бойында 94 мың тұрғыны бар 50 елді ме­кен бар. Әйгілі Қарашығанақ кеніші, өнді­ріс­ті Ақсай қаласы облыс орталығы­мен осы жол арқылы байланысады. Күн са­йын еліміздің және шет мемлекеттердің ондаған мың азаматы жүріп өтетін бұл жолдың да жағдайы қанағаттанарлықсыз күйге жеткен еді. «Қазавтожол» осы жолды 36 шақырымдық 4 бөлікке бөліп, тендер жариялаған. Жолдың бірінші және төртін­ші бөлігі құрылысы үшін биыл 6 млрд қарастырылған. Тендер 20 мамыр­да қорытындыланып, жеңімпаз мердігер­лер анықталады. Ал қалған екі бөлік­ке «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаржысын пайдалану мәселесі қарастырылуда.

Әрине, жоғарыда аталған екі жолмен өңір тұрғындарының жол мәселесі түгел шешіле қоймайды. Жайық өзенінің сол жағындағы ауылдар зарыға күтіп отырған Барбастау-Индер жолы мен Жаңақала мен Бөкей ордасы аудандарын жалғайтын күре жол да көптің көңілінде көптен жүр­ген түйткіл. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені мың шақырымға жуық созы­лып жатыр, соның екі-ақ жерінде авто­көпір салынған. Екі көпір де Орал қаласында. Ал Ақжайық, Тайпақ өңірінің халқы өзеннің арғы бетіне өту үшін сандалып, Атырау облысымен айналады...

Дегенмен сең қозғалды. Батыс Қазақ­стан облысының автожолдары сала­сында түбегейлі бетбұрыс болғалы тұр. Өңір халқы көп кешікпей жол азабынан құтылатын болдық деп үміттеніп отыр.

Сапар аясында Премьер-Министр Әли­х­ан Смайылов өңірде Пойма май ком­би­на­ты, №18 мектеп, Орал жылыжай ком­би­­­наты, Квант жиһаз фабрикасы, Орал транс­­фор­матор зауыты, т.б. секілді бірқатар ны­сан­­да аралап, түрлі сала өкілдерімен кез­десті.