Ілкі заманның тағылымы мол тарихи мұрасы Оқжетпестің жақпар-жақпар тастарындай қатталып жатыр. Өңірде екі мыңға таяу тарихи-мәдени мұра бар. Оның 1 300-і көне заманнан келісті сыр шертетін қымбат қазына іспетті. Мемлекеттік тізбеге енгізілген 73 туристік маршрут жұмыс істейді. Оның басым көпшілігі ел тарихынан сыр шертетін, адамның көкірегіне өлшеусіз күш-қуат құятын киелі де, қасиетті жерлер. Облыстағы он нысан жалпы ұлттық маңызға ие. Олардың қатарында Абылайхан алаңы, Кенесары үңгірі, «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, ұшар басы қазбауыр бұлттардың етегін тіреген Оқжетпес тауы бар. Ал жас ұрпақты туған жерді сүюге, өскен өлкенің патриоты болуға тәрбиелейтін, астарындағы ишара-ымы шарапатты сезімге кілкіп тұрған әдемі аңыздар қаншама?! Бір Бурабайдың өзінде жалпақ Алаш жұртына мәңгілік азық болар дүние бар.
Абылай хан алаңы – Көкшетау тауының етегінде орналасқан табиғаттың бірегей ескерткіші. 1991 жылы Абылай хан алаңына ұстын орнатылды. «Абылай хан алаңында» ашылған мұражайдың аумағы 288 шаршы метр. Тұтас қабырғада ханның Ресей, Қытай, Бұхара хандықтарының елшілерін қабылдауы көрініс тапқан. Ұлы ханның қолбасшылығымен болған жорықта, тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға барысы мұражайдың бір қабырғасына толығымен безендірілген. Ал дәл ортада Ұлы мемлекет қайраткерінің қолбасшылығымен сап түзеген сарбаздардың бейнесі негізінде «Әскери кеңес» атты мүсіндік композиция сомдалған. Осы мүсіндік композицияны айнала орнатылған бағаналарда хан Абылайға қатысты деректер топтамасы жазылған. Экспозициялық кешенге үш басты нысан кіреді: Абылай хан құлпытасы, тарих залы және қымызхана. Кешеннің ең танымал нысандарының бірі – Абылай ханның тағы болып саналады. Ол табиғи түрде пайда болған ақ түсті тас.
Көп назарын аударатын Кенесары үңгірі – Бурабай көлінен оңтүстік-батысқа қарай жарты шақырымдай жерде. Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі үш метр. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Кенесары үңгірі – туристердің көп баратын орындардың бірі.
Облыстағы жалпы ұлттық маңызға ие, елеулі ескерткіштің бірі – Баубек батыр кесенесі. Батыр 1690-1760 жылдары Кенесары Қасымұлының әскері қатарында талай қырғын соғысты басынан өткерген, кейіннен өзімен аталас туыс-туғандарын жартылай болса да отырықшылыққа бейімдеген белгілі тұлға. Ел алдында үлкен беделі бар Баубек батырды патша шенеуніктері тыныш қоймайды. Көтеріліске қатысқаны үшін Сібірге, Түмен облысына жер аударады. Туған жерінен кетіп бара жатып батыр «Енді қайтып келе алмасам, денем туған жерде қалсын» деп, өз шынашағын өзі шауып, жерге көміп кетіпті дейді. Кейін Түмен жерінде батырдың қайтыс болғанын естіген балалары әкелерінің шынашағын көмген жерге зират орнатады. Жақсы ауылынан оңтүстікке қарай, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан бұрын Қызылту ауылы болып аталған жер 1993 жылдан бері Баубек батырдың есімімен аталады. Кесенесі Есіл өзенінің биік жағасында. Осындай тәлімі мол, киелі жердің бірі – Беспақыр кeceнeci. XIX ғасырдың соңында салынған Беспақыр кесенесі – діни-сәулет ескерткіші болып саналады. Қорғалжын ауданының Абай ауылынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай сегіз шақырым шамасындағы қашықтықта, Қорғалжын-Астана тас жолынан Абай ауылынан бұрылыстан шығысқа қарай 11 шақырым жерде, ашық далада, ескі моланың қоршалған аумағында, Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан. Аңыз бойынша, кесене XIX ғасырдың 30-жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған халық-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен бес батырдың құрметіне тұрғызылған. Өткен тарихты екшеп, көңілінің бір түкпірінде сақтағысы келетін зерек жан Ботағай кесенесіне де соғар еді. Кесене ХІ-ХІІ ғасырларының сәулет ескерткіші болып табылады. Нұра өзенінің сол жағасында, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Ботағай ортағасырлық күмбездік кесене. Ерекшеліктеріне орай Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық кесене болып табылады. 1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақтың ұлы этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов салыпты. Көптеген саяхатшының сызбалары мен сипаттамаларына қарағанда, Ботағай Қазақстанның сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі санатында. XIX ғасырдың ортасына дейін кесене біршама жақсы сақталған.
Екі жыл бойы елді есеңгіретіп, қарғаадым жер ұзатып шығармаған жаман тұмаудың қаупі сейілген соң туризм саласында еңбек ететіндер биылғы жылы есесін қайтармақ.
Үстіміздегі жылдың сәуір айының басынан бері туризм саласында 600-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде жол бойында қызмет көрсету сервисі, туристік фирмалар, «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық парктері мен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы бар. Алыстан ат арытып келген мейманды 5 441 қонақ бөлмесі бар 341 нысан қарсы алмақ.
Қызмет көрсету арқылы түсетін табыс көлемі өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстыратын болсақ, табыс 64 пайызға көбейіп, 10,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл арада соңғы жылдары сапаның да айта қаларлықтай жақсарғанын бөле-жара тілге тиек етуге болады. Әйтпесе, талғампаз туристің көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Бұған дейін курортты өңірдің көркіне қызыққанымен, шаршамай-шалдықпай жету де үлкен мәселе болып есептелетін. Қазір Елорда мен курортты өңірді жалғап жатқан тақтайдай тегіс күрежол бар. Щучье-Бурабай курортты өңірін дамыту жоспарының үшінші кезеңіне сәйкес инженерлік және жол инфрақұрылымы дамудың даңғыл жолына түскен. Биылғы жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6,8 млрд, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Күні бүгінге дейін Щучье-Бурабай курортты аймағындағы 49 шақырым жол жөнделіп, 262,5 шақырым су құбыры қайтадан жаңғыртылды. Өткен жылы осы бағытта 7,8 млрд теңге қаражат бөлінсе, оның 6,4 млн теңгесі игерілді. Үстіміздегі жылы құрылыс және ауыз сумен жабдықтау нысандарына, суағарларды реттеуге, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және экологиялық мәселелерді түбегейлі шешуге байланысты 12 жоба қолға алынып отыр. Бұл мақсатқа 3,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оның 2,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінетін болса, 682,9 млн теңгесі жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Жалғыз Бурабай аймағы ғана емес, аудандарда да дәл осындай жақсылықтың нышаны бар. Айталық, Елордадан Сарыоба стансасына дейін созылған күре жолдың 23 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Көзделген жұмыс сәтімен сабақталса, курортты өңірдің ажары тіпті сәулелене түспек.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы үстіміздегі жылы жалпы көлемі 17,6 млрд теңгені құрайтын жеке инвестициялық қаржыны құйып, 75 жобаны жүзеге асыруды межелеп отыр. Осынау көлемді қаржыға Щучье қаласында заманауи спорт кешені, Ақкөл ауданында емдеу-сауықтыру мекемесі, Целиноград ауданында қонақүй, мейрамхана кешені тәрізді нысандар салынбақ.
Шиырып айтқанда, курортты өңірдің көркі келіскен сайын демалысын сайын далада түсіп қалған бір үзім гауһар тастай құлпыра жайнаған өңірде өткізгісі келетіндердің дені еселене түспек. Бұл адамзат үшін жұмақ жердің ырысын пайдалану болса, екінші жағынан ел қазынасының бүйірін шығаруға деген ұмтылыс.