«Адамды мәжбүрлеу әрекетіне қатысты мәселе назардан тыс қалмақ емес. Қазіргі кезде халықаралық заңнамалар тетігі зерделеніп жатыр. Аталған заңдардың біздің қоғамға қаншалықты сәйкес келетіні нақтылануда. Кісіге тиісу, мәжбүрлеу әрекетіне қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу қаншалықты қажет? Оны қылмыстық кодекске енгізу мәселенің шешілуіне қаншалықты ықпал етеді? Осындай мәселелер талқыға түсуде. Талқылауға сала сарапшылары, психологтер мен заң саласының мамандары үлес қосып келеді», деді Алексей Милюк баспасөз мәслихатында.
ІІМ өкілі зорлауға қатысты жазаның қатаңдатылғанына да тоқталды. «Зорлық жасаушының жазасы жеңіл болмайды. Бүгінде аталған қылмыс бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталған. Әңгіме балаларға қатысты болса тіпті қатаң. Олар қатаң жазаланып, кінәсі кешірілмейді, мерзімінен бұрын босатылмайды», деді ол мәселенің мәнісіне үңіліп.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов келтірген мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың 54 пайызы әйелдер екен.
«Тұрмыстық жанжалдардың туындауының себебі әртүрлі», дейді Ә.Оспанов. «Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 54 пайызы – әйелдер, қалғаны – ер адамдар. Мәселенің көбі отбасылық дау-жанжалдан туындап жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде тек ерлі-зайыптылар арасындағы өзекті мәселелер ғана емес, әке мен бала арасындағы келіспеушілік пен жанжал да бар. Сол секілді бауырлардың арасында да келіспеушілік туындауы мүмкін. Осыған ұқсас жайттар тұрмыстық зорлық, күш көрсетуге жатады», дейді ол.
«Елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында арнайы инспекторлар жұмысына айрықша мән беріліп отыр. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында аталған сала инспекторларының санын көбейту қажет екенін баса айтты. Қазіргі кезде ішкі резервтер есебінен олардың саны екі есе артты. Қазір елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласында 248 инспектор жұмыс істейді», деді Ә.Оспанов.