Аймақтар • 26 Сәуір, 2022

Техника паркін жаңарта алмай отыр

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалық шаруалар машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр. Олар өңірге жұмыс сапарымен барған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысынан көмек сұрады. Шаруалардың шағын және орта бизнесті дамыту, субсидия бөлу бағытындағы проблемалары да шаш-етектен.

Техника паркін жаңарта алмай отыр

«Атамекенді» трансформациялау ая­сында өңірлерді аралап жүрген па­ла­та­ның басқарма төрағасының мін­­детін ат­қарушы Нариман Әбіл­ш­айықовқа жер­гілікті шаруалар бет­пе-бет келіп отыр­ған мәселелерін жеткі­з­ді. Кә­сіп­кер­­лер­дің пікірінше, ауыл ша­руа­шы­лы­ғы­на қажетті техникаларға беріл­етін мем­лекеттік қолдауды қайта қарау қажет.

– Геосаяси жағдайларға байланыс­ты доллар бағамының өзгеруі ауыл ша­­руашылығы техникаларын қымбат­та­тып жіберді. Бұған дейін шетелдік күріш жинау комбайндарының бағасы 130-140 млн теңге шамасында болса, қазір 170-200 млн теңгеге жетті. Мем­лекеттен техникаларға берілетін ин­вес­тициялық субсидияның ережесін қайта қарау керек. Себебі техника құны­ның 25 па­йы­зына дейін субсидиялау­ды көз­­дей­­­тін қолданыстағы ережеде рұқ­сат етіл­ген көлем ескі бағамен көр­се­тіл­­ген, – дейді «Ысамаддин» шаруа қо­жа­­лығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов.

Кәсіпкердің айтуынша, фермер­лер­дің мойнында бұдан бөлек утиль алым және кеден салығы бар. Несие жүк­те­ме­лері де көп. Оның үстіне тех­ни­каның қым­бат­тауы мен субси­дия­ның азаюы сал­дары­нан саладағы кәсіп­керлер машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр.

Өңірлік кеңес мүшелері «Бастау Бизнес» жобасына, пайызсыз немесе 2 пайызбен несие беру, салықтық жеңілдік және коммуналдық төлем шығындарын субсидиялау, несиені екінші деңгейлі банктермен қатар шағын қаржы ұйымдары арқылы беруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

– Бүгінгі экономикалық ахуал кәсіп­керліктің барлық дерлік саласына ықпал етіп отыр. Сондықтан ай­тыл­ған мәселелердің бәрі Үкімет деңгейінде талқыланады. Сондай-ақ ұлттық палатаның трансформациясына қатысты ұсыныстар ескеріліп, мамырда қорытынды құжат уәкілетті органға жолданады, – дейді Н.Әбілшайықов.

Айта кетейік, ұлттық палата басқар­масы аймақтағы кәсіпкерлермен кез­десіп, трансформациялауға қатыс­ты ұсыныстарын талқылап жатыр. Бұған дейін төралқа төрағасы Райымбек Баталов Ақтөбе облысы, Нұр-Сұлтан қаласының бизнесмендерімен кездес­кен болатын.