Экономика • 26 Сәуір, 2022

Бауырлас елмен арадағы сауда тұрақты

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы биылғы қаңтар-ақпан айларында 126,3 млн долларға жетіп, бұл былтырғы кезеңге қарағанда 6,8%-ға жоғары (2021 жылы – 118,2 млн доллар). Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бауырлас елмен арадағы сауда тұрақты

Жауапты ведомствоның ақпаратына сүйенсек, қаңтар-ақпан кезеңінде елімізден Қырғызстанға бағытталған экспорт көлемі 14,2%-ға төмендеп, 72,6 млн долларды көрсеткен.

Экспорттың азаюы табиғи газ жеткізі­лімі­нің 84,7%-ға немесе 12 млн долларға, сол секілді сүзінділер, эссенциялар, кофе, шай мен кофе алмастырғыштардың 91,4%-ға не­­месе 3,3 млн долларға, бидайдың 89,6%-ға немесе 2,3 млн долларға және кеп­ті­ріл­ген бұршақ көкөністерінің 100%-ға, яғ­ни 1,8 млн долларға төмендеуіне байланыс­ты.

Сонымен бірге өңделмеген немесе жар­тылай өңделген алтынның, оның ұнтақ түрін­­дегі экспортының 4 есеге немесе 3 млн дол­ларға ұлғайғаны, тас көмірдің 2,7 млн дол­ларға, темекі өнімдерінің 1,7 млн дол­лар­ға, құрамында қанты бар сусындар­ды қо­са есептегенде минералды және газ­дал­ған су өнімдерінің 1,3 млн долларға өскені байқ­алды.

Қазақстаннан бауырлас мемлекетке шы­ғарылатын негізгі тауарларға – темекі өнім­дері, тас көмір, құрамында қанты бар сусындарды қоса есептегенде минералды және газдалған сулар, өңделмеген немесе жар­­­ты­лай өңделген алтын, сондай-ақ атал­ған ба­ғалы металдың ұнтақталған түрі, же­­ңіл ав­­то­көлік және макарон өнімдері жатады.

Бұдан бөлек қаңтар-ақпанда айыр қалпақты ағайындар Қазақстанға 53,7 млн доллар сомасына тауар импорттаған.

Десек те бағалы металдар мен кен концентраттарының импорттық көлемі – 18,6%-ға, қоюландырылған және құрғақ сүт пен кілегей өнімі – 82,3%-ға, құрамында қанты бар сусындарды қоса есептегенде минералды және газдалған су өнімдері – 94,4%-ға, нан мен ұннан жасалған кондитерлік өнімдер – 12,9%-ға және жарықтандыру жабдықтары 99,7%-ға төмендепті.

Қырғызстаннан елімізге тасымалданатын им­порттың негізгі түрлеріне бағалы металл мен кен концентраттары (11,5 млн доллар кө­лемінде), мұнай өнімдері (9,9 млн доллар көлемінде), ыстық болатты шыбықтар (8,7 млн көлемінде), жылтыратылған шы­ны (5,8 млн доллар көлемінде), айран, йогурт (2,8 млн доллар көлемінде), нан және ұн­нан жа­салған кондитерлік өнімдер (2,8 млн дол­лар көлемінде), пластмассадан жасал­ған ыдыс түрлері (1,1 млн көлемінде), алка­голь­ді ішім­діктер (693,9 мың доллар көлемінде) кіреді.