![Биржадағы бағам құбылып тұр](/media/2022/04/26/crop-18_13_759x1346_birdga.jpg)
Наурызда Astana International Exchange – AIX-тегі сауда-саттық 7 645 505 долларды құрады. Ақпанда бұл көрсеткіш 13 195 870 долларға тең еді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы сауда-саттық көлемі 10 703 210 долларға немесе 24,8 пайызға төмендеген.
Наурыз айының соңында AIX-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың жалпы нарықтық капиталдандырылуы («Қазатомөнеркәсіп», Polymetal, «Халық банкі», Ferro-Alloy Resources Limited, «Банк ЦентрКредит», Kaspi.kz) 22,7 млрд доллардан асты.
Өткен айда AIXQI индексі қалпына келе бастады. Индекстің мәні 801.1 пункттен 932.51 пунктке (+16,4 пайыз) дейін өсті. 9 компанияның 5-і айды жасыл аймақта аяқтады. Айдың қорытындысы бойынша, Central Asia Metals акциялары айтарлықтай өсті (+13,15 пайыз). Наурызда компания 2021 жылғы қызметінің нәтижелерін жариялады. Онда түсімнің, таза пайданың өскені, акционерлерге дивидендтік төлемдер мөлшерінің артқаны және басқа да қаржы өлшемдерінің жақсарғаны айтылған.
Наурызда «Қазатомөнеркәсіптің» акциялары 9,88 пайызға өсті. Өткен айда ұлттық компания әлемдік уран бағасының рекордтық өсуіне қарамастан түсімінің төмендегені туралы есеп берді. Бұған уранды ұзақ мерзімді келісімшарттарда белгіленген бағаға сәйкес жеткізуі кері әсер еткен.
«Банк ЦентрКредит» акциялары 3,73 пайызға өсті, ал «Халық банктің» акциялары -1,02 пайызға төмендеді. Отандық банк секторы қаңтар оқиғаларынан кейін шамалы әлсіреп қалды. Наурызда қалпына келе бастады. Бірінші тоқсандағы қарыз алушылардың кредиттік белсенділігінің төмендігіне және Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын қатаңдату жөнінде бір жылда екінші рет қабылдаған шешіміне қарамастан (базалық мөлшерлеменің бірден 13,50 пайызға дейін өсуі) ақпан айында несие портфелі 3,26 пайызға дейін өсті.
Kcell (0,59 пайыз) мен «Қазақтелеком» (0,16 пайыз) акциялары наурызда өсім көрсетті. KazTransOil акциялары -3,43 пайыз жоғалтты. Kaspi.kz акциялары 15,44 пайызға төмендеді. Компания Лондон қор биржасында листингтен өткен жаһандық депозитарлық қолхаттарды кері сатып алу бағдарламасын іске қосу мүмкіндігі туралы хабарлады. Компания басшысының мәлімдеуінше, ағымдағы нарықтық капиталдандыру Kaspi.kz қызметінің нәтижелерін тиісті түрде көрсетпейді. Компания ортамерзімді перспективада өсу траекториясының келесі кезеңі үшін неғұрлым қолайлы биржада листингті қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды деп күтілуде.
Ресейге жасалған санкциялық қысым Polymetal бағасына кері әсерін тигізуде. Наурыз және ақпан айларында компания акциялары -13,06 және -65,63 пайызға төмендеді. Десе де ресми мәлімдемеге сүйенсек, санкциялар компанияның қызметіне айтарлықтай әсер етпеген. Polymetal-ға нақты санкция салынуы екіталай. Бірақ мұны жоққа шығаруға да болмайды.