Қаржы • 26 Сәуір, 2022

Сақтандыру секторының табысы өсті

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жыл басынан бері отандық сақтандыру ком­панияларының табысы 158,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл – 2021 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары нәтиже. Ал он жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 есе көп.

Сақтандыру секторының табысы өсті

Тиісінше, шығын да өскен – 31,6 пайызға, сомасы – 117,2 млрд теңге. Үлестірілмеген таза пайда – 39,1 млрд теңгеге тең. 2021 жылдың басымен салыстырғанда екі есе жоғары. Сөйтіп, сектор бесінші жыл қатарынан табысты болып отыр дейді сарапшылар.

Ranking-тің жазуынша, саладағы 27 компанияның 23-і ғана бөлінбеген таза пайда тапқан. Бұл ретте «Евразия» (16,8 млрд теңге), «Виктория» (7,7 млрд теңге) және Jusan Garant (2 млрд теңге) компаниялары көш бас­тайды. 2021 жылдың бастапқы кезеңімен салыстырып қараған­да залалды өтемеген сақтандыру компанияларының саны 10-нан 4-ке қысқарыпты. Алайда осы 4 СК-ның жиынтық шығыны былтырғы көрсеткіштен 3 есе асып түскен.

Биыл әдепкі екі айда қазақ­стандықтар өз өмірлерін сақ­тан­дыру үшін 47 млрд теңгеден ас­там сома берген. Бұл аталған сектор­дың бізде жоғары қарқын­мен дами бастағанын аңғартса ке­рек. Егер 2018 жылға дейін өмір­­ді сақ­тандыру бойынша ком­па­ниялар­ға сыйлықақының түсу көр­сеткіші жылына 100 млрд тең­ге­ден аспаса, одан кейінгі жыл­дары жағ­дай кенет өзгерген. Секторда жи­налған сыйлықақы 2019 жылы – 55,7 пайызға, 2020 жылы – 16 пайызға, 2021 жылы – 66 па­йызға (рекордтық көрсеткіш) өскен.

«Сыйлықақының өсуі халық­тың қаржылық сауаттылығының артуына және нарықта жаңа өнім­дердің пайда болуына байланыс­ты. Бұрын заң талаптарына байланысты өмірді сақтандыратын компаниялар қызметі шектелген еді. Бірақ қазір секторда жаңа мүм­кіндіктер ашылды. Геосаяси түсінік­сіздік, сыртқы шок және ұлт­тық валютаның құбылуы жағ­да­йында жинақтаушы сақтан­дыру қаржыландырудың балама көзі бола бастайды. Яғни оның көмегімен ақшаны сақтап қана қоймай, көбейтуге де болады. Кейбір сақтандыру компаниялары біздің банктердің шетел валю­тасындағы депозиттерінің мар­дымсыз ставкасымен салыс­тырғанда анағұрлым жоғары сыйақы мөлшерлемесін ұсына отырып, доллармен инвестициялау мүмкіндігін береді», деп жазады Ranking.

Өмірді сақтандыру секторында 9 компания жұмыс істеп жатыр. Екі айдың қорытындысы бойынша 14,8 млрд теңге (нарықтың 31,1 пайызы) сыйлықақы жинаған Nomad Life көш бастады. Бұл компания сыйлықақы көлемі бойынша жалпы сектордың үштігіне де кіріп отыр. Компания 6 бағыт бойынша 9 өнім ұсынады. Екінші орында – «Халық- Life» – 14,1 млрд теңге сыйлықақымен. Үштікті 5,2 млрд теңгемен Freedom Finance Life қорытындылайды. Осы үш компанияның өзі бүкіл нарықтың 70 пайызын қамтиды.

«Өмірді сақтандыру нарығы шетелдерде өте жақсы дамыған. Көптеген дамыған және дамушы елде өмірді сақтандыру қа­лып­ты өмір сүру нормасы, ден­саулық пен әл-ауқатты қор­ғау­дың тиімді тәсілі және маңыз­ды инвестициялық құрал болып саналады. Қазақстан біртін­деп Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымы ел­дері­нің деңгейіне жақындап келеді. Жал­пы сақтандыру нары­ғын­дағы өмірді сақтандыру сыйлық­ақы­сының үлесі бізде 46,6 па­йызды құрайды. Бұл көрсеткіш Данияда – 72,8, Ирландияда – 76,6, Люксембургте – 88,4, Син­гапур­де – 77,1, Италияда – 74,4, Ұлы­британияда 70,5 пайызды құрайды», дейді сарапшылар.

Сонымен қатар өмірді сақ­тан­дыру компанияларының ак­тивтері де өсе түскен. Биыл нау­­рыздың басындағы жағдай бойын­ша 791,2 млрд теңгеге жетті. Жал­пы, соңғы үш жылда 33,9 па­йызға артқан. Өмірді сақтандыру н­ары­ғының актив өсімі тұр­ғы­сынан өзге секторлардан нәти­жесі жоғары екенін де байқауға бо­ла­ды. Ranking сарапшыларының бағам­дауынша, бұлардың соңғы бес жылдағы актив өсімі 27,7 па­йыз­ды құраса, екінші деңгейлі банк­тердің активі 9,4, ал жалпы сақ­тандыру ком­панияларының активі 13,2 па­йызға ғана көбейген.