Облыс орталығынан 700 шақырым қашықта, жаңбырлы күндері жолы сорға айналатын қияндағы қос ауылдың халқы нарық кірген жылдары азайғаны болмаса, жылы орнын тастап тұтастай үдере көшіп кеткен жоқ. Талай қиыншылық-ауыртпалықты еңсеріп, Ахаңның ата қонысын сақтап қалды. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 85 үй түтін түтетіп отыр, 500-ден астам халқы бар. Жергілікті жұрт негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл өңірде төрт түліктің тұяғы жететін жердің бәрі жайылым. Шұрайлы шабындығы да мол. Ахмет ауылымен арасы 9 шақырымдай болатын көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Тұрғындар саны шамалас, көптен шешілмей келе жатқан күрмеулі мәселелері де ортақ. Екі ауылға да қатты қиындық тудырып отырған басты мәселе – сапалы жол мен интернеттің жоқтығы.
– Ауылда ұялы байланыс бірде бар, бірде жоқ болып қалады. Интернет мүлде жоқ деп айтуға болады. Жай ғана «уатсаппен» жіберген хабарламаның өзі бір күнде зорға жетеді. Әкімдіктің интернеті де өте баяу. Бір жерге мал апарайық десек, оған ауру, иә ұрлықы мал емес екенін анықтайтын құжат керек. Ол қағаз бір күн бойы жүктелетін болған соң, зорға жетеміз. Кейде екі-үш күн күтіп қаламыз. Интернеттің жоқтығынан кейде бір жапырақ қағаз үшін сонау 120 шақырым жердегі Торғайға баруға тура келеді. Пандемия кезінде студент балаларымыз онлайн оқуға қатыса алмай қалды. Әскерге аттанған ұлдарымыз ант қабылдау рәсімі онлайн өтеді дейді. Бізде оған қосылатын мүмкіндік жоқ. Биыл енді Ахмет атамыздың жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Жердің шалғайлығы, жолдың жоқтығы қанша қиындық тудырса да жергілікті жұрттың басым бөлігі осы киелі мекен елсіз қалмасын деп атажұрттан табан аудармай отыр. Бұл жерде негізінен Үмбетей батырдан тарайтын Ахаңның аталас туыстары тұрады. Осы жағын да ескеріп, биыл жоғарыдағы тиісті орындар елге интернет байланысын орнатып берсе деген үмітіміз бар, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Төлеу Ахметов.
Интернет байланысының тағы бір нүктесі осы ауылдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп ғимаратында. Бірақ мұғалімдер мұның да әлсіз екенін айтып отыр. Бүгінгі ақпарат заманында көп шаруаның бітуі осы интернетке келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан тұрғындар әрбір үйде интернет болса екен деп тілейді.
– Қазір кез келген оқушының өзі интернетпен жұмыс істегісі келеді. Кітапханада оқулықтар жетіспегендіктен оқушы жан-жақты білім алу үшін жоғын интернеттен іздегісі келеді. Қала баласының ой-өрісі неге дамып кеткен? Өйткені ол ақпаратты интернеттен алып тұр ғой. Біздің балаларымызға сол жетпейді. Ұялы телефонға тариф салғанымызбен интернет ашылмайды. Балаларды облыстағы, қалалардағы білім жарыстарына қатыстыру мүмкіндігінен де қағылып отырмыз. Біз бұл жақтан желіге шыққанымызбен, жылдамдық өте баяу болғандықтан, тапсырманы орындап үлгермейміз. Жартысына келгенде байланыс үзіліп кетеді. Қазір мұғалімдер оқушының білімін бағалайтын электронды журналды толтыру үшін осы ауылдағы үш нүктеге кезекке тұрады. Бұл да мұғалімнің жүйкесін тоздыратын үлкен кедергі. Басты талап-өтінішіміз – басқа ауылдардағыдай бізге де осы заманға лайықты интернет қосылса екен, – дейді мектеп музейінің меңгерушісі, ардагер ұстаз Бибіханша Ахатова.
Ауыл әкімі Руслан Байділдин биыл eGov.kz порталы арқылы тиісті орындарға жылдамдығы жоғары интернет байланысын орнатуды сұрап өтініш бергенін айтты. Мұны аудан әкімі де растап отыр.
– Жангелдин ауданы бойынша жеті елді мекенге талшықты-оптикалық интернет байланысы тартылды. Ал енді Ахмет Байтұрсынұлы мен Ақкөл ауылы алыстау болып, ол жаққа 2020 жылы «250+» деген мобильді байланыс орнатылған. Оған дейін мобильді байланыс мүлдем болмаған. Бірақ интернет байланысы кейде шығады, кейде жоқ болып кетеді. Ал енді талшықты-оптикалық желі баратын болса, онда жағдай жақсарады. Халықтың да қолы ұзарады. Ол жерде жұмыс істеп жатқан мемлекеттік органдардың да мүмкіндіктері ұлғаяды. Бірақ мұның бәрін жоғары жақ шешеді. Біз өтініш жолдап едік, қарастырлып жатыр деген жауап алдық, – деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Былтыр «250+» жобасын жүзеге асыруға жауапты ұялы байланыс операторлары кең жолақты интернет ауыл тұрғындары үшін телемедицина, интернет-банкинг, қашықтықтан білім беру, жұмыс істеу, желідегі кәсіпкерлікті дамыту секілді салаларда жаңа мүмкіндіктер ашады. «250+» жобасы елдің әлеуметтік ландшафтын өзгертеді және ауыл мен қала арасындағы цифрлы теңсіздіктің шегін жояды деген мәлімдеме шалғайдағы шағын ауыл тұрғындарын кәдімгідей қуантып тастаған еді. Өкінішке қарай, Ахмет ауылына келген «250+» орнатушылардың да, жергілікті жұрттың да үмітін ақтай алмады.
Таяуда екі ауылдың тұрғындарын облыс орталығынан жеткен жағымды бір хабар елең еткізді. Ұлт ұстазының мерейтойына арналған алқалы жиындардың бірінде өңір басшысы Ахмет жылына арналған кешенді іс-шаралар аясында биыл Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы елді мекендеріне қуатты интернет тартылатынын айтты.
– Тағы бір маңызды мәселе, біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жалғыз Ахмет ауылы мен Ақкөл ғана емес, сол маңайдағы тағы 5-6 елді мекеннің интернет жылдамдығын арттырудың жол картасын әзірлеп, пысықтап жатырмыз. Бұл жұмыстар таяу арада оң шешімін табады деп ойлаймын. Бастысы, министрдің өзі қолдап отыр. Біз бұл жөнінде «Қазақтелеком» компаниясына да ұсыныс жібердік. Жақын арада қос тарап болып жол картасына қол қоямыз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.