18 Мамыр, 2010

“ТӨЛ ТОЙЫ” ЖАҢҒЫРЫП ЖАТЫР

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ертеректе ұлылар елінде жыл сайын еңбек мерекесі ретінде – “Төл тойы”, ал ауыл мен меке­ме­лер арасында өнер мен мәдениет деңгейін таразыға салып, бағасын беретін “Совхоздар күні” өткізіліп жататын. Өкінішке қарай, аудан бойынша совхоздар таратылған соң мұның алғашқысы ескерусіз қалған. Ал соңғысының ендігі жерде “Ауыл күні” ретінде әлі де жалғасын тауып келе жатқаны рас. Ұлылар елінде Қасқабұлақ деген іргелі ауыл бар. Осы өңірде, нақ­тылап айтсақ сырт Қасқабұлақта хакім Абай, ал Бөрліде ғұлама жа­зушы Мұхтар Әуезов өмірге келген. Аруақ қолдаған қасиетті мекеннің арғы заманда да, бергі кезеңде де соншалықты жүдеп-жадағанын көрген емеспіз. Соның дәлеліндей, бұрынырақта кемеңгер жазушы атындағы шаруашылық республи­ка­лық, қала берді одақтық жарыс­тардың көш басынан табылса, ал совхоздар таратылғаннан кейінгі жерде де бұл елдің күйісі кете қой­ған жоқ. Яғни, совхоздың бұрынғы іскер басшысы Амантай Мұқатаев шаруашылықтың шаңырағын шайқалтпай ұстап қала білді. Со­лай­ша мұнда жекешелендіру қайсыбір жерлердегідей емес, рет-жөнімен жүзеге асырылды. Енді, міне, сол берекелі елде мерекелі жағдай қалыптасып отыр. Яғни, мұнда соңғы төрт жылдан бері тұрақты түрде төл тойы өткізіліп келеді. Биылғы шаруаға қолайсыз қысқа қарамастан бұл өңірде орта есеппен әр жүз саулық­тан 110-нан қозы алынды. Бір қарасаң, жекенің малын санап қайтеміз деген ойға келесің. Бірақ ел байлығы осындай жеке мен­шік­тен құралатындығын неге ескер­мейміз? Ендеше, бұл айтатыны жоқ ерекше жетістік. Сол себептен де болар, биылғы төл тойы Қасқабұлақта тағы да дүркіреп өтіп, ұлттық ойындармен өрнектеліп жатты. Әдеттегідей жеңімпаз шаруа қожалығына көшпелі көк байрақ табысталды. Келесі төл тойын өткізу бұрынғы келісім бойынша жеңімпаз шаруа қожалығына табысталды. Міне, осындай игілікті шаруа басқа да ауылдарда жұғысты болып жатса, кәнеки! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.