ЭКСПО шежіресі: Милан, 1906 жыл
Италияның Милан қаласында 1906 жылдың 28 сәуірінен 11 қарашасына дейін өткен кезекті Халықаралық көрме сол жылы пайдалануға берілген Симплон тоннелінің құрметіне арналды. Ғасыр құрылысы болып табылатын Симплон тоннелі Альпі тауын тескен үңгір арқылы салынған темір жолмен Италия мен Швейцарияны тікелей байланыстырды. Симплон тоннелінің ашылу құрметіне арналған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Миландағы көрме қалашығында 28 сәуірде салтанатты түрде желбіреді. Бүкіләлемдік көрмені салтанатты жағдайда Италия королі ІІІ Виктор Эммануил ашты. Көрменің ашылу салтанаты әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы келген қонақтардың қатысуымен үлкен мерекелік шаралар тізбегімен өрілді. Миландықтар кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге ерекше дайындықпен келді. Бұл шараға сол кезде өте үлкен қаржы болып табылатын – 12 миллион лир бөлінді. Көрме қалашығының құрылысы қызу да қарқынды жүргізілді. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға 225 жаңа ғимарат салынды. Көрме қалашығында бой көтерген құрылыс нысандарының жалпы көлемі 1 миллион шаршы метрден асып түсті. Бұл құрылыс нысандары көрме қалашығына бөлінген жер телімінің жартысын алып жатса, қалған бөлігінде әртүрлі дәуірлердің архитектуралық озық үлгілері салтанат құрған көне саябақ қанат жайды. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің негізгі тақырыбы «Көлік және байланыс» атты ұранмен өтті. Италиялықтар үшін Милан мен Парижді жалғастырған теміржол қатынасының өмірге келуіне мүмкіндік жасаған Симплон тоннелінің маңызы зор еді. Сондықтан Халықаралық көрме аясында көлік және байланыс мәселелеріне арналған екі дүниежүзілік шара өткізілді. Көрме тақырыбына орай темір жол вокзалының аумағында италиялық локомотивтердің ірі көрмесі ашылды. Бүкіләлемдік көрме жалауы желбіреген жеті ай ішінде теміржол көлігі техникаларының бұл байқауына италиялық локомотивтермен бірге Австрия, Нидерланды, Германия, Бельгия және Франция елдерінде шығарылған паровоздар мен вагондардың неше түрі қатысты. Көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығын туғызған бұл байқау сол кезеңдегі теміржол көлігі саласының техникалық және технологиялық жетістіктерін барынша паш етті. Сол уақытқа дейін қалыптасып үлгерген Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің дәстүріне сәйкес ЭКСПО-1906 көрмесі «Көлік және байланыс» атты негізгі тақырып шеңберінде шектеліп қалған жоқ. Көрме қалашығында көлік және байланыс техникаларымен бірге сол заманғы өнердің небір озық үлгілері де көрініс тапты. Жоғарыда аты аталған мемлекеттермен қатар бұл көрмеде Грецияның, Мексиканың, АҚШ-тың, Ресейдің, Англияның, Швейцарияның, Жапонияның, Испанияның көлік және байланыс саласындағы техникаларының жетістіктерімен бірге өнер саласындағы жәдігерлер де орын алды. Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастырушылар осы бір әлемдік шараның өткізілу құрметіне орай миландықтар мен қала қонақтарына ауқымы аса зор және көрікті аквариумды сыйға тартты. Бұл аквариум күні бүгінге дейін Ломбардия астанасының көркі болып келеді. Көрмені өткізу барысында көптеген мемлекеттер өз елдерінің ерекшеліктерімен жұртты таңдандыруға тырысты. Мәселен, Египет көрме қалашығында көне дәуірдің мәдениетін көрсететін арнайы көше ұйымдастырды. Осы көшеде ежелгі дәуірдің мәдени және тарихи жәдігерлерімен бірге қос өркешті түйелер де серуен құрды. Көрме қалашығын тамашалауға келгендер қос өркешті түйелерге мініп серуендеу үшін кезекке тұратын болды. Бірқатар шетел павильондары көрмені тамашалауға келушілерге ұлттық тағамдардан дәм татуды ұсынды. Бұл ретте еуропалықтар арасында Қытай мейрамханалары зор қызығушылыққа ие болды. Миланда өткен Халықаралық көрмеде әуе шарларын ұшырып, бәсекеге түсу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Түрлі-түсті бояумен әрлендірілген алып әуе шарлары көрме қалашығының үстінде қалықтап, төмендегі жұрттың зор ықыласына ие болды. Осы жерде алғаш рет италиялықтардың тұңғыш дирижаблінің тұсаукесері өткізілді. Милан қаласында Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы желбіреген жеті ай ішінде оқыс оқиғалар да орын алды. 3 тамыз күні таңертең италиялық және венгриялық қолданбалы өнер жәдігерлерінің галереясы орналасқан бірнеше ғимараттар мен павильондар өртке оранды. Қас-қағым сәттің ішінде сумаңдаған от жалыны бірнеше ғимараттарды күлге айналдырды. Барынша жұмылып, өрттің бетін қайтарған жергілікті тұрғындар ерекше белсенділік танытып, аз уақыттың ішінде өртке ұшыраған ғимараттар мен павильондарды қалпына келтірді. Жалпы, 1906 жылы Миланда өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі қонақжайлылығы және мәселелерді ұйымдастыруы жағынан өте озық көрме болды. Міне, осындай ұйымшылдықтың нәтижесінде бұл көрмені тамашалаушылардың қатары да күннен-күнге артып отырды. 1906 жылы Миланда өткен Халықаралық көрмені тамашалау үшін Италияға 5 миллионнан астам туристер келген екен. Осы кезеңнен бастап туристер арасында Миланның ерекше қонақжайлылығы туралы көзқарас қалыптасқан еді. Бұл ретте айта кететін бір мәселе, осы қонақжайлылық 109 жылдан кейін, яғни 2015 жылы Миланда тағы да өткізілгелі отырған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде лайықты жалғасын тапса игі. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».ТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02
Қырғызстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі ұсталды
Әлем • Бүгін, 17:01
Шығыс Қазақстан облысында жоғалған екі қыз табылмай жатыр
Аймақтар • Бүгін, 16:56
Румыния мен Болгария Шенген аймағына қосылады
Әлем • Бүгін, 16:50
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына барды
Президент • Бүгін, 16:35