Экономика • 27 Сәуір, 2022

Импортты алмастырудың жаңа бағдарламасы ел экономикасына не береді?

35 рет көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында импортты алмастыру мәселелері қаралды. Аталған мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Отандық өндірісті дамыту керек

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстанда Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленуде. Осыған орай ол басқаратын ведомство импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктеріне талдау жүргізді (өткен жылы импорт көлемі – 38,3 млрд долларды құрады). Импортқа тәуелділік деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесі зерделенді. Өңірлердің әкімдіктерімен жұмыс жүргізгеннен кейін импортты алмастыруға, дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кірді, оның 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар. Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орнын құрумен, инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болатын 633 жоба тиесілі. Биыл 165 жоба іске қосылады, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады. Биылғы негізгі жобалар: Атырау облысында пропилен өндіру зауытының құрылысы, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіру зауыты, Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы және Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы 9,1 млрд доллар көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі 17,2 млрд долларды құрайды. Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында 2-орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру жоспарланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру және дайын өнімді өткізуді ынталандыру көзделген.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80%-дан асқанын хабарлады. Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мың гектар алаңда бақ салу бойынша 22 жобаны жүзеге асыру, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңа қант зауытын салу жоспарда бар.

Энергетика министрі Б.Ақшолақов жер қойнауын пайдалану саласында 2021 жылдың қорытындысы бо­йынша энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 4,69 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Жергілікті қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 2,9 трлн теңге сомасына 61,8%-ды құрады, оның ішінде: тауарлар – 24,3% (139,7 млрд тг), жұмыстар – 76,4% (1,86 трлн тг), көрсетілетін қызметтер – 53,6% (900,4 млрд тг). «Жалпы, сатып алу көлемінің шамамен 75%-ы 3 ірі операторға – Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг және Норт Каспиан Оперейтингке тиесілі, 13%-ы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына және 12%-ы қалған жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі. Бұл ретте, тауарлардағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға мүмкіндік бар», деді Энергетика министрі.

Жоғарыда айтылғандарды орындау үшін министрлік осы мақсатта екі бастаманы іске асырды. Бірінші, «Шеврон» компаниясы өзінің инвестициялау міндеттемелері шеңберінде Қазақстанның кірісті кәсіпорындарына 248,5 млн доллар бөлуді қарастырып отыр. Екінші, «Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» құрылды, ол 3 ірі оператордың қажеттілігі үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Бүгінгі таңда орталық үш тауар тобы: тиек арматурасы (клапандар), бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика және электр-техникалық жабдық бойынша өндірісті жергіліктендіру жұмыстарын бастады. Алдағы 10 жылда осы тауар топтары қажеттілігінің жалпы сомасы 400 млн долларды құрайтын болады. Орталық мамандары осы тауар топтарына мамандандырылған еліміздің 13 өңіріндегі 60 зауытты аралады. 35 мыңнан астам тауар талданды, оның ішінде 19 тауар түрі жақын болашақта операторлар неғұрлым талап ететін тауарлар ретінде айқындалды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін операторлар 9 келісімшарт беруін көздейтін жол картасы бекітілді», деді Энергетика министрі. Бүгінгі таңда 4 өндірушімен келісімдер жасалып, олар қазақстандық серіктестермен жобаларды іске асыруды бастады. Бұл Honeywell – температура түрлендіргіштерін және басқару жүйелерінің шкафтарын өндіру, Petrol Valves – бекіту арматурасын өндіру.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор екенін атап өтті. Мәселен, бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52%-ды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40%-дан аспайды. Былтыр импорт шамамен 8%-ға өскен. Импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер. «Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы да­йындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на мультипликативтік әсер беретінін атап өтті. Осыған байланысты өңір әкім­діктеріне Индустрия және инфрақұры­лымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмас­тыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету міндеттелді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне СТ-KZ сертификаттарын алу тетігін қайта қарау, Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірге өндірістерді уақытында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды даярлау мәселесін пысықтау жүктелді.

Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды.

ы

 

Биыл өрт қаупі жоғары болмақ

Үкімет отырысында жазғы өрт қаупіне дайындық мәселесі қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелді, отқа оранып, жойылған орман алқабы 167 мың гектарды құрады. Экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асты.

Орман өрттерінің ең көбі Шығыс Қазақстан (194 жағдай – 26%), Ақтөбе (123 – 16,4%), Павлодар (114 – 15,2%), Қостанай (100 – 13,4%) облыстарында орын алды. Табиғи өрттердің себептеріне жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, өрттің тек 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағайдың түсуінен туындағаны, ал 50%-дан астамы адам әрекетінің салдары болғаны анықталды.

Биыл да жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Жыл басынан бері 42 көктемгі орман өрті тіркелді. Өрттің жалпы аумағы 668 гектарды құрады. «Қазгидрометтің» болжамды деректеріне сәйкес, алдағы өрт қаупі басым кезеңде орташа температура +30ºС құрайды, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшылық пен температураның +40ºС дейін жоғарылауымен жауын-шашын тапшылығы болжанып отыр.

ТЖМ басшысы ормандар мен далалардың тұтану ошақтарын дер кезінде анықтау үшін тұрақты авиациялық патрульдеу басталғанын айтты.

Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда және Түркістан облыстарын қоспағанда, барлық өңірде дерлік «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-пен осындай қызметтерді алуға шарттар жасалды. Шекара маңындағы аумақтардағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресейдің ТЖМ бөлімшелерімен сегіз шектес өңірдің өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған. Күштер мен құралдардың аймақтық топтары анықталды. Тек ТЖМ-нен ғана топтамаларға сыйымдылығы үлкен және өтімділігі жоғары 161 өрт сөндіру автоцистернасы, суағар құрылғысы бар 10 тікұшағы, 1 мыңнан астам өрт сөндіру мотопомпасы, жеке құрамның
1 600 адамы кірді. Алайда бұл топтар ірі өрттерді жоюға арналған, ал ең бастысы – қолданыстағы өрт сөндіру стансаларының пайда болған алауға жедел жауап беруге дайын болуы. «Қабылданып жатқан шаралар мен талаптарға қарамастан, қазір өңірлердегі орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті кезеңге толық дайындығы туралы айтудың қажеті жоқ», деді Ю.Ильин.

Табиғат қорғау және орман мекеме­лерінің жарақтандырылуы 50%-дан аспайтын өңірлер бар. Мәселен, Атырау облысының әкімдіктеріне бағынысты мекемелерінде жарақтандыру 20%-ды, Қызылордада 33%-ды, Батыс Қазақстанда 47%-ды, Шығыс Қазақстан облысының Экология министрлігіне бағынысты мекемелерінде жарақтандыру 24%-ды, Ақтөбеде 47%-ды, Солтүстік Қазақстанда 48%-ды құрайды. Қазіргі уақытта қолда бар әрбір бесінші техника бірлігі пайдалану мерзімінің ұзақтығына байланысты өртті жоюға дайын емес. Дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігінде де жағдай осындай.

Соңғы 5 жылда еліміздің дала алқап­тарында бес жүзден астам өрт және 23 мың өрт тұтанып, 1,5 млн гектар өртенді, ал шығын 121 млн теңгеден асты. Сонымен қатар осы кезеңде дала өрттерінің салдарынан 18 адам қаза тапты, 2 мыңнан астам мал басы өртенді. «Экологияға келтірілетін зияны, малға арналған жемшөп базасын жоюдан басқа, дала өрттері елді мекендерге, орман қорына және егіс алаңдарына қатер төндіреді. Осылайша, құрғақ өсімдіктердің жануы және оның Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғын аймағына таралуы бір адамның өліміне, екі тұрғынның ауыр күйікке ұшырауына алып келді. 31 үй отқа жанып кетті, өрттен келген шығын 254 млн теңгені құрады», деді Ю.Ильин.

Соңғы 3 жылда дала саяжай алқап­тарында 298 өрт тіркелді, яғни от елді мекендерге жақындады. Төтенше жағдайлар министрі осыған бірнеше мысал келтірді. Биыл 12-сәуірде Петропавл қаласының маңында құрғақ шөптің жануы нәтижесінде 200-ден астам саяжай құрылысы жойылды және өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекеті қайғылы салдардың алдын алуға мүмкіндік берді. 14-сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының ашық аумағында қамыс жанып, айыппұл тұрағына қарай өтіп, салдарынан 6 автокөлік жойылды, 4 автокөлік зақымданды.

Қазгидрометтің болжамдары мен өрт қаупі бар кезеңнің бірінші айының нәтижелерін ескере отырып, барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар еліміздің орман және дала алқаптарында жоғары сын-қатерлерге да­йын болуы қажет. Табиғи өрттердің себеп­терін талдау көрсеткендей, жанудың тек 43%-ы табиғи құбылыстардан, найзағай разрядтарынан туындаған, ал 50%-дан астамы адам әрекетінің нәтижесі болды.

Осыған байланысты ТЖМ үшін жер­гілікті полиция қызметі мен әкімдіктердің алдында халықтың ормандар мен дала алқаптарында қауіпсіздік талаптарын сақ­тауын бақылауды күшейту, ауыл шаруа­шылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі қағидаларын орындауын қамтамасыз ету мәселесі өткір болып тұр. Әкімдіктер халықтың орман алқаптарына кіруін шектей отырып, ормандардағы өрт қауіптілігі сыныбын арттыруға уақтылы және жедел ден қою қажет. Азаматтармен өрт қауіпсіз­дігі талаптарын сақтау қажеттілігі туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды бұзғаны үшін белгіленген жауап­кер­шілікті халыққа жеткізу талап етіледі.

Болуы мүмкін табиғи өрттерді оқшау­лаудың ең тиімді әдісі – елді мекендердің айналасында, ауыл шаруашылығы алқаптарында, ормандарда, автомобиль және темір жол бойында минералданған жолақ­тарды құру. «Қазірдің өзінде халықты елді мекендердің, саяжай алап­тарының айналасын құрғақ өсімдіктерден тазартуға, оны күйдіруге жол бермеуге жұмылдыру қажет. Биылғы мамыр
айында ТЖМ елді мекендердің барлығын тексеріп, облыс әкімдіктеріне аудандық және ауылдық әкімдердің өртке қарсы іс-шараларды орындағаны туралы хабарлайды», деді Төтенше жағдайлар министрі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бреке­шевтің айтуынша, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша орман мекемелерінің өрт қаупі басым кезеңге дайындығы қанағаттанарлық екендігі анықталды. Сонымен қатар олардың төмен материалдық-техникалық жабдықталуы байқалады (норманың 68%-ы деңгейінде).

Қызметтік тексерулер жүргізілді. Тергеу қорытындылары бойынша ірі өрттердің таралуының негізгі себептері келесідей: Бірінші, орман иелері өрт сөндіру шараларын уақтылы қолға алмаған; Екінші, қосалқы ұйымдардың қосымша күш беруінің кешіктірілуі, өртті сөндіру іс-қимыл жоспары соңына дейін пысықталмаған; Үшінші, шалғай жерде, баруы қиын жерде орналасуы, өрт шыққан жерден тұрақты радиобайланыстың болмауы және орман күзетінің техника және құралдармен нашар жабдықталуы; Төртінші, дала өртінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне таралуы.

Сондай-ақ осы мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр жыл сайын табиғи өрттердің кесірінен адамдар қаза тауып, мүлік пен табиғатқа орасан зор шығын келетінін атап өтті. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министрлігі мен жауапты мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жіті назарында болуы тиіс. Ә.Смайылов өңірлердің әкімдіктеріне өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруды, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерлері, санаторийлер мен демалыс аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне орман мен табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдау, күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайын­дығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ірі өрт­терді сөндіруге авиацияны тартуды қарас­тыру міндеттелді. «Білім және ғылым министр­лігімен және әкімдіктермен бірлесіп, елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіп­сіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Сигнализацияның, гидрант­тар мен өрт сөндіргіштердің, өрт кезін­дегі апаттық шығу жолдарының жұмысқа жарамдылығы тексерілсін», деді Ә.Смайылов.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда троллейбус өртенді

Оқиға • 24 Маусым, 2022

ТүркПА-ның атауы өзгереді

Парламент • 24 Маусым, 2022

Ұқсас жаңалықтар