Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Батыс Қазақстан облысында суға талас болып жатыр

435 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында суға талас жүріп жатыр. Казталов пен Жаңақала аудандарының тұрғындары Қараөзен арнасына келетін суды бөлісе алмай келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында суға талас болып жатыр

фото: Zakon.kz

qazaqstan.tv берген ақпаратқа сай, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос ауданның мәселесін біржола шешу үшін, жаңа су қоймасы керек.

Казталовта он шақты ауылдағы 11 мыңдай халық ауыз суды осы Қараөзеннен ішіп отыр. Ал бөгеттер топырақтан үйіліп, қолдан жасалған. Гидроқұрылғы, қақпалар атымен жоқ. Жанжал облысқа жетіп, шу көтерілген соң, бөгет ашылды.

«Өзенге Ресей Федерациясындағы Приузенск су қоймасы арқылы 24-25 текше метрдей су жүріп жатыр. Оның басы 49 м3/секундқа дейін көтерілген болатын. Қазір Жиеш арқылы Сарышығанақ су қоймасына су жіберу жұмысы жүргізілуде», деді Еркебұлан Ермұханов, «Қазсушар» РМК БҚОФ Казталов аудандық учаске басшысы.

Тегін келген ырысты ысырапсыз жинап алу үшін жаңа су қоймасы салынып, бөгеттерде гидроқондырғы, су есептегіш орнатылуы қажет. Бірақ биыл жоспарланған Жалпақтал су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы әлі жасалмапты. Бұл іс ілгерілемей, жыл сайынғы жанжалдың қайталана берері анық.

«Тасқын су мынау келіп жатқан. Негізі былтыр комиссия құрғанда 50/50 етіп, Жалпақтал мен Жаңақала бөлісіп алуы керек деп шешті. Онымен келген су Жалпақталда бір аптадай ұсталып қалды. Тек үш күндей болды ашылғанына. Жаңа-жаңа басы түсіп жатыр. Күтіп отырмыз суды», деді Ербол Төлеуғалиев «Қазсушар» РМК БҚОФ Жаңақала аудандық учаске басшысы.