Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған. Н.Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының 47 жылын телевизияға арнаған.
Көрменің мақсаты - журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының қоғамдағы рөлі мен сіңірген еңбегін жұртшылыққа насихаттап, журналистика қайраткері жайлы естеліктермен бөлісу, жас ұрпақ бойына патриоттық рух қалыптастыру.
Көрмеге Нұртілеу Иманғалиұлының эфирде киген ұлттық үлгідегі киімдері, жеке қолжазбалары мен жұмыс үстеліндегі бұйымдары, мемлекеттік және мерекелік наградалары, спорттық киімдері мен қанжар, қамшы, домбыра сынды 200-ге тарта заттары қойылады.