![Тұрғын үйді субсидиялау басталды](/media/2022/04/28/crop-13_16_1930x2106_turgyn-uy.jpg)
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысовтың мәліметінше, бүгінде елімізде шамамен 600 мың адам кезекте тұр. Оның 215 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Олар – көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базасының деректеріне сәйкес отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен шамамен 70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұған 51 мың көпбалалы отбасы, 2 мың жетім бала, 10 мың І және ІІ топтағы мүгедек, сондай-ақ мүгедек балалары бар 7 мың отбасы кіріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан олардың тұрғын үй мәселесін шешу маңызды, – дейді Алмаз Ыдырысов.
Оның айтуынша, жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни жалға алған үйдің 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді. 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет. Соның ішінде республикалық бюджеттен жұмсалатын шығындар шамамен 40 млрд теңгеге тең, ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 10 млрд теңге мөлшерінде.
– Тетікті іске асыру мақсатында жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді. Отбасы банк оператор ретінде кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы өлшемшарты бойынша және кірістерінің бар-жоғын ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Тексеру бірнеше министрліктің, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базасымен интеграциялану арқылы жүзеге асырылады. Өтінім электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен беріледі және өтініш берушінің талаптарға сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі. Өтінішті қабылдау осы жылдың 18 сәуірінде басталды, – деді комитет төрағасы.
Отбасы банк тұрғын үйді жалға алу төлемдерін субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кетті. Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 18 сәуірде субсидия алуға үміткер 17 мың адамға өтініш беруге шақырту ретінде SMS-хабарлама жіберілген.
– Өтінім беру процесі толығымен цифрландырылған. Өтініштер қабылданатын және өңделетін цифрлы платформаның Қазақстанда баламасы жоқ. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтарға otbasybank.kz («Баспана маркет» маркетплейсі) платформасында өтінім беру қолжетімді. Алғашқы өтінімдерді беру барысында банктің IT-мамандары тарапынан жедел реттеуді талап ететін қателер туындауы мүмкін екенін ескердік. Сондықтан бірінші кезеңде банктің клиенті болып саналатын үміткерлерден өтінімдер қабылдана бастады. Екінші кезеңде, яғни 26 сәуірде Отбасы банкінен тағы 23 мың үміткерге SMS-хабарлама жіберілді. Жалдау шарттары бойынша төлемдерді республикалық және өңірлік бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айынан бастау жоспарланып отыр, – деді Ләззат Ибрагимова.
Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден аспауы тиіс. Субсидиялауға арналған өтінімдер ЭЦҚ көмегімен қабылданатындықтан, азаматтар электронды-цифрлы қолтаңбаны алдын ала алып қойғаны дұрыс немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның өзектілігін тексеруі қажет.
– Тағы бір талап, субсидия алуға үміткерлер Отбасы банкінің клиенттері болуы тиіс. Яғни банкте депозиті болуы керек және Отбасы банкінің интернет банкингінде тіркелуі қажет. Жинақ шоты жоқ адамдар оны бейнебанкинг немесе Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы аша алады. Депозит болашақ тұрғын үйге қаржы жинақтау үшін ашылады. Депозит болашақта баспана алу үшін ашылады. Оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Ал әзірше шама-шарқына қарай жинақтай беруіне болады. Бірақ ертерек ашылған депозит болашақта клиент үшін тұрғын үйге қолжетімділік сатысының келесі сатысына өту кезінде артықшылық әкелетінін ұмытпайық, – деді Л.Ибрагимова.
Бағдарламаға қатысушы ең алдымен төлемді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға әрі өңдеуге келісім береді. Қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады.
– Өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі. Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш иесі пәтерді жалға берушінің ЖСН немесе БСН көрсетуі керек. Осы сәттен процеске жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылып, екінші кезеңі басталады. Баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды. Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады, – деді банктің басқарма төрайымы.
Жалдамалы баспананы әркім өзі іздейді. Отбасы банк субсидияны жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.
Отбасы банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынған.
Платформа іске қосылған 5 күннің ішінде (22 сәуірдегі жағдай бойынша) үміткерлерден бағдарламаға қатысу жөнінде 1 662 өтініш түскен. Бұл ретте 259 өтініш мақұлданыпты (жалға берушінің деректері күтілуде). 129 өтініш бойынша қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің деректері тексерілуде. 161 өтініш иесі тек бастапқы деректерді ғана енгізген. Қатысушы тарапынан жойылған өтініштер – 105.
Тексеру барысында 1 008 өтініш кері қайтарылған. Көпшілігі (575 өтініш) тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Басқа да себептер бар. Мәселен, 76 өтініш берушінің жеке куәлігінің қолданылу мерзімі өтіп кеткен. 61 өтініш берушінің отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары екені анықталған. 52 өтініш иесінің салықтық берешегі бар болып шықты. Техникалық себептерге байланысты 48 өтініштен бас тартылған. Сондай-ақ 46 өтініш берушіге төлем талап-тапсырысы қойылған. 46 адамның жылжымайтын мүлкі бар екені анықталған. 36 өтініш беруші мобильді азаматтар базасынан табылмаған, ал 36 адамға SMS жіберу/алу мүмкін болмаған. 19 адамның отбасылық жағдайы дұрыс көрсетілмеген. 10 өтініш бойынша отбасы мүшелері туралы деректер табылмаған. Екі адамның кезекте тұрғаны расталмаса, 1 өтініш иесі деректерді өңдеу келісіміне қол қоймаған.
Мақұлданған өтініштердің басым бөлігі (96 өтініш) Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан түскен. Екінші орында – Шымкент (51 өтініш), үшінші орында Түркістан облысы (31 өтініш) тұр.