Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ақпараттық жүйелер өзара бірікпеген
– Бағдат Батырбекұлы, Президент «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында өзіңіз басқаратын министрлікке бірқатар міндет жүктеді. Айталық ақпараттандыру нысандарын біріктіру мәселесінде жауапты ведомство ретінде бекітілді. Бұған дейін интеграция мәселесімен қай орган айналысып келді?
– Осы уақытқа дейін әр мемлекеттік орган өз жүйелерін басқа органның ақпараттық жүйесімен біріктіргісі келе ме, жоқ па, өздері шешетін. Сондықтан көптеген интеграциялық үдеріс тежеліп қалған еді. Енді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі ресми түрде тұтастай цифрлы трансформацияға, оның ішінде жүйелерді интеграциялау ісіне жауапты ведомство ретінде бекітілді.
Мәселен, денсаулық сақтау саласында 50-ден астам дерек базасы бар және олар өзара бірікпеген. Соның салдарынан қаншама мұқтаж адам, оның қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, асыраушысынан айырылған отбасылар, жаңа босанған аналар, ауыр дертке шалдыққандар және тағы басқалары өздеріне тиесілі жәрдемақыны алу үшін мүгедектігін, баланы дүниеге әкелгені жөнінде немесе әкесінің қайтыс болғандығын дәлелдеп, мекемелер арасында анықтама тасуға мәжбүр. Ал оларға мемлекеттік төлемдер автоматты түрде тағайындалуы қажет. Мұндай проблема денсаулық саласында ғана емес, барлық салада анықталып отыр. Бұл – тиісті интеграцияның жоқтығының, демек ақпараттық базалардағы бейберекеттің айғағы.
Осы сөзімнің дәлелі ретінде, мынадай жайтты айта кетейін. Қазақ халқының мақтанышы, әйгілі опера әншісі Әлібек Дінішевке «Қазақстанның еңбек ері» атағы берілген болатын. Осы марапатқа орай оған мемлекеттік төлемақы берілуі тиіс, бірақ ол құжаттарды ресімдемегендіктен, ай сайынғы төлем де жасалмаған. Түсініп тұрсыз ба, мемлекет әншіге атақ береді де, сосын осы атақ берілгені туралы анықтама сұрайды. Тек былтыр жыл соңында мемлекеттік наградалар базасы мен Еңбек министрлігінің базасын біріктіргенде ғана, Ә.Дінішев өзіне заң бойынша тиесілі бір жарым миллион теңгеден қағылғаны белгілі болды. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Жарайды, жағдайы жақсы кісілер туралы айтпай-ақ қоялық, ал әлеуметтік жағдайы төмен қаншама мұқтаж жандар қиналып, өздеріне тиесілі төлемақылар мен әлеуметтік көмектерді ала алмай жүр. Негізі азаматтарға мұндай мемлекеттік қызметтер проактивті түрде ұсынылуы тиіс.
Сол сияқты, мысалы жаңа салынған үйден пәтерді ипотекаға сатып алуды ойға алсаңыз, құжаттар жинап, төрт ұйымды - банк, нотариус, құрылыс иесі мен ХҚКО-ның арасында табан тоздырып, қаншама сергелдеңге түсесіз. Егер былтыр осындай 900 мыңнан астам кейс болды десек, оның үстіне әрбір жағдай бойынша әлгі ұйымдарға 2-3 рет бару қажеттігін ескерсек, нәтижесінде адамдар 3 млн рет әрлі-берлі жүгіруге мәжбүр болғанын көруге болады. Осы мәселелерді шешу үшін біз бизнестің бастамасы бойынша Цифрлық ипотека сервисін іске қостық. Банк үдерісін, сондай-ақ құрылыс иесі мен мемлекеттің, яғни «Азаматтарға арналған үкіметтің» үдерісін біріктірдік. Нәтижесінде, әдетте үй алу үшін 2 аптадан 1 айға дейін уақыт жоғалтатын қазақстандықтар енді цифрлық ипотека көмегімен баспананы бір тәулікте рәсімдей алады. Қызмет іске қосылғаннан бері мыңнан астам отбасы бір күннің ішінде баспаналы болып, уақыт үнемдеген.
Бюрократияны жою дегеніміз – қағаз жүзіндегі құжат айналымын азайту ғана емес, мемлекеттік басқарудың барлық саласына жүйелі реинжиниринг жүргізіп, цифрлы трансформациялау. Ал цифрлы трансформация – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Бұл мемқызметтерді жай ғана автоматтандыруды білдірмейді. Осы қызметтердің мән-маңызын зерделеп, функциялар мен қызметтерді түгелдей қайтадан қарастыру. Осы процестердегі адами факторды азайтпасақ, цифрлы трансформацияны ішінара ғана іске асырсақ, бюрократия мен коррупциядан және жүйедегі бейберекеттен құтыла алмаймыз.
Халық арасындағы тағы бір сұранысы жоғары қызметке байланысты кейсті қарастырайық. Жүргізуші куәлігін алу процесінде қалыптасқан заңға қайшы схеманы жою мақсатында былтыр арнайы мамандандырылған ХҚО-ға жасырын барып, ондағы заңсыздықтарды видеоға түсірдік. Материалдарды құқық қорғау органдарына жіберіп, бақылау жұмыстарын күшейттік. Бұл орайда теориялық емтиханды тапсыру процесіне биометриялық жүйені енгізуге кірістік. Жүйе сынаққа келген адамның жеке тұлғасын анықтап, тест тапсырушыларды кездейсоқ орынға жайғастыруға мүмкіндік береді. Әр жұмыс орнына камера, сондай-ақ автодромдағы тәжірибелік емтиханның процесін ашық етіп, қадағалау үшін GPS жүйені орнатуды қолға алдық. Содан бері тәжірибелік және теориялық емтиханды «сәтті» тапсырғандардың саны күрт азайғанын байқауға болады. Мәселен, былтыр бірінші тоқсанда жүргізуші куәлігін
36 569 адам алса, биыл 15 220 үміткер ғана «аталған куәлікке» қол жеткізген. Яғни процесті автоматтандыру және ашық ету арқылы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға болады.
Порталда жер кезегіне тұрған көп
– Таяуда жер кезегіне тұруға байланысты қызметтің онлайн форматы енгізіліп, бұл қоғамда әжептәуір дау тудырғаны рас. Осы мәселені түсіндіріп беріңізші?
– Қараңыз, бұған дейін адамдар Конституция бойынша өздеріне тиесілі 10 сотық жерді тегін алу үшін жергілікті әкімдікке барып, арыз жазатын. Әрі қарай ол арыздың тағдыры белгісіз күйде қалып, кезек жылжи ма, жоқ па – оны әкімдіктің қызметкері ғана білетін. Нағыз адами фактор жайлаған мәселе. Ал адами фактор бар жерде бюрократия мен сыбайлас жемқорлық та кездесетіні белгілі. Сондықтан біздің мақсатымыз – ел азаматтарына жер алу бойынша кезекті барынша ашық және жария ету. Осы бағытта мамандар үлкен жұмыс атқарды. «Азаматтарға арналған үкімет» пен «ҰАТ» АҚ қызметкерлері жергілікті әкімдіктерден түскен ақпараттың барлығын базаға енгізіп, электронды кезектің нұсқасын дайындап шықты. Сосын eGov.kz порталында жер учаскесіне кезекке тұру және кезекті қарау қызметін іске қосты. Қазір кез келген адам қалаған уақытта порталға кіріп, жер кезегін көре алады. Демек ешкім кезекті түзетіп, өз адамын «өткізу» сынды қитұрқы әрекеттер жасай алмайды.
Ал даудың көбейіп жатқаны – заңды құбылыс, себебі көптеген жыл жер кезегі қағаз жүзінде жүргізіліп, толығымен әкімдіктердің құзырында болды. Жер кезегіне тұруға байланысты барлық ақпаратты бізге жергілікті атқарушы органдар ұсынып, бұл деректерді қаз-қалпында порталға енгіздік. Қазір адамдар сол тізімге қарап, келіспейтін тұстарын айтып жатыр. Бұған дейін мұндай мүмкіндік қарастырылмаған еді. Айталық жерге кезекке тұру үшін порталда өтініш қалдырдыңыз делік, бірақ экранда «сізге жер берілген» деген хабарлама шығады. Алайда сіз жер алмағансыз. Не істейсіз? Әлбетте, дауласасыз. Бұл жағдайда жергілікті атқарушы орган жауап беруге тиіс, мән-жайды анықтап, зерттейтін де солар. Егер де сіздің жер алмағаныңыз дәлелденсе, әкімдіктен келген хабарлама негізінде біздің мамандар электронды базаға түзетулер енгізеді.
Қазір жер кезегінде 3 млн-нан астам қазақстандық тұр, соның 2 млн-ы – кезекке электронды портал арқылы тұрғандар. Онлайн қызмет жуырда ғана 8 сәуірде іске қосылғанын ескерсек, бұл кәдімгідей резонанс деуге болады. Бұл орайда айтарым, егер де осы жер кезегіне қатысты қандай да бір келіспейтін мәселелер туындаса, азаматтар Е-Otinish жүйесі арқылы шағымдана алады. Сол арқылы жауапты органдар тиісті тексерістер жүргізіп, толыққанды жауап беруге міндетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың мақсаты – Қазақстан азаматтарының мүддесіне қызмет ету, яғни мемлекеттік аппаратты басқарудың «адамға бағдарланған» моделіне ауысу. «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі» Жарлығы – Екінші Республика құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Отандық платформаға басымдық берілді
– Қоғамда жиі талқыланып жатқан «Сбер» компаниялар тобымен арадағы келісімге тоқталсақ, сонымен бұл мәселеде қандай байламға келіп отырсыздар?
– Платформаны өзіміз жасайтын болдық. Былтыр менің тапсырмам бойынша «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ арнайы кеңес құрған еді. Ұлттық цифрлы технологиялар мен отандық ІТ-компанияларды зерттеп, жан-жақты талқылауға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды.
Министрліктің тапсырмасымен 26 мемлекеттік органда, 17 жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектордың 22 субъектісінде зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде елімізде 572 ақпараттық жүйе бар екендігі анықталды. Сондай-ақ бірқатар процестің әлі де автоматтандырылмағаны, ал ақпараттық базалардың 50 пайызында қайталау функциялары бар екендігі белгілі болды. Зерттеу қорытындысына сәйкес қажетсіз 178 ақпараттық жүйенің тізімі дайындалды. Оның ішінде мемлекеттік органдарға – 107, жергілікті атқарушы органдарға – 71 жүйе тиесілі.
Қазір біз тиісті тұжырымдама жасалып жатыр, соған сәйкес отандық әзірлеушілер «ҰАТ» АҚ басшылығымен әлемдік кеңістіктегі Open Source базасындағы өнімдерге сүйеніп, отандық цифрлы платформаны дайындауға біртіндеп кіріседі. Негізі платформа көптеген компоненттен тұрады. Егер біздің мамандар қандай да бір бөлігін әзірлей алмаса немесе қиындықтар туындаса, халықаралық платформаларға, оның ішінде тек «Сбер» емес, басқа да шетелдік компанияларға жүгіне аламыз. Ал платформаны өзімізде шығаруға кем дегенде 3-5 жыл уақыт керек, оның үстіне бұл технологияны дайындау оңай шаруа емес. Бірақ қайткенмен де елімізге цифрлы платформа керек. Сондықтан осындай жауапкершілікті алдық. Платформа арқылы барлық бизнес-процесті ашық нұсқаға ауыстырып, қыруар қаражатты үнемдеп, бюрократияны жоюмен бірге коррупцияның алдын алуға болады. Азаматтардың қажеттілігін алдын ала болжап, тиісті жәрдемақылар мен төлемдер автоматты түрде тағайындалып, халықтың өмірі біраз жеңілдей түседі.
Еліміз «мұнайға бай» деп мақтанғанымызбен бұл өндірістегі қаражат айналымы мен қанша шикізат өндіріліп, ақшаның қайда кетіп жатқанынан бейхабармыз. Барлығы қағаз жүзінде жүргізіледі. Демек тағы да қағазбастылық және адами факторға айналып келіп отырмыз. Осы сала ашық және жариялы болу үшін бизнес-процестерді барынша цифрландыруға кірістік, қазір 60 пайызы цифрланды. Қайталап айтайын, еліміздегі барлық сала цифрлануға тиіс. Бұл – үзілмейтін процесс, үнемі жаңартып, дамытуды қажет етеді. Заманауи цифрлы платформа бұл процесті жылдамырақ жүргізуге септеседі.
Рас, дайын платформалық технологияны сатып алып, уақыт үнемдегіміз келді. Бұрын уақыт алтынмен пара-пар еді. Қазір уақыт алтыннан да қымбат екенін көріп отырмыз. Егер де дайын технологияны сатып алғанда, платформаға көшу процесін жылдамдатып, цифрландыру саласында жоғары деңгейге көтерілу арқылы бірқатар мәселенің түйіні тез шешілер еді.
– Сонымен «Сбермен» арадағы меморандумға нүкте қойылды ғой?
– «Сбермен» тек меморандум жасалғанын ескерсек, оны келісімшартпен шатастырмаған жөн. Яғни қандай да бір міндеттеме жоқ. Алайда қазір бұл платформаны «ҰАТ» акционерлік қоғамының ресурстары негізінде осындай жобалар бойынша тәжірибесі бар сарапшыларды қатыстырып, отандық IT компаниялардың күшімен жасауды ұйғардық.
Мемлекетке қызмет еткендіктен бізге еліміздің болашағына қатысты үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан басты міндетіміз – кез келген уақытта халқымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне оңтайлы шешімдерді қабылдай білу.
Басты міндет – адами капиталды дамыту
– Көршілес мемлекеттердегі жағдайға байланысты IT-саласындағы компаниялар мен мамандар өздеріне қолайлы өңір іздестіріп жатқаны мәлім. Мұндай мамандардың елімізге келуін жағымды үрдіске бағалауға бола ма?
– Алдымен бұл үрдістің тиімді тұстарын айтайын, сосын қалай бағалау керектігін өзіңіз де түсінерсіз. Секунд сайын құбылып жатқан заманда ІТ-мамандар – ең құнды кадрларға айналды. Сондықтан басты мақсатымыз – адами капиталды дамыту. ІТ-саласына миллиардтап қаражат құйғанымен, адами капитал болмаса, ақшаның барлығы далаға кетеді. Ал адами капиталды құнттау үшін ең алдымен мықты ІТ-компаниялар мен мамандар «қайнап жатқан» қолайлы орта қалыптастыру керек.
Кезінде Astana Hub та осы мақсатта ашылған болатын, яғни халықаралық технопарк ретінде іске қосылды. Бүгінде онда 685 ІТ-компания тіркелген, оның дені – қазақстандық ұйымдар. Биылғы ақпан айынан бері 700-ге жуық шетелдік Қазақстанға релокация (қызметтік қоныс аудару) бойынша бізден кеңес алып жатыр, кейбірі тіркеліп, жұмысын бастап та кетті. Релокация бойынша жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз: арнайы салық тәртібі, заманауи инфрақұрылым, визалық қолдау, SEED stage (дәлелденген бизнес-модель гипотезасына салынған инвестиция) кезеңінде венчурлық қаржыландыру, акселерация курстары, eGov арқылы онлайн тіркелу сынды мәселелер қамтылған.
Мысалы, Қазақстанға көшкендердің ішінде әлемнің 600-ден астам қаласында жұмыс істейтін және миллиардтаған долларға бағаланатын inDriver, Epam компаниясы да бар. Осындай мықты компаниялар мен мамандарға мүмкіндік беру арқылы өзімізге де тиімді жағдай қалыптастырамыз, яғни шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, жұмыс орнын көбейту, жаһандық инвесторларды тартатын стартаптарды ұлғайту – ел экономикасына оң әсерін тигізеді. Ең бастысы, жастарымыздың қабілетін дамытуға қолайлы ІТ-орта қалыптастырып, инновациялық әлеуетімізді күшейте аламыз.
– Мемлекет басшысы елімізде 100 мың ІТ-маман даярлау туралы тапсырма бергені есімізде. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ұлттық жобада белгіленген бұл тапсырмаға сәйкес 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман даярлауға күш салынды. Осы мақсатта математикаға қабілетті ел азаматтарына жекеменшік және мемлекеттік ІТ-мектептерде оқу үшін 20 мың ІТ-ваучер қарастырылған. Былтыр 100 адам Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Семей және Оралдағы бағдарламалау мектептерінде оқуға грант алды. Биыл тағы 3 мың адамға квота қарастырылып, оның үстіне 13 ІТ-мектепке грант берілді. Таяу жылдарға 20 инновациялық мектеп ашуды жоспарлағанбыз, былтыр соның 6-ы іске қосылса, биыл 5 ІТ-мектеп ашылады.
Адами капиталды дұрыс пайдалана білсек, экономикаға тікелей пайда әкелуге болады. Былтыр елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өнімдерінің экспорты 30 млн долларға жетсе, 2025 жылға қарай ІТ-экспортты 500 млн долларға жеткізу көзделіп отыр.
Ғарышқа прагматикалық тұрғыдан қараған жөн
– Аэроғарыш саласындағы ақпараттармен бөліссеңіз. Airbus компаниясымен бірлесіп құрылған Ghalam кәсіпорнында өндіріс іске қосылды ма? Жалпы, Қазақстанда шығарылған ғарыш технологияларының игілігін қашан көреміз?
– Орынды сұрақ. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені – қазіргі отандық аэроғарыш саласындағы күрделі және өте маңызды бағыт. Астанадағы Тұран көшесі бойында орналасқан кешеннің құрылысына 200 млн доллардай инвестиция салынды. Кәсіпорын дайын, білікті мамандар бар, тіпті қосалқы бөлшектер де шығарылып жатыр. Бірақ ең негізгі спутник өндірісі іске қосылған жоқ. Неге? 2020 жылы пандемия басталып, Airbus мамандары елімізге келе алмай қалды. Салдарынан тиісті сараптама жүргізілмей, кәсіпорынды сертификаттау мәселесі кейінге қалды. Ал сертификат болмаса, өндіріске де рұқсат берілмейді.
Індет бәсеңдегеннен бері осы істі қолға алып, еліміздегі Франция елшілігі және компания өкілдерімен жиі кездесіп, келісімшарттағы міндеттерді орындауға талап қойдық. Қазір Airbus мамандары елімізге келіп, сертификаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Сол кезде мамандар бірден спутник өндірісіне кіріседі.
Әйтсе де өздеріңіз білесіздер, спутник деген арзан бұйым емес, енді ғана іске қосылған кәсіпорынға шетелден тапсырыс түсу үшін алдымен өз мемлекетімізге арнап спутник шығарып, оны ұшырып, сапасын тексеруіміз керек. Сонда ғана басқа мемлекеттер Қазақстанның бұл бағыттағы нәтижелерін көріп, коммерциялық тапсырыс бере бастайды.
– «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей мемлекеті жалға алғаны мәлім. Бұл кешенге байланысты Қазақстанның таяу болашаққа арналған жоспары бар ма?
– Иә, «Байқоңыр» ғарыш айлағын шынымен де Ресей Федерациясы 2050 жылға дейін жалға алған. Қазір екі перспективалы «Гагарин старты» және «Бәйтерек» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша алғашқы сынақ жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін орындалуға тиіс. Десек те, әлемдегі ахуал күрт өзгеруі мүмкін. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметін сақтау үшін барлық амалды қарастырып келеміз. Тұтастай айтсақ, ғарыш индустриясына прагматикалық тұрғыдан қараған жөн.
Бірақ Қазақстан өзінің толыққанды ғарыш байланыс жүйелерімен қамтылған ел. Бұл салада көштен қалмау үшін түрлі жағдайларға бейімделіп, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Қазір KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері елімізді байланыс және телехабар тарату мүмкіндігімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. 15 қазақстандық байланыс операторы елімізде 13 мың станса арқылы осы спутниктермен қызмет көрсетіп жатыр.
Ал ғарыш мониторингіне жол ашқан KazEOSat қос спутникті жүйесі арқылы жерді қашықтан зондтау қолға алынып, еліміздің аумағы, қалың орманы мен өзен-көлдері 100 пайызға цифрланды. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды цифрлау және мониторингілеу, атмосфера мен топырақты талдау дәлдігін арттыруға жол ашылды. Тек былтыр 7,3 мың рұқсат етілмеген қоқыс полигоны, пайдалы қазбалардың 2,3 мың заңсыз карьері, 2,6 мың ағаш кесу полигоны, 260 мың өрт ошағы анықталды. Сонымен бірге Нұра, Жайық, Ақсу өзендерінің және Бұқтырма су қоймасының су қорғау аймағы мен белдеуінің аумағында бұзушылық белгілері бар 3 700 нысан анықталған.
Қазақстан қазіргі кезде Орталық Азияда ғарыш байланыс жүйесі қызметтерін экспорттаумен де айналысады. Десе де, уақыт бір орнында тұрмайтынын ескерсек, адамзат түрлі озық технологияларды қарқынды игеріп жатыр. Кешегі ұшырған спутниктеріміздің тарататын интернет байланысы бүгінгі цифрлы заманның талабына мүлдем сай емес. Сондықтан былтырдан бері әлемнің кез келген жерінде кең жолақты интернетті таратуға мүмкіндік беретін үш алпауыт – OneWeb, SpaceX (Starlink), SES компанияларымен келіссөздер жүргізіп, тиісті жұмыстарға кіріскен болатынбыз.
OneWeb компаниясымен екі рет техникалық тестілеу жүргізіп, интернеттің жылдамдығы мен техникалық сәйкестігін сынадық. SES-тің спутниктік интернетін Алматы облысындағы бірнеше ауылда сынақтан өткіздік. Сынақтар сәтті өтті. Бұл жұмыстарды әзірше қанатқақты жоба ретінде жалғастырып жатырмыз, ал заңға тиісті өзгерістер енгізілген кезде компаниялар толыққанды қызмет ұсынуға кіріседі.
Әңгімелескен
Жақсылық САҒАДАТ,
«Egemen Qazaqstan»