Қазақстан • 27 Сәуір, 2022

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа үндеу

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

2020 жылы Сіздің Жарлығыңызбен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, республика аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Бұл – еңсесі биік, еңбегі ерен ерлердің есімдерін ел есінде қалдыруға жəне Қазақстан тарихында таңбалауға арналған игі бастама.

Өзіңізге мəлім, ғасыр зұлматының кесірінен қазақ қоғамының элитасы, сол кезде елімізді басқарған мемлекет жəне қоғам қайраткерлері Ұ.Құлымбетов, Ж.Сəдуақасов, С.Есқараев, Н.Сырғабеков, Т.Жүргенев секілді асыл азаматтар тиранның тұзағына түсіп, саяси репрессияның жазықсыз құрбаны болды.

Жоғарыда аталған Алаш арыстары 1938 жылы қазіргі Дзержинский көшесі 108-үйде, бұрынғы НКВД түрмесінде «халық жауы» ретінде атылған. Сүйектерін қапшыққа салып, Алматы облысының Іле ауданындағы Боралдай сайына апарып көмген. Боздақтардың қанына бөккен сайды халық «Қандысай» деп атап кеткен. Халық аузында оларды «оққа ұшқан 19 нарком» деп атаған.

1988-1991 жылдары аралығында осы «он тоғыз Комиссар» ұрпақтарының талабымен Боралдайда шағын ескерткіш орнатылған. Алайда идеологиялық мазмұннан жұрдай ескерткіштің архитектуралық келбеті сын көтермейді, хронологиясы да бұрмаланған.

Қазіргі таңда бұл ескерткіш елеусіз, қараусыз, күтімсіз күйде. Тұтас қазақ еліне қамқор болған Алаш арыстарының сүйектері жатқан қаралы, қасиетті жер бүгінде жастардың көңіл көтеру орнына, ит-құстың мекеніне айналған. Тіпті қоршауы жоқ жер қоқысқа толы. Ескерткіш ескіріп, тозығы жеткен. Бұл – еліне қалтқысыз қызмет етіп, жазықсыз оққа ұшқан, арулап жерленбеген асыл азаматтардың сүйегін қорлау деп санаймыз!

Өкінішке қарай, 2 миллионнан астам халқы бар Алматы қаласының аумағында зұлмат заманның құрбандарына арналған ескерткіш жоқ.

Осы ретте Сізден боздақтар жерленген жерге құрбандардың тізімі жазылған тақта орнатып, тəулік бойы азалы əуен ойнайтын жəне барлық тарихи фактілер мен талаптарға сəйкес келетін жаңа ескерткіш салуды, сондай-ақ құрбандарға қатысты құжаттарды құпиясыздандыру жəне жариялауды жылдамдату мəселесін қарастыруды сұраймыз.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған қастерлі орын – қасіретті тарихтан тағылым алатын, өскелең ұрпақты ұлыларды ұлықтауға тəрбиелейтін мекенге айналатыны сөзсіз.

Сіздің қолдауыңызды сұраймыз.

Құрметпен, саяси репрессия құрбандарының ұрпақтары: Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Құрман Сәдуақасов, Сұңқар Қарабалин;

Ғалымдар: Мәмбет Қойгелдиев, Ханкелді Әбжанов, Сайын Борбасов, Бейбіт Қойшыбаев, Сәбит Шілдебай, Светлана Смағұлова