Елорда • 28 Сәуір, 2022

Елордада Нұртілеу Иманғалиұлына арналған көрме ашылды

637 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниеде уақыттан асқан жүйрік бар ма?! Кеше ғана экраннан есті дүние іздеп телмірген көрерменнің көзайымы болған белгілі журналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының өмірден өткеніне де жыл толыпты. Жылтыр сөз, жеңіл күлкіден ада салмақты ой, салиқалы пікірлерімен елдің жүрегін жаулаған тұлғаның орны уақыт озған сайын ойсырап тұр.

Елордада Нұртілеу Иманғалиұлына арналған көрме ашылды

Оңашада сырласатын оның қолы тиген әрбір затпен бүгін көрмеде жақын таныстым. Көзіммен аймалап, жабырқаған көңілді жұбаттым. Азаматтың артында аты қалады екен, қолданған заты қалады екен. Жарқыраған алтын сағат тоқтап тұр, иесін жоқтап тұр. Бәлкім жүрек сағаты тоқтаған күні ол да соғуын тоқтатқан болар. Эфирде киген киімдері қазір қайтып келетіндей күтіп тұр. Үстінен Абайдың кітабын түспеген жұмыс үстелі жұмбақ бір күйге бөлейді. Ауада әлі ағаның жазылмаған сөздері қалықтап жүргендей. Қимылсыз қаламы енді ештеңе айтқысы келмегендей үнсіз тұнжырайды...    

,

Ұлттық музейде бүгін қазақ журналистикасының қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» атты көрме ашылды.

Қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының қоғамдағы рөлі мен  сіңірген еңбегін жұртшылыққа насихаттауды мақсат еткен республикалық көшпелі көрменің ұрпаққа берер өнегесі мол. Ел тірегі – елордадан басталған көрмеге танымал журналистер, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым мен қанаттас достары, шәкірттері қатысты. Тележурналистиканың тарланы жайлы естеліктермен бөлісіп жүрекжарды сөздерін арнап, рухына тағзым етті.    

,

«Бұл көрмені жүзеге асыру өзінің идеясы еді. Мерейтойымды халықтың ортасында, шағын көрмемді бірге алып жүріп өткізсем деп жоспарлаған. Көрмеде өмірде өзі пайдаланған заттары, эфирде қолданған қамшысы, асығы, шоқпары, фотоаппараты, таңдаулы киімдері, еңбегіне сай алған үлкен марапаттары, қолсағаты, жұмыс үстелі сынды дүниелері халыққа ұсынылды. Аталған шара 1 ай бойы елордада өтеді. Ол көшпелі көрме болғандықтан еліміздің бірнеше қаласын шарлап, түйіні туған жері Талдықорғанда қойылмақ. Қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысты. Жетпісіне кітап дайындап жүрді. Оны да жақында жарыққа шығаратын боламыз.

,

«Жазмыштан озмыш жоқ», дейді бабаларымыз. Нұрекең 69 жасаса да мәнді де мағыналы өмір сүрді. Мақсатына жетті. Өмір бойы өзінің сүйікті ісімен айналысып, соның шыңына шықты. Халқының құрметіне бөленді. Соңынан өшпес мұра қалдырды. Журналистикада қалыптастырған мектебі өз алдына бір төбе деуге болады», дейді журналистің жұбайы Қарлығаш Советбекқызы.

Тағылымды шарада Ұлттық Музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап, журналистің жұбайы Қарлығаш Советбекқызы, Мәжіліс депутаттары ақын Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Аманжол Әлтай, Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова, «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ төрағасы Ләззат Танысбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли сөз сөйлеп, жылы естеліктерімен бөлісті.