Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

1975 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірлігі бекем, татулығы тұғырдан түспеген мемлекеттің қашанда мерейі үстем, келешегі кемел болады. Ынтымақ – ырысымызды еселеп, достық абыройымызды асқақтатқан сайын ашық аспан мен бейбіт өмірдің берекесі шайқалмай келеді. Ту етіп көтерген тұтастығымыз, айрандай ұйыған ауызбірлігіміз бар. Балталаса бұзылмайтын, жұлмаласа үзілмейтін, мұқтаждық көріп мүжілмейтін асыл қазынамыз, асыра байлығымыз осы.

Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Бірлігі жоқтың – тірлігі жоқ». Халық даналығы осылай дейді. Түйіннің бір қолмен байланып, бір қолмен шешілмейтінін бір кісідей біліп кеткен бағзы бабаларымыздың айрықша аманаты да осы татулық еді. Сол татулықтың тәжін жоғары көтеріп тұрып егемен ел атандық. Алайда азаттықтың алғышарты одан айы­рылып қалмау екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол үшін болаттай берік, жүректей жұмыр ауызбіршілік қажет. Ұлы дала төсін мекен еткен әрбір ұланның көкірегінде осы ой жатыр. Оған Қазақстан дейтін қара шаңыраққа уық болып қадалып, кереге болып керілген қаншама этностың тілегін қосыңыз. Міне, ел ішіндегі ерен ынтымақ бөлініп, бөріге жем болмауды осылай үлгі етті. Осылай үйретті.

Қаз дауысты Қазыбек бидің «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген бір ауыз сөзін бүтін ел біледі. Соны ба­йыпты бағыт, лайықты бағдар етіп алады. Бүгінгі ұрпақ осыны ұмытпаса, ертеңгі ел жастары ерекше ұлықтаса игі еді. Себебі татулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ!