– 2021 жылы отандық автомобиль өндірісі 93 мың бірлікті құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 20%-ға жоғары. Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстан аумағында 22 239 бірлік техника өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4%-ға артық. Ресми дилерлердің жаңа автомобильдерді сатудағы отандық өндірістің үлесі 2021 жылы 65%-ды құрады. Бұл ретте, B және C сынды ең танымал санаттардағы отандық жеңіл автомобильдердің үлесі 75%-ды құрады, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков.
Оның айтуынша, қазақстандық автоөнеркәсіптің өнімі шет мемлекеттерде де сұранысқа ие. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандық автомобильдердің экспортты 49%-ға өсіп, 12 103 бірлікті құрады. Ал 2020 жылы небәрі 8 122 бірлік автокөлік экспортталған болатын. Отандық өнімдер негізінен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Беларусь сынды мемлекеттерге экспортталды.
– Бүгінде әлемде микрочиптердің (жартылай өткізгіштердің) жетіспеушілігінен автокөлік тапшылығы, сондай-ақ автомобильдер мен компоненттерді жеткізу бойынша логистикалық тізбектердің бұзылуы байқалады. Бұл ретте автоөндірушілер отандық автокәсіпорындар үшін құрамдас бөлшектерді жеткізу квоталарын ұлғайту жөнінде тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп келеді. Соған қарамастан отандық өндірушілер 2022 жылы шамамен 109 мың дана жеңіл автокөлік құрастыруды жоспарлап отыр, – деді спикер.
О.Сапарбеков еліміздегі жеңілдетілген автонесиелеу мәселесіне де тоқталды. 2015 жылдан бастап Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылған болатын.
– Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2021 жылдың мамыр айына дейін бас-аяғы 82 млрд теңге бөлінді. Биыл 31 наурызындағы жағдай бойынша аталған сомаға 30 мың автокөлік сатып алынды. Қаражаттың револьверлік айналымы есебінен 162 млрд теңгеге несие берілді. Яғни өтелген сома өтініш берушілердің жаңа несиелеріне жұмсалады. Қолжетімді көліктердің тапшылығын ескере отырып, Үкімет жеңілдетілген автонесиелеудің жаңа бағдарламасының іске қосылғаны туралы хабарлады. Бағдарлама «Халық банк», «Еуразиялық банк», Jusan банк, Bank Center Credit, Forte bank сынды екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады. Сонымен қатар ел Үкіметі биыл 15 сәуірде қаулы қабылдап, онда «Жасыл даму» операторының қаражаты есебінен 100 млрд теңге мөлшерінде автонесиелеудің жаңа бағдарламасы қолға алынды. Бұған қоса 30 млрд теңге мөлшерінде автобус паркін жаңартуға лизингтік қаржыландыру көзделді. Бағдарламаға бұған дейінгі бағдарламаға қатысқандар да қатыса алады. Электронды кезек жасалады, – деді спикер.
Бағдарламаның негізгі шарттары: жеңіл автокөліктің 1 бірлігі үшін қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Бір несие алушыға екі жыл ішінде бір реттен артық несие берілмейді. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Бастапқы жарна 0%-да басталады. Автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Қазіргі кезде бағдарламаны іске асыру үшін «Жасыл даму» АҚ қажетті қаражатты берумен байланысты рәсім жүргізілуде.
– Өткен 10 жылда біздің кәсіпорындар ірі торапты және ұсақ торапты құрастыруды меңгерді. Қазақстан аумағында автоөнеркәсіптің «жергілікті қамту» деңгейі орта есеппен 33%-ды құрайды. Ал кейбір модельдер бойынша 50%-ға дейін жетеді. Бұл ретте «жергілікті құрам» ұғымы мен «локализация» ұғымын ажырата білу қажет. Жергілікті қамту үлесін есептеудің бекітілген әдістемесі бар. Ол тек тауарлар есебінен ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы қосылған құннан да есептеледі. Мәселен, жұмыс орындары, жалақы, автомобиль жасау шығыстары. Локализацияға келетін болсақ, оған дамыған технологиялар мен басқа процестер, соның ішінде дәнекерлеу, бояу және құрастыру арқылы қол жеткізіледі. Шағын торапты құрастыру шамамен 1000 операциядан тұрады, – деді спикер.
Бүгінде еліміз құрамдас бөліктер өндірісін дамыту бойынша қосымша міндеттемелер бар жаңа кезеңге көшіп жатыр. Мысалы, автоөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы машинасын жасау кезінде аккумулятор, алюминий дискілер, пластикалық бөлшектер, дестелегіштер, су және май сорғылары, мотор асты рамалары, майлар сынды отандық өндірістің фильтрлері техникаға орнатылды.
– Бұған қоса, 2021 жылғы наурызда «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға арналған компоненттерді өндіру бойынша Қостанай қаласында оқшаулау орталығы пайдалануға берілді. 2021 жылғы сәуірде Саран қаласында шина шығаратын зауыттың құрылысы басталды. 2024 жылы Қостанай облысында «КАМАЗ» ЖАҚ бірлесіп, қозғалтқыш бөлшектері мен белдемені шойыннан құю жоспарланып отыр, – деді О.Сапарбеков.
Компоненттік базаны дамыту бойынша басқа да жоспарлар бар. Мәселен, резеңке және пластик интерьер бөлшектерін, әйнек, орындық, кабина, дискілер, штамптау бөлшектерін шығару көзделуде.
– Жаңа геосаяси және экономикалық факторларға байланысты адамдардың көбі жаңа өндіріс алаңдарын ашу жайлы ойлана бастады. Қазақстан жаңа әрі жұмыс істеп тұрған өндіріс алаңдарын құру бастамасына әрқашан ашық. Автоөнеркәсіптегі әлеуетті серіктестер тіпті бірқатар болашағы бар бастамаларға үміт арта тоқталды. Қазақстанда өз өндірісін оқшаулауға шешім қабылдаған инвесторлар үшін жеңілдіктер, преференциялар және басқа да ынталандыру шаралары ұсынылады, – деді спикер.