
«Білікті мамандарымыз бен білікті жастарымыз елден кетіп жатыр» деп дабыл қаққанымызбен, сарапшылар мұның әлемдік тенденциядағы қалыпты жағдай екенін айтады. Шетелге brain drain үрдісімен кетіп, екі қолға бір күрек табуды мақсат тұтқан осындай жастардың бірі – Әйгерім.
«Шетелде тұрып жатқандағы негізгі мақсатымыз – жұмыс», дейді ол. Әйгерім Сейтенова 2018 жылы күйеуінің жұмыс бабымен Ақтөбеден Данияның Эсбьерг қаласына қоныс аударған. Өзі қаржыгер, күйеуі мұнай саласында қызмет етеді. Екі қызының үлкені Қазақстанда, кішісі Данияда дүниеге келген.
– Елімізді, жерімізді естен шығармаймыз, туған-бауырларымызбен жиі байланысқа шығып, елге жыл сайын барып сағынышымызды басып қайтамыз. Ертеңгісін ояна салысымен Қазақстанның жаңалықтарын оқимын. Қантарда болған жағдай бізді қатты алаңдатты. Дәл сол кезде елге барамыз деген жоспар бар еді, кейінге қалдырдық. Украинадағы жағдай және оның Қазақстанға ықпалы да алаңдатады. Өзге елдің әлемдік ережеге бағынбас өз саясаты болғанымен елімізге кесірі тие ме деген қорқыныш та жоқ емес. Осының барлығы жақсы аяқталса екен деп тілейміз, – дейді Әйгерім.
Әйгерімнің айтуынша, Дания елінде қазақтар саны біршама. Бір ғана Эсбьерг қаласында он үш қазақ отбасы тұрады. Олардың барлығы – жұмыс бабымен келген және осында шаңырақ құрғандар.
– Ұлттық мейрамдарды үнемі бірге атап өтеміз. Мәселен, биыл Наурызда ұлттық тағамдар дайындап, осындағы қазақтармен бірге тойладық. Бұдан бөлек, жыл сайын Бірлік күнінде ұлттық киімдерімізді киіп, қазақ биін билеп, әнін шырқап, өнер көрсетіп қайтамыз, – дейді Әйгерім.
Ал Ғалия Түркияға осыдан 12 жыл бұрын білім алуға барып, бүгінде Ыстанбұл қаласының тұрақты тұрғынына айналған.
– 2009 жылы Түркия мемлекетінің шетелдік студенттерге бөлінген грантын ұтып алып, магистратураға келген болатынмын. Магистратураны бітіріп, елде алты айдай болдым да, докторантура оқуға қайта келдім. Содан тұрмыс құрдым, сөйтіп осы жақта қалып қойдым, дейді ол.
Ғалия Серікқызы қазір әлеуметтану мамандығы бойынша докторантурада білім алып жатыр. Оқудан бөлек салалық аударма жасайды. Жолдасымен бір ұл тәрбиелеп отыр. «Қазақстанға сирек келгенімізбен елдегі оқиғаларға бейжай қарамаймыз, алаңдайтын жағдайлар көп», дейді Ғалия.
Қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың бізге ықпалы секілді ешкімді бейжай қалдырмайтын саяси мәселелер мені де алаңдатады. Одан бөлек елде әлеуметтік мәселелелер де ушығып тұрғаны сезіледі.
Әңгімеге тартқан қандасымыздың бірі – Данияр Сүндетбай. АҚШ-тың Калифорния штаты, Лос-Анжелес қаласында тұрады. Білім іздеп, ғылымға бет бұру мақсатымен барған ол қазақтардың көп шоғырланған жерін әдейілеп таңдап барыпты.
– Ұлымның ана тілін ұмытпауын, елдің салт-дәстүріне жырақта жүрсе де қанық болып өсуіне ерекше мән бердік. Әрине, Лос-Анжелесте өмір сүру, жағдай жақсы болғанымен, аз уақыттың ішінде туған жерді сағынып үлгердік, – дейді ол.
Даниярдың отбасымен АҚШ-қа кеткеніне бір жылдан асқан. Мұнда қазақ отбасылары мен азаматтары өте көп. Оның бір бөлігі студенттер болса, енді бірі – тұрақтап қалғандар. Ішінде жеке кәсіп ашып, шағын бизнесін дамытып жатқандар да аз емес.
– Өткен жылы Калифорнияда Қазақ орталығы ашылды. Мұнда қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабағы, домбыра, спорт үйірмесі жұмыс істейді. Қазақ балаларын боксшы Мадияр Әшкеев спортқа баулып, бокстың қыр-сырына қанықтырып жүр. Барлығы тегін. Жақында Наурызды дүркіретіп тойлап өттік. Қазақ ертегілерінен көрініс қойып, арқан тартып, асық аттық, қазақ әндерін шырқадық. Қасиетті Рамазан айында көбіміз ораза тұтып жатырмыз, күнде бір қазақтың үйінде ауызашар. Мұның барлығын балаларымыз көріп отыр. Жат жерде жүрсек те қазақы болмысымыздан аттап кеткен емеспіз. Себебі жырақта жүрсек те туған жер жүрегімізде, – дейді Данияр.
– Калифорнияда шаңырақ құрып, отау тігіп жатқан отандастарымыз да аз емес. Беташар, ұзату тойлары қазақтың жөн-жоралғыларымен өтеді, – дейді Даниярдың зайыбы Сандуғаш.
P.S. Әйгерім мен Ғалия шетелде тұрғылықты қалуды жоспарлап отырса, Данияр «келген мақсатымды орындап, елге қайтамын, туған жерде қызмет атқарамын» дейді. Әңгіме кезінде үшеуінен де елге деген сағынышты, туған жерге деген жылылықты байқадық...