Аймақтар • 29 Сәуір, 2022

Біздің ауыл осындай!

446 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін бір-бірін түстеп танығаны былай тұрсын, әрқайсысының жандүниесіндегі тылсым сезімді тілсіз ұғып, тілектері мен ниеттері бір арнада тоғысып жататын, сүттей ұйыған, ажарлы ауылды көргенде, ырысты ынтымағына дән риза болатының бар.

Біздің ауыл осындай!

Етек-жеңі кең пішілген Садо­вый ауылы Шағалалы өзенін ­жиектей орналасқан. Ерте көк­тем­де ғана арнасынан асып, бір та­сып, буырқанып, бұрқанып ала­тын өзен жаз шыға момақан ке­­йіп­ке енеді. Тойған қозыдай томпайып жатқан Бұқпа тауының омырауындағы малдың тұяғы­нан, соқаның тісінен аман қал­ған бұлқынып аққан бұлақ пен сай-саладағы еріген қар суы ұлы ағыс­­­ты аңсап, құлдилай жүгіріп, Шағалалыға қосылады. Өзен суы осылай молықпақ. Жаңаша ке­йіпке енбек. Суы мөлдірленіп, арнасы сынық сүйем болса да сәл кеңіп, үй жыққандай екпін­мен кенезесі кепкен даланы аралап, ентелей ақпақ. Өзеннің тіршілігіне қарап отырсаң, ел болмысы да дәл осылай екен деп түйсінерің бар. Әрідегі данышпан қазақ «елге ел қосылса құт» деген. Бір кезде жергілікті ұлт өкіл­дері саусақпен санарлық елді мекенге тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайын ат басын бұрғалы ел қарасы кө­бейіп, тіліміз төрге шығып, ғажа­йып әдет-ғұрып, салт-дәстүр уақыт­тың шаң-тозаңын сілкіп тастап, қайта орнықты.

Басынан бағы таймас­тай мық­тап тұрып ірге тепті. Ақ­пай­тын су тәрізді тоқырап қал­ған ортаға жылы ағыс болып құйылған соң­ғы көштің себез­гілеген шырайы еді. Аттың жалында, түйенің қо­мында күн кешсе де атадан ба­­лаға мұра болып қалған ата дәс­­түрдің небір құнарлысын, құн­­дысын кебежесіне салып әкел­­гендей етіп мұндағы жұртқа қай­та табыстады.

ж

– Сонау 1991 жылы жалғыз өзім жер таңдай келдім, – дейді Солтаншәріп ақсақал Абзалұлы. – Бұл жақта ешкімді танып-біл­меймін, орыс тілінен де мақұ­рым­­мын. Заң-зәкөнінен де. Әйте­уір, атажұртқа оралсақ деген асыл арман қос қолтығымнан желеп-жебеді. Сол кездегі Көк­ше­тау облыстық әкімшілігі бас­шысының орынбасары Федор Лесняк деген азамат екен. Обалы нешік, кеудемнен итерген жоқ. Көкшетау ауданын ұсынды. Көк­шетау аудандық әкімдігінде Омар Мырзагелдинов деген көші-қонға жауапты көшелі азамат бар екен, сол кісіге жолықтым. Жақсы деді. Ұсынғаны Еленовка селосы. Ол кезде кеңшар орталығы. Тұрғын үйдің мүмкіндігіне орай Моңғолиядан бет түзейтін 22 ­от­басын Бұлақ, Қарағай, Жа­ңауыл елді мекендеріне бөле­міз деп жоспарлады. Ал біз тау асып, тас басып келген ағайын бір-бірімізге қарайласып отыру үшін бөлінгіміз келмеді. Ке­йін осы ауданның басшысы Кә­рім Жүсіпбековке жолықтық. Аруа­ғыңнан айналайын, жанашыр жан екен. Мәселені бірден шешіп берді. Содан бері осы елді мекен­деп жатырмыз. Айтпақшы, жер мәселесін шешкен соң Баян-Өлгейге бармаймын ба, ондағы жұрт мені қажылықтан келгендей қарсы алды. Көшеміз деп қом­данып отырған қаншама жұрт мұндағы елдің жағдайын сұрап жатыр, мен болсам, қазақтың ең құйқалы жерлерінің бірі – жер шоқтығы Көкшетау ғой деймін.

Ақсақалдың айтуына қара­ған­да, бірден қазақ мектебін ашуға күш салған. Мұғалімдерді де өз арасынан тауыпты. Сол кез­де елуді еңсеріп қалған Солтан­шә­ріп ақсақалдың өзі мектепте еңбек пәнінен сабақ берген.

– Ол кезде облыстық білім басқармасы Көкшетауға белгілі көшелі азаматтың бірі Тельман Мұқышев басқарып тұрды, – дейді ақсақал. – Бір келгенінде өз қолымызбен жасаған еңбек пәні кабинетін көріп, қатты риза болғаны бар. Біздің оқу тәжі­ри­бемізді ұзақ уақыт насихаттады.

Атажұртқа келгеннен кейін мұндағы ағайынға сұрау салып, түп төркініндегі Байтайлақ ба­тырға іздеу салған. Абақ Керей­ден шыққан Байтайлақ батыр за­манында басқыншы жауға той­тарыс берген, ел қорғаған жау­жүрек батыр болыпты. Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылының маңындағы қорым­нан табылған. Былтыр батыр бабаның басына кесене салып­ты. Ерлігін елге мәлім еткен. Әсі­ресе жас құрақтай жайқалып өсіп ­келе жатқан жас ұрпақтың көкіре­гіне құйған. Өнеге ету үшін. Қай­ран да қайран аруақты аталардың ел қорғаған қайтпас қайсар ерлігі үлгі болуы үшін.

– Біздің қазақ қашанда дос­тықты, бауырмалдықты, ағайын ішіндегі ауызбірлікті, ел ішіндегі ынтымақты айрықша бағалаған ел ғой, – дейді ақсақал. – Міне, отыз жыл осы елдің суын ішіп, отын оттап отырмыз. Бұра тарт­қан бірі жоқ. Тіпті бала екеш баланың да жүз шайысқанын есті­меппін. Бұл ауылда орыс та, неміс те, украин да, белорус та, өзге де ондаған ұлттың өкі­лі тұрып жатыр. Достыққа сы­зат түскен жоқ. Ел бірлігін кә­дімгі қазақтың киізүйінің ша­ңырағы деп есептейтін болсақ, сол шаңырақтың тіршіліктің да­уылдары мен жауындарында мызғымай тұруы уық-кереге­­нің мықтылығынан емес пе? Сол уық-кереге мына іргедегі қоңсы қонған орыс пен украин, неміс пен поляк.

Көпті көрген ақсақалдың ке­лелі сөзін тірілтетін тағы бір азаматпен жүздесе кеткеніміз. Ол май­талман механизатордың ­бірі – Анатолий Ломков. Отыздан ­жаңа асқан жігіт. Әуелі жүзіне қа­рап орыс тілінде амандасқан­быз. Әлгі Анатолий қос қолдап «Асса­лау­мағалейкум!» деп сәлем бергенде, ішіміз жылып қалды. Сөйтсек, Ақадыр ауылының тумасы екен, орта мектепті қа­зақ тілінде бітіріпті. Келіншегі Карина да, балдырған қызда­ры Вера мен Ира да жергілікті ұлт тілін жетік біледі.

д

– Тамыр дегенді білесіз бе? – деп сұрады қазақ тілін қазақтан кем білмейтін Анатолий.

Сынай қарап тұрған сияқ­­ты, әлде орыс тілінде аман­дас­қанымды ерсі көрді ме екен.

– Білемін, – дедім мен.

– Білсеңіз сол, менің мұнда тамырларым көп. Мына Азамат Әленов жан аяспас дос, тамыр. Туған топырағымдағы бал күлкілі балалық шақты өткізген қаншама тамыр күн құрғатпай хабарласып жатады. Кейде ойлаймын, осы тамыр деген сөздің өзі тамырымыз бір деген ұғымды білдіре ме деп. Бір топырақта туып, бір жердің ауасын жұтқан соң бір ағаштың жапырағы тәрізді тамырласып кеткен жандармыз ғой. Тілді ғана емес, әдет-ғұрыпты да жақсы бі­ле­мін. Соғым сойған соң араласып жүрген ағайынды омыртқаға шақырып, үлкендердің батасын аламын. Бір ауылда тұрған соң қуаныш та, қайғы да ортақ. Таяуда осы ауылда тұратын бір ағамыз өмірден өтті. Қазақ деген жоқ, бар жұрт, орыс та, неміс те, басқалары да жергілікті елдің дәстүрімен бата қылып, жерледік. Ал той-қуаныш қашанда ортақ. Өзің сыйласаң, өзіңді де жұрт сыйлайды.

Сан ұлтқа қоныс болған ауыл іргесі көркем табиғаттың сұлу­лығы кілкіген көрінісін көшіріп қойғандай. Өзен жағасы қалың тоғай. Беріде еңселі үйлер, бау-бақша егілетін кең албарлар, өт­кен қыстан қалған қоянжон мая­лар ынтымағынан ырысы шал­қыған бірліктің бейнесіндей. Ең шетте еңселі үй тұр. Үй жа­нында сексеннің сеңгіріне та­бан іліктірген Фания әжей Муба­рак­шина ыңылдап ән салып отыр. Тау етегінен себезгілей соқ­қан самал жел әжейдің достық рәуіш­ті көксейтін әдемі әуенін Сары­арқаның кең даласына, бар­­ша қазақ еліне таратып бара жатқандай.

Татарым мен қазағым,

Астана мен Қазаным.

Достығымды мызғымас,

Ән тілімен жазамын.

Астана мен Қазаным,

Тарқамасын базарың.

Мәңгі болсын достығың,

Татарым мен қазағым.

– Жаңа ғана Көкшетаудан келдім. Ассамблея жанында та­­тар халқының «Ғалиябану» ан­сам­блі бар ғой. Күн аралатып да­йын­дық өткіземіз. Біз өзіміздің әні­мізбен, өнерімізбен барша ха­лықты баурап, достық атты ұлы күш­тің жарқын шуағын жү­рек­теріне құйғымыз келеді. Мы­нандай жерде, мынандай елде тұр­ған адам қандай бақытты?! Біз сол елдің мерейін әнмен көр­кейтіп, әнмен айшықтап жүрміз ғой. Міне, Көкшетау туралы әнді тыңдашы, құлыным.

Сұлу ән сызылып жүре бер­ді. Бұқпаның биігінен ұшып, Бура­байды шарпып, Оқжетпестің ас­қа­рына байланып қалғандай. Ақ­ша бұлттармен астасқан зәу биік­тегі аспан астындағы ақ ниет­ті, адал әннің ақ шілтерін Айна­көлдің толқындары іліп алып, әлпештеп жатқандай. Ту­ған жеріңді өзге тілде дәл осы­лай­ша сұлу сезімге орап, жан дүние­сімен беріліп айтқан кезде жүрегің елжіреп, көкірек көзің нұрланып кетеді екен.

зж

– Осыдан екі жыл бұрын сәуір айында қатты дауыл тұрып, үйдің тө­бесін ұшырып әкетті, – дейді Фания әжей. – Қатты қорық­тым. Ке­лесі күні бүкіл ауыл, барша жұрт бір адам­дай жиналып келіп, шатырымды орнатып берді. Тіп­ті мектеп оқушылары да көмек қолын соз­ды. Негізі, бала біткен мені жақ­сы көреді. Ара-тұра дәмі тіл үйіретін бауырсақ пісіріп беремін. Ауылдағы ең басты құн­­ды­­лық, арлы адамгершілікке негіз­делген жылы шы­райлы дос­тық екен. Біз бұған ел ішін аралап жүріп әбден көз жеткіздік.

– Біздің ауылдық округте мың жарымнан астам адам тұ­ра­ды. Оның ішінде ондаған ұлт­­тың өкілі бар, – дейді ауыл­дық округтің әкімі Базарбай Қосаманов. – Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тіршілік етудеміз. Ел іші тыныш, жүген бұзақ телі-тентек жоқ.

– Ұлтқа бөлінбегенмен, руға, атаға бөлініп жататынымыз болушы еді, – дедік біз бірліктің беріктігін білгіміз келіп.

Әкім әуелі ойланып қалған. Содан соң біздің сұрағымызды буынсыз жерге пышақ салғандай көрді ме, шамырқанып барып тіл қатты:

– Жоқ, жоқ атамаңыз. Мен өзім Өзбекстаннан көшіп келген­мін. Ауылдағының атын оздырайын десе, мені осы қызметке қойдырар ма еді?

Жалғыз ауыз сөзі көп жайды аңғартқандай.

Ынтымақты елдің іргесінде Шағалалы өзені ағып жатыр. Он сан жылғалармен толығып, толысып. Құтты жағалауындағы елдің жарқын көрінісі тәрізді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы