Өнер • 29 Сәуір, 2022

Қылқобызбен қара үзді

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласында ұлттық аспаптарда ойнаушылар арасында өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы IV республикалық байқауда Назерке Әбілхасенова бірінші орынды жеңіп алды. Алты жыл бұрын алғаш рет жалауы желбіреген бұл өнер додасында биыл 16-40 жас аралығындағы 31 өнерпаз бақ сынады.

Қылқобызбен қара үзді

Назерке Әбілхасенова Қара­ған­ды­дағы мамандан­дырылған музыка мектеп-интернатының 11-сыныбында оқиды. Оның таңдаған аспабы – қылқобыз.

 – Қатысушылар арасында консерватория оқытушылары, тәжі­рибелі музыканттар болғандықтан, басында қатты қо­бал­жығаным рас. Әйтсе де, сәтін салып, сегіз нөмірден тұратын бағдарламамды жақсы орындап шықтым. Әр турға төрт туындыдан ойнадым. Жеңемін деген сенім болмаса да, барымды салдым, – дейді ол ағынан жарылып.

Назерке мектепті бітірген соң қай оқу орнына баратынын әлі шешпепті. Дегенмен ол өзінің болашақ өмірі музыкамен байланысты болатынына сенімді.

Ал төрешілер алқасының ше­шімімен байқаудың бас жүл­десі алматылық өнерпаз Әсел Қалдымұратқа бұйырды. Екінші жүлде Қарағанды мен Сәт­баев қала­ларынан қатысқан екі өнер­пазға берілсе, Алматы мен ел­ордадан келген үш қатысу­шы жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлде­герлер дипломдармен және ақ­шалай сертификаттармен марапатталды.