Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Қазақстанда 11 мыңнан астам жол белгісі орнатылады

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жол жабынында қысқы кезең мен көктемгі су тасқынынан кейін пайда болған ақауларды жоюға бағытталған кешенді мақсатты бағдарлама бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 11 мыңнан астам жол белгісі орнатылады

Бағдарлама шеңберінде ел жолдарының бойында 11500-ге жуық жол белгісі мен шақырымдық белгінің 2500-ден астамы, 683 ақпараттық панно, сондай-ақ 28 мың дабыл бағанасы орнатылмақ.

Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдардың 600 мың шаршы метріне кезекті жөндеу жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, шұңқырларды жөндеу (474 мың м2), жолды тегістеу (93 мың м2), бойлық және көлденең деформациялық жіктерді жою (6 284 мың п.м). Сондай-ақ, 672 мың шаршы метр жолда жарықтарды бітеу іске асырылмақ.

Сонымен қатар, 4 мың шаршы метрден астам жолға шу жолақтары орнатылады. Бұдан бөлек, шамамен 406 жол буфері, 141 мыңнан астам катафот және 32 жарықдиодты жол белгісі қойылады.

Республикалық жолдарда, сондай-ақ, 63 мың метрге қоршаулар мен автомобиль павильондары мен демалыс алаңдарының 168 бірлігін құру және жөндеу жоспарлануда. Жалпы, жолшылар биыл 15 бағытты қамтитын болады.