Қоғам • 03 Мамыр, 2022

Қоғам пікірі – алдыңғы орында

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз маңызды саяси өзгерістердің алдында тұр және бұл өзгерістер азаматтардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында осы ойды жеткізді.

Қоғам пікірі – алдыңғы орында

Ең бастысы – Конституцияға енгізі­летін өзгерістер халық тал­қысына шығарылады және аза­мат­тарымыздың шешімімен қабылданады.

Президентіміз жұмыс тобы Ата Заңы­­мыз­дың 33 бабына өзгеріс енгізуді ұсын­ғаны туралы айтты. Бұл Конститу­цияның үш­тен бір бөлігі деген сөз. Сон­дық­тан өзгерістер – ауқымды әрі маңызды. Осы­ны ескере отырып, Мем­лекет басшысы респуб­ликалық референдум өткізуді ұсынды.

Бұл – айтулы саяси оқиға деуге толық негіз бар. Себебі мұндай референдум осыдан 27 жыл бұрын өткізілген еді. Ол кезде де қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданған болатын. Содан бергі өзгерістер Парламенттің қатысуымен ғана жүзеге асырылып келгені белгілі.

Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласу­ға шақырып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының, референдум әрбір азаматтың елдің тағдырын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігі дегені сондықтан. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әл­сі­реген сенімді нығайтуға да оң ық­палын тигізетіні анық.

Еліміз қаңтар оқиғасын басынан өткерді. Геосаяси ахуал да шиелені­сіп тұр. Міне, осындай қиындықтар­ға қарамастан, Мемлекет басшысы Қазақстанды демо­кратиялық құндылықтар негізін­де нығай­туға мән беріп отыр. Президенті­міздің тіке­­лей бастамасымен қолға алынған рефор­малардың дені саяси трансформа­ция­ны көздейді. Конституциялық өзгерістерді тұтас ұлттың талқысына салу бастамасын да демократияға негізделген саяси жаңарудың белгісі деп қабылдаймын.

 

Бейбіт ИСАБАЕВ,

Сенат депутаты