Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.
Депутаттардың талқысына кейбір заңнамалық актіге мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымда ұсынылатын болды. Бұл жөнінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мәлім етті.
Сонымен қатар, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті өрт қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары туралы мәлімет берді.
Бюро отырысында депутаттық корпустың заң шығарушылық қызметіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.
“Егемен-ақпарат”.