Театр • 03 Мамыр, 2022

Сәбең театры Оралда өнер көрсетті

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы гастрольдік сапармен Ба­тыс Қазақстан облысына келді.

Сәбең театры Оралда өнер көрсетті

Бұл қызылжарлық өнер ұжы­мының Ақ Жайық өңіріне тұңғыш сапары екен. Гастрольдің алғаш­қы күні оралдық көрерменге Мағ­жан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы ұсынылды. Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ине шаншар жер болмады. Мағжанның сырлы да мұңды шығармасы актерлердің шебер ойынымен, сахналық әдемі де қарапайым шешімдермен керемет ашылып, көрермен жүрегіне жол тапты. Осы кезге дейін екі фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған бұл қойылымды театрдың негізін қалаушы, 20 жыл осы ұжымда қызмет еткен мәдениет қайраткері Батырбек Шамбетов сахналаған екен.

– Біз гастрольге, театр фес­ти­вальдеріне жиі шығып тұра­мыз. Жеткен жетістігіміз де аз емес. Осыдан екі күн бұрын ғана Ақтөбе қаласында өткен «Ба­лау­са» эксперименталды теат­­ры­ның «Үздік актерлік ансам­бль» номинациясын жеңіп ал­дық. Жалпы, театрымыздың құрыл­ғанына 22 жыл болды. 2000 жы­лы Мәдениетті қолдау жылы ашылып, сол жылы ғасырлық ­мерейтойы аталған жазушы Сә­бит Мұқановтың есімін иеленген едік. Содан бері өткен 22 жыл ішінде 100-ге жуық қойылым сахналаппыз. Дегенмен бүгінгі сапарымыздың жөні бөлек. Орал қаласына тұңғыш келуіміз. Біз үшін өте толғанысты, қызықты сапар болғалы тұр. Мұнда бізді әріптесіміз, Хадиша театры­ның басшысы Нұржан Тасболатов ұжымымен жақсы қарсы алды. Өнер адамы көңілге тояды ғой, мәртебеміз көтеріліп, көңілді жүрміз, – дейді бізге Қызыл­жар театрының директоры Қазақ­стан Республикасының мәдениет ­қай­раткері Біржан Жалғасбаев.

Теріскей театрының 40-қа жуық қызметкері Ақ Жайық­қа төрт қойылым алып келіпті. Жоғарыда аталған «Шолпанның күнәсінен» бөлек, италиялық драматург Карл Гальдонидің «Ве­нециялық егіздер» коме­дия­­сы дель арте стилінде, яғни кө­­­рер­менмен етене араласқан күй­­­­де ұсынылмақ. Сербиялық жа­зушы Бронислав Нушичтің «Қа­­рапайым адам» қойылымы адам­­ды тазалыққа, адалдыққа, ма­хаббатқа, жақсылыққа тәр­бие­лейді. Ал кішкентай көрер­мендерге қазақ халық ертегісі не­гізінде сахналанған «Қаңбақ шал» қойылымы тарту етілмек.

ьл

Біржан Нұрмаханұлының айтуынша, қазір Петропавл қа­ла­сында Сәбит театрына ар­нал­ған жаңа ғимарат салынып жатыр екен. 500 көрермен сия­тын ғимарат биылғы жылдың соңында пайдалану­ға берілмек. Бұл Солтүстік Қа­зақстан облы­сының мәдени өмірінде үлкен қуаныш, жаңа­лық болғалы тұр.

– Бұйырса әріптестеріміз­дің сол қуанышын бөлісіп, Қызылжар қаласына баратын шығармыз. Бүгін Хадиша Бөкеева атында­ғы Батыс Қа­зақстан облыстық қазақ драма театры мен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театры арасында әріптестік туралы меморандумға қол қой­дық. Бұл құжатта екі театр ұжы­мының әріптестігі, репертуар алмасу, бір-бірімізге барған кезде қол­дау көрсету, т.б. секілді екі­­жақ­ты келісімдер бар, – дейді орал­дық театр жетекшісі Нұржан Тасболатов.

Гастрольдің алғашқы күні Бір­жан Жалғасбаев сахнаға шығып, оралдық көрерменге өте жылы қарсы алғаны үшін алғысын айтты. Және осы Орал театрын ұзақ жыл басқарған өнер қайраткері әрі көптеген шетел­дік драмалық шығарманы қазақ тілінде шебер сөйлеткен аудармашы Құжырғали Төлеуішевке шапан жапты.

Айта кетейік, қызылжарлық театр труппасында батыс­қазақ­стандық Әділжан Кәрімов пен Нұрбол Асқаров деген қос актер он жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді екен. Осы қос өнерпаздың құрметіне олардың туған жері – Қазталов ауданына арнайы барып, қойылым қою жос­парланып отыр. «Бұл біздің арамызда жүрген әріптестерімізді қолдау әрі олардың кіндік кескен топырағына құрметіміз», дейді Біржан Нұрмаханұлы.