Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай 2 мамыр күні сағат 14:45 шамасында болған.
«Қайтпас-1» шағынауданында 15 жастағы бала суға шомылуға жабдықталмаған шұңқырға түскен. Атап айтқанда, қараусыз қалған карьерлік қазаншұңқырда жерасты сулары көтерілген тұстары пайда болған. Артынша бала белгісіз жағдайда суға құлап, батып кеткен», деді Шымкент қаласы ТЖД баспасөз хатшысы Зарипа Абдуллақызы.
Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД 5 қызметкері, жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушы-сүңгуірлері, 1 техника, 1 жүзу құралы тартылған.
«Жедел-құтқару жасағының құтқарушы-сүңгуірлері оқиға орнына келіп, су астында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күндізгі сағат 16:20 кезінде суға батып кеткен жасөспірімнің мәйітін тапты. Бүгінгі таңда қайғылы оқиғаның себебі нақтыланып жатыр», деді ТЖД өкілі.
Қазіргі уақытта Қаратау ауданының полициясы сот-медициналық сараптама тағайындап, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Қараусыз қалған осы қазаншұңқырда 1,5-2 метр тереңдікте суға батып кету қаупі зорі. Ол жерде суға түсуге болмайды деген белгілер орнатылған. Біз қанша тыйым салғанымызбен, балалар жиі суға барады. Қазір әкімдікпен осы карьерді қоршау мәселесін пысықтап жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдар ол жердің жауып тастайды деп үміт артамыз», деді Зарипа Абдуллақызы.