12 Сәуір, 2014

Жан тербеген «Жанұран»

295 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Алатаудың ар жағы мен бер жағын қатар жайлаған қазақ пен қырғыздың өмірде де, өнерде де барыс-келісі үзілген емес. Бізде қырғыздың дарынды драматургтері­­­­нің шығармалары талай рет сахналанса, бұл елде де қазақ қаламгерлерінің спектакльдері кезегімен салтанат құруда. Сәуірдің 7-8 күндері Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы академиялық опера және балет театрында Шаршен Термечиков атындағы Шу драма театры Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» драмасын сахналады. С.Досанов-6 Қырғыз еліндегі екі бірдей еңселі театр қатар еңбек еткен пьесаның премьерасына Біш­кек­тегі зиялы қауым өкілдері, Қырғыз Республикасының Жогорку Ке­неш депутаттары мен мәдениет саласының майталмандары келді. С.Досановтың «Жанұран» драмасын қоюға Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігі мұрындық болған. Сәбит Досановтың шығар­ма­сы бойынша қойылған қыр­ғыз режиссері Қаныбек Дуй­шен­алиевтің спектакліне халық көп жиналды. Және екі күн қатарынан жүрген «Жанұран» драмасына билеттер алдын ала сатылып кеткен. Спектакльді қырғыз елінің Мәдениет министрі Камила Та­лиева екі елдің өнердегі ықпал­дастығына қатысты ықыласты пікірімен ашып берді. Осыдан кейін сахнада жұл­дыздары жарқырап келе жатқан қырғыз актерлерінің өнерін тама­шалаудың да сәті түсті. Бастапқыда драмаға арқау болған иісі қазаққа белгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, қазақ жастарының ұлттық рухын, жастарымыздың тәуелсіздік үшін күресуін қырғыз көрермендері қалай түсініп қабылдар екен деп қобалжығанымыз да рас. Деген­­мен, драма ширатыла келе қалың көрерменді бір деммен алып шықты. Спектакльдің басты кейіп­кері – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке риясыз қо­шеметпен қол соқты. Қойылым аяқ­талғанда алған әсерінен айы­рыл­маған қырғыз студенттері спек­­такльдің ұнағанын, әсіресе, тәуел­сіздіктің қадірін терең түсін­ген­діктерін, толқығандарын айтып жатты. Қазақтың қайсар перзенті – Қай­раттың рөлін «Үміт» сый­лы­ғының лауреаты Бактыбек Нурмат уулу, Фатиманы – Майрамкүл Бегиманқызы, Колбинді – Эрлан Бекчоро уулу, Дәметкен ана бей­не­сін Нарынкүл Токтобекқызы ойнады. Алмаз ақынның рөлін Нурбек Урматжан уулу сомдады. – Қайраттың бейнесін беру мен үшін оңайға соқпады. Талай ізденісті бастан өткердім. Қажыр-қайратын, ерік-жігерін, бойындағы төзімділік пен намысшылдықты беруге барынша ұмтылдым, – дей­ді артист Бактыбек Нұрмат уулу. Қойылым барысында режиссер ізденісі, балетмейстер – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Талант Осмоновтың қол­таңбасы айрықшаланды. Азат­тық­қа ұмтылған бұлқыныс бидің тілімен тамаша берілді. Актерлер машықтана келе әлі де кем-кетігін биігіне көтерері сөзсіз. Өйткені, қойылым аз ғана уақыттың ішінде даярланған, соған қарамастан, театрдың шығармашылық ұжымы ілкімді ізденістерге барғаны бай­қалады. Мәселен, театр қа­уым­дас­тығы қойылымды музыкамен әрлеген Дарыйха Курбанованың сәтімен таңдалған саздарына ризашылықтарын білдірді. Осы арада 25 жыл бұрын жазылған туындыны сахналауға қырғыздың бұрынғы Мәдениет министрі Сұлтан Раев ықпал еткенін айту керек. Ол өз елінің дарынды драматургы әрі мықты өнер сыншысы екенін айта кетейік, Сұлтан Раевтың да «Меккеге бастаған ұзақ жол» атты шығармасын Астанадағы «Жастар театры» сахналап, қазақ театр өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрына апарып қойғаны белгілі. Оның үстіне аталмыш қойылым Орталық Азия елдерінің халықаралық театр­ фестивалінде де Бас жүлдені жеңіп алған. Мұның бәрін жіпке тізіп баяндап отырғанымыз, осындай зерделі драматургтың таңдауы «Жанұран» спектакліне текке түспесе керек. Өз елінің жастары тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін білсе, қастерлесе дейтін қырғыз қоғам қайраткерінің мақсат-мүддесі ақталды деп айтуға енді болатын шығар?! Дегенмен, Алатаудың ар жа­ғында қойылған спектакльді талдау, сынауға әлі ерте. Ең бастысы, қойылым талғампаз көрермендер тарапынан жақсы қабылданды. Жиналған жастар драманың өзегіне бойлады. Спектакль аяқталғаннан кейін айыр қалпақты бауырлардың бетке ұстар азаматтары спектакльді қойған Шаршен Термечиков атын­дағы Шу драма театрына алғыс айтып, пьеса авторы – қазақтың белгілі жазушысы, драматург, Қырғыз Республикасы «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Сәбит Досановты төрге оздырды. Қырғыз Республикасы Жо­гор­ку Кенешінің төрағасы Асилбек Жээнбеков қазақ пен қырғызға ортақ сыйлы дәстүрлерді атқарып, құттықтау хатты тапсырды. Бұдан кейін қырғыз халқының өнер майталмандарымен бейресми жағдайда дидарласудың сәті түсті. Сәбит Досанов спектакль режиссерлері­мен, қырғыз актерлерімен кеңінен кеңесіп, қойылымға қатысты ойларын ортаға салды. Пьесаны аударған Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Маркабай Ааматов спектакль сахналанғанша автордың Бішкекке үш рет келіп, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтып тұрғанын алға тартады. – Еңбегіміз еш кетпеді. «Жан­ұран» жастарға тағылым бол­ған жақсы қойылым болды. Театр толды. Залда студенттерден бас­тап, қырғыздың атақты сурет­шілері, ақындары, елжанды аза­маттары отырды. Қазақ пен қырғыздың барыс-келісі, алыс-берісі ешқашан үзілмеген. Бірақ, екі халықты жақындатқан талай әдеби алыптар кетіп жатыр. Аралас-құраластығымыз үзілмесе екен. Бүгінгі өнер оқиғасы қазақ пен қырғызды ғана емес, бүкіл түркі әлемін татулыққа шақырып тұрсын! – деді Маркабай Ааматов. Ал ақынды сомдаған жас актер Нурбек Урматжан уулу жақсылыққа үндеген жақсы шы­ғарма жазған қазақ жазушысына, оны сахналаған қырғыз драматургтеріне, рөлді сеніп тапсырған режиссерге шынайы алғысын білдіріп, мұның бәрі де үлгі дейді. Қырғыз Республикасының Ел Батыры, белгілі драматург Бексұл­тан Жакиев: «Бішкек шаһарында бүгін жақсы оқиғалар болып жатыр. Бұл – екі елдің мәдени байланысын арттырады, менің пьесаларым да Қазақстанда қойылып жатыр, бұл үлкен қуаныш. «Әке тағдыры» пьесам Қостанайдағы орыс театрында жүруде», дейді. Шаршен Термечиков атындағы Шу драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Оросбек Айдаров қырғыз сахнасында қойылған қазақ жазушыларының туындыларына тоқталып, «Жанұран» спектаклін драматург Сұлтан Раев әкеліп бергеннен кейін көркемдік кеңестің талқысына салып, бүгінгі күннің ахуалына орай, көрермендерге ой салатын спектакль болады деп шешім қабылдап, драманы қоюға бел шеше кіріскендерін айтады. – «Жанұран» қазірге қырғыз сахнасындағы ең жақсы спек­такль­дің бірі. Өз елін, өз тәуелсіздігін сүйген қазақ жазушысымен театр төрінде тоқайласқанымызға, осындай талантты жазушымен кез­дескенімізге разымыз. Негізі пье­саның материалы 3 сағатқа созы­лады. Бір жерін қысқартсаң, екінші жерінен айырылып қала­мыз. Ойды, оқиғаны түгел беру үшін Сәбит Досановпен спек­такль сахналанғанша қоян-қол­тық жұмыс істедік. Сәбит аға премье­радан кейін кетіп қалса, «ұрыс­қанын» да сағына­мыз-ау, – дейді театрдың көр­кемдік жетек­шісі бір жағы қал­жыңға сүйеп. Театр директоры Оросбек Ай­да­ров өздерінің жас театрының жаңа қойылымы қырғыз еліндегі ең үлкен – А.Малдыбаев атындағы ака­демиялық опера және балет теат­рының көмегімен қойылғанын жоқ­қа шығармайды. Опера театры­­­ның суретшілері мен хореограф­та­ры «Жанұранды» қоюға атсалысқан. Бұл елде де депутаттар мен министрлер әрдайым театрға бара бермейді. Өнерге талпынып туған жастардың қойылымға көптеп жиналғанына қуанған қоюшы-режиссер Каныбек Дуйшеналиев: – Осындай терең тақырыпқа барған қазақ жазушысына алғыс­тан басқа айтарымыз жоқ. Көрер­мендер де, актерлер де осыны терең түсініп, бір жасап қалды. Спектакльдің мәнін түсініп, риза­шы­лықтарын білдіріп жатыр. Әрине, драма аяқталғанша халық оны қалай қабылдайды, тарихи оқиға мәнін түсіне ала ма, көптің көңілінен шыға ала ма деп қобалжығанымыз рас. Қазақ пен қырғызды енді Құдай кесірінен сақтасын! Тек осындай өнер мерекелерінде ғана табысып, татуласып жүре берсек екен, – дейді. Сонымен, араға отыз жылдай уақыт салып барып, қырғыз сахнасына оралған драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» спектаклі өнер көпірін жаңғыртып өтті. Сонау 1985 жылы М.Әуезов театрының артистері гастролдік сапармен Қырғыз еліне келіп, жазушының «Дауыл» атты пьесасын қойған екен. Ол кезде де қойылым жылы қабылданып, әсерлі шығыпты. Осылайша, қаласаң екі-үш са­ғатта жетіп баратын Бішкектегі аға­йындарымыз қазақтармен қимай-қимай қоштасты. «Су үзілсе де, сү­йек үзілмейді», сағына-сағына ба­уырларымызға тағы барармыз. Өйт­кені, өнердегі жоспарлар жет­кі­лікті. Тек мал-жанымыз аман бол­ғай! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. –––––––––– Суретті түсірген автор.