Аймақтар • 04 Мамыр, 2022

Күріш өнімін арттыратын жоба

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының жобалары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсында 32 млн теңге қаржылай қолдауға ие болды.

Күріш өнімін арттыратын жоба

Конкурста жеңіп шыққан жоба­ның бірі – күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған био­тыңайтқышпен топырақты құнар­ландырып, дақыл өнімділігін арт­тыруға бағытталған. Оны химия ғылымдарының кандидаты Нұр­лыбек Ахатаев бастаған ғалымдар тобы жасапты. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту салаларын зерттеп жүрген жас ғалым 70-тен аса ғылыми жұмыс авторы.

– Инновациялық жоба арқылы күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынған биотыңайтқышты пайдалану есебінен топырақ құнар­лылығын арттырып, көкөніс және бақша өнімділігін еселеудің жолдарын дәлелдейміз. Қаржылай қолдауға ие болған идеяны Қар­мақ­шы ауданы Тұрмағанбет ауы­лындағы «Тұрмағанбет» ЖШС-де іске асыру жоспарланып отыр, – дейді Н.Ахатаев.

Жоба нәтижесі аймақтағы орга­­никалық егіншілік тұжырым­дамасының дамуына әсер етпек. Жалпы ғалымдар егін шаруа­шы­лығын су тапшылығы және кли­маттың өзгеріс жағдайына бейімдеу технологиясына бет бұруымыз керектігін айтады.

– Су тапшылығынан күріш ал­қап­тарын қысқарту туралы мә­се­ле жиі көтеріліп жүр. Біздің жас ғалымдар жасап отырған жо­ба­­ның негізгі мақсаты топырақ құ­на­рын арттыру арқылы егістік кө­­ле­мін ұлғайтпай-ақ көп өнім алу­­­ды көздейді. Осы арқылы ауыл­­шаруашылық дақылдарының өнім­ділігін ұлғайту бастамасы өнді­ріс­ке енгізіледі. Осындай ғылыми-зерт­теу жұмыстары арқылы тың әдіс­терді іске асыруымыз керек, – дейді тех­ника ғылымдарының докторы, агробиологиялық орталықтың бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов.

Бұл жобалар бойынша жұмыс­тар осы жылдың соңына дейін жүргізілмек. Биыл гранттық қаржы­ландыру конкурсына университеттен 17 жоба ұсынылыпты. Қазір іріктеуден өткен 6 жас ғалымның жобасы Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында жатыр.

 

Қызылорда облысы