12 Сәуір, 2014

Кәусар үнді әнші

640 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
рахимова5 001Әлемдік опера жұлдыздарының бірі Мария Калластың: «Әнші – мәңгі студент, өнерін дамыту үшін ол үнемі ізденісте жүреді» деген сөзі бар екен. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Жұмағаным Рахимова осы ойлы тіркесті үнемі ұстанатынын байқап жүреміз. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, Жұмағанымның өнер жолы мен ән өлкесінде оған жақсы ұстаздар кезікті. Бұл ретте ең алдымен ол үшін Бибігүл Төлегенованың орны бөлек. Ән режиссурасының ішкі иірімдерін және ән салу мәдениетінің қайталанбас заңдылықтары мен ерекшеліктерін Ж.Рахимова бірінші кезекте қазақ ән өнерінің бүгінгі корифейінен үйренгенін әркез мақтан тұтады. Сондай-ақ, Италия ән мектебінің қабырғалы өкілі Александр Курганов пен вокал бойынша Орталық Азиядағы тұңғыш профессор Бекен Жылысбаевтың оның ән көгіне қанаттанып ұшуына қосқан үлестері мол. Жұмағаным Рахимованың есімі еліміздегі барша әнсүйер қауымға танымал. «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде қызмет жасаған жылдарын ол айрықша толқыныспен еске алып жүреді. Атағы алысқа кеткен осы оркестрдің құрамында жүріп, біздің бүгінгі кейіпкеріміз елге кеңінен танылды. Әрі екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін Латиф Хамидидің «Бұлбұл» және «Қазақ вальсі» әндері оның жүрегіне қашанда жақын. Бұл күрделі шығармалар қазақ ән өнерінің жарық жұлдыздары Күләш Байсейітова мен Бибігүл Төлегенованың репертуарынан тұрақты орын алып келгенін ескерсек, Жұмағаным Рахимованың тастай тәуекелдігі мен батылдығы, кәсіби ән шырқау шеберлігі айқындала түседі. Сондай-ақ, оның ән падишаларына жалаң еліктеп-солықтамай өзіне тән ән айту мәнері мен машығын таба білгені де атап айтуға тұрарлық. Ол үшін «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» опе­расындағы Қыз Жібек пен Сараның ариялары айрықша ыстық. Сондай-ақ, қазақтың өнерлі қызы Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» мен әлемдік музыкадан А.Алябьевтің «Соловейін» тамылжыта шырқаған кезде де өзінен-өзі биіктеп, өзін-өзі ұмытып, қалқып, қанаттанып, құлпырып сала береді. Мақсаткерлік – қай кезде де кештік етпейтін, толдым, толыстым дейтін жылдармен бірге келетін келеңсіз кеудемсоқтық дертінен сақтап отыратын адам бойындағы айрықша қасиеттің бірі. Осындай бітім-болмыс бірнеше дүркін халықаралық музыка фестивальдарының лауреаты, республикалық телерадиокомпанияның алтын қорына жүзден астам халық әндері мен қазақ және шетел композиторларының шығармаларын жаздырған өнер шебері Ж.Рахимоваға да тән десек қателеспейміз. – Айталық, Италияның әрбір қаласында кем дегенде екі-үш опера театры бар. Қазіргі мақсатым классикалық ән қайнары кемелденген сол елге барып әншілерді тыңдау, олардың қандай жұмыс істейтінін көру болып отыр. Консерваторияны аяқтаған кезде дипломдық жұмысым Пуччинидің «Чио-Чио-Сан» операсындағы Баттерфляйдың образы болған еді. Осы айшықты да бедерлі бейне өмі­­рім мен өнерімде өшпестей із қалдырды. Сту­денттік шақтағы жарқын сәттер еш уақытта ұмытылмайды. Содан ба екен Баттерфляй бейне бір өмір бойы менімен бірге қатар жүріп келе жатқандай көңіл-күйге берілетін сәттерім аз емес. Ұлым Аспандияр мен қызым Ақботаны ертіп сол жаққа бір барып қайтқым келеді де тұра­ды. Бұл қадамыма балаларымның әкесі, мар­құм, өмір мен өнердегі серігім болған қазақтың дарынды ұлдарының бірі, әнші-композитор Әшір Молдағайыновтың рухы да риза болатын шығар деп ойлаймын, – дейді белгілі әнші. Иә, Жұмағаным Рахимованың кәусар көңілден шырқата, тамылжыта әрі әуелете салған әндері қай кезде де тыңдаушысының құлақ құрышын қандыра алады. Әнші бақыты дегеніміз де мүмкін осы шығар. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. –––––––––––––– Суретте: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Жұмағаным Рахимова.