Саясат • 05 Мамыр, 2022

«111 шұғыл қызметіне» 25 мыңнан астам өтініш түскен

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны Amanat партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жан-жақты саралаған болатын.

«111 шұғыл қызметіне»  25 мыңнан астам өтініш түскен

Балалардың құқығын қорғау, жоғарыда айтылған жоспарды зерделеу – Amanat партиясына артылған аманаттардың бірі екені даусыз. Осы орайда партияның фракция мүшелері Динара Зәкиева мен Елнұр Бейсенбаев баспасөз мәслихатында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

Жыл басынан бері өңірлердегі 147 мың бала қоныстанған 247 интернатта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Ал оған дейін 130 мекемеде осындай жұмыстарды атқару туралы іс-шаралар қабылданған.

Әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, балаларға ке­шенді түрде көмек көрсету және жеткіншектерді зорлық-зом­былықтан сақтандыру билік пар­тиясының басты миссияларының біріне айналған. Партия жанынан ашылған «111 шұғыл қызметіне» соңғы кезде 25 мыңнан астам өтініш түскен. Нәтижесінде, арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарының бірлесіп атқарған жұмысының арқасында қиын жағдайдағы 64 мың отбасына кешенді көмек көрсетілген. Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен жылы бала­лар мен отбасыларға көмек көр­сетуге бағытталған 6 мыңнан астам іс-шара өз деңгейінде жүргізілген.

Баспасөз мәслихатында Мәжі­ліс депутаттары Үкімет қаулы­сымен бекітілген Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жос­парын жан-жақты тарқатып айтты. Жалпы жұмыстарды жүйелі түрде атқару үшін 48,3 млрд теңге, оның ішінде 16,7 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылғаны белгілі. Құжатта қарастырылған 50 тармақтың басым бөлігін депутаттар қайта қарау қажет деп есептейді.

«Мұндағы жоспарда шығар­машылық байқаулар, балалар лагерьлеріндегі жазғы мау­сым­ның ашылуы, жиындар және өзге мәселелер қамтыл­ған. Алайда қаржыны барлық ба­лалардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне, түскі аспен қам­тамасыз ету секілді бағыттарға неге пайдаланбасқа?! Турасын айтсақ, балалардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган саналатын Білім және ғылым министрлігінің осы бағыттағы жұмысы түсініксіз болып тұр», деді Динара Зәкиева мәселеге қатысты ойын білдіріп.

Amanat партиясы фрак­ция­сының мүшелері жүйесіз іс-ша­ра­ларға қажетсіз шығындар­дың орнына аз қамтылған отба­сылардағы әрбір балаға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 35 мың теңгеге дейін арттырудың, әкімдіктерде қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты ұйым­дастыру үшін отбасы істері жө­ніндегі басқармалар құрудың қажеттігін айтты. Отбасы институтын нығайту, отбасындағы қолайсыз жағдайдың, балаларға қатыгездік танытудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлік даму жоспарына енгізу жайында берілген ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау таппағаны да әңгімеге арқау болды.

«Жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын, өңірлер үшін 3-тен 32 миллиард теңгеге дейін қаражат қарастырылған. Алай­да өңірлік жоспарлар көңіл­ге қонбайды. Көрсетілген жоспар­лардың бірқатарында ғана ин­клюзияны қолдау кабинет­терін, дене шынықтыру орта­лық­тарын, аутизм дертіне шал­дық­қан балаларға арналған орта­лықтарды ашу секілді маңызды іс-шаралар қамтылған. Бұл жос­пар­дағы маңызды іс-шара­лардың 35 пайызынан аспай тұр», деді депутат Елнұр Бейсен­баев.

Баспасөз мәслихатында депу­таттар өзге де маңызды мәселе­лерді сөз етіп, оларды шешу кезек күттірмейтінін атап өтті.