Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Конституциялық Кеңес шешіміне түсініктеме

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жоба­сының Конституцияның 91-бабының 2-тар­мағына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Конституциялық Кеңес шешіміне түсініктеме

Өзінің қорытындысында Конститу­циялық Кеңес Заң жобасының Респуб­ликасы Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақ­стан халқына Жолдауының аясында әзір­ленгенін атап өтті.

Кеңестің пікірінше, ұсынылған шаралар қоғамның тез трансформациялануға бағыт алған кезеңінде жүргізіліп жатқан реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналған.

Заң жобасымен Мемлекет басшы­сының өкілеттіктері нақтыланған, Пар­ламенттің, мәслихаттардың рөлі нығай­тылған, бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты іске асырудың маңызды факторына айнал­мақ. Жаңғыртылған президенттік бас­қару нысанының құрылымы билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етеді.

Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар биліктің заң шығарушы (өкілді) тармағын қайта форматтауға бағытталған. Бұлар мемлекеттің күшті парламенттік мәдениеті мен институционалдық тұрақтылығын арттырады.

Сенат пен Мәжілісті құрудың жаңа тәр­тібіне оң баға берілді. Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесін енгізу уақыт талабынан туындайды. Сондай-ақ, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутатын сайлаушылардың кері қайтарып алу құқығы да орынды енгізілген. Пар­ламенттің Президенттің қол қоюына заң­ды ұсынуы; Сенаттың Мәжіліс қабыл­даған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы; Үкіметке консти­туциялық құндылықтарға қатер төн­діретін жағдайларда заң күші бар уақыт­ша нормативтік құқықтық актілерді қабыл­дауға құқық беру және басқалар да уақыт талабынан туған өзгерістер.

Республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау кү­шей­тілді.

Конституциялық Кеңес жергілікті мемл­екеттік басқару және өзін-өзі басқару кепіл­діктері күшейтілгенін атап өтті. Оған облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерін тағайын­даудың жаңа тәртібі куә. Сонымен қа­тар, Республика Президентінің аталған әкім­дердің актілерінің күшін жою немесе қолданылуын тоқтата тұру құқығы жойылды.

Кеңес өз қорытындысында өлім жазасын жоюды, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін күшей­туді, прокуратура туралы жеке кон­сти­туциялық заң қабылдауды адам құқық­тарын қорғау саласындағы прогрессивті өзгерістер деп атап өтті.

Конституциялық Кеңес Конститу­циялық Сотты құруға оң баға берді. Кон­ституциялық Сотқа өтініш субъек­тілері қатарына азаматтарды, Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қосу әділ және құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам болатынына ерекше назар аударды. Бұндай қадам тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды институционалды түрде нығайтады деп санайды.

Жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі халық екендігі туралы норманы нақты бекіту болашақта осы тұрғыда әр түрлі түсінулерге жол бермейтін болады.

Осы орайда, Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасының Консти­туциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деп санайды.

Конституциялық Кеңес қорытын­ды­сы­ның толық мәтіні баспасөзде және Кеңес сайтында жарияланады.

 

Конституциялық Кеңес