«Шикізат экспорты көлемінің ұлғаюы (қаңтар-ақпанда + 11 пайыз), энергетикалық ресурстар нарығындағы бағаның әрі қарайғы өсуі (+ 38 пайыз), ұлттық валюта курсының әлсіреуі (8,2 пайызға) және елдегі жоғары экономикалық белсенділік фонында (ІЖӨ 4,4 пайызға өсті) – шоғырландырылған бюджетті толықтырған салық түсімі айтарлықтай артты. 2022 жылдың қаңтар-наурызында 4,7 трлн теңге салық жиналды. Бұл 2021 жылдың қаңтар-наурызындағы көрсеткіштен 2 есеге көп. Абсолютті параметрде салық өсімі республикалық бюджетте байқалады (+1,3 трлн теңге). Өсімнің 90 пайызға жуығын мұнайдың экспорттық баж салығы (+212 млрд теңге) мен ішкі тұтыну тауарларының қосымша құн салығы (+409 млрд теңге) және ұжымдық табыс салығы (+502 млрд теңге) құрайды», делінеді қауымдастық хабарламасында.
Бірінші тоқсанда салық жинау бойынша жылдық жоспарды орындау 30,9 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 20,4 пайыз болған. Ал шоғырландырылған бюджет шығыны 28 пайызға немесе 1,1 трлн теңгеге өсіп, 5,2 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, шығын шоғырландырылған бюджеттің кіріс бөлігінен 8 пайызға немесе 0,4 трлн теңгеге асып түскен.
Бюджет шығындары дегеніміз не? Бұл – түрлі әлеуметтік жәрдемақылар, қарыздарды өтеу шығындары, басқа да түрлі қажеттіліктер. Атап айтсақ, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету үшін – 67 млрд теңге, білім беру саласы үшін – 192 млрд теңге, займдарды өтеу мен оған қызмет көрсету бойынша 559 млрд теңге жұмсалған. Осы үш сала шығынының өзі-ақ бүкіл жиынтық шығынның 74 пайызын құрайды.
«Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 4,7 трлн теңге тартудың жылдық жоспары негізінде 0,7 трлн теңге несие тартылды (+803 млрд теңге). Осылайша, жылдық жоспар тек 14 пайызға орындалды. Осы жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттердің көлемі 4,6 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Соның 1,2 трлн теңгесі аударылды. Ұлттық қордан жасалатын трансферттер осымен үшінші жыл қатарынан 4,5 трлн теңгеден жоғары сақталып отыр. ІЖӨ-ге шаққандағы Ұлттық қор активтері бір жыл бұрынғы 40 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеді. Осы қалпымен азаймауы тиіс қалдыққа таяп келеді (ІЖӨ-нің 30 пайызынан кем болмауы керек)», деп хабарлайды сарапшылар.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, биыл республикалық бюджет шығыны 23,6 пайызға көбейеді. Шығын соңғы үш жылда орташа алғанда жылына 16,7 пайызға өсіп отырған.
«Ұлттық қор активін белсенді пайдалану есебінен шығын ұлғайып жатыр. Биыл 4,6 трлн теңге алынады. Аталған трансферт көлемі пандемия өршіген 2020 жылғы дағдарысқа шаралар пакеті көлемімен бірдей. Сол кезде ІЖӨ 2,5 пайызға дейін қысқарып кеткен еді», деді Ғ.Пірматов.
Бюджеттің жетіспеген тұсын Ұлттық қор қаржысымен жаба беру айырбастау курсына қолдау білдіргенімен, фискалды позицияны әлсіретеді және импортқа деген сұранысты ұлғайтады деген қауіп бар.