Қаржы • 05 Мамыр, 2022

Депозит бойынша көшбасшылар

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандық банктерде жинақталған салым көлемі 26,61 трлн теңгеге жеткен. Бір ай ішінде салымдар 1,07 трлн теңгеге, бір жылда 4,5 трлн теңгеге көбейіпті. Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты геосаяси ахуалдың нашарлағаны және бұл жағымсыз жағдайдың қаржы секторына да оңай тимегені белгілі. Соған қарамастан қазақстандық банктер табысты күйде қалып отыр дейді сарапшылар.

Депозит бойынша көшбасшылар

Қашанда қаржылық тәбетінің жоғары екенін аңғартып келе жатқан (жақында Сбердің 330 млрд теңге көлеміндегі несие порт­фелін де сатып алды) Halyk Bank депозит бойынша көшбасшы саналады. Қаржы институтының портфелі ақпанда 636,1 млрд теңгеге бір-ақ өскен. Жыл басынан бері ондағы салым – 712,2 млрд-қа, соңғы бір жыл­да – 1,74 трлн-ға артқан. Сөй­тіп, жалпы сомасы 9,11 трлн теңге­ні құ­рап отыр. Бұл дегеніңіз – ел­дегі депозит нарығының 34,2 пайызы.

Екінші орында – «америка­лық» Ситибанк Қазақстан. Банк салым көлемін 181,7 млрд теңге плюске шығып, 1,09 трлн теңгеге жеткізген. Бұл қаржы институтының тек корпоративті секторда жұмыс істейтінін айтып өтейік. Бір жылдағы портфелі 402,6 млрд теңгеге ұлғайған. Үштікте Kaspi Bank те бар: бір ай­да депозитке 152,1 млрд тең­ге қосылған, жалпы сомасы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Салым портфелінің 90 па­йыздан астамын жеке тұлғалар­дың ақшасы құрайды.

Ал батыстан соққан бұрқа­сынға тап болған үш ресейлік еншілес банк – «Сбербанк Қазақстан», «Альфа-банк» және ВТБ Қазақстан айтарлықтай ақша жоғалтыпты. Бұл қаржы ұйымдары ақпан айында 515,2 млрд теңгесінен айырылған. Одан бөлек «Заман-Банк» те ұтылғандар қатарында. Салымшылар бұл ислам банкінен 0,8 млрд теңге көлеміндегі соманы кері әкеткен.

«Жаңа дағдарысқа, геосаяси қысымға, ресейлік еншілес банктердің ұтылысына және біздің басты сауда серіктесіміз РФ-ның санкциялық шектеу­лер­ге ұшырап жатқанына қара­мастан Қазақстанның депозит нарығы позитивті дамып жатыр. Халықаралық агенттіктер де біздің банк секторына, жалпы экономикаға оптимистік көз­қараспен қарайды. 1 сәуірде Standard & Poor’s кезекті рет Қазақ­станның дербес несие рейтингін «BBB−/А-3» (Тұрақты) деңгейінде растады. Олар теңгелей салымдарды сақтау үшін мемлекеттің бюджет қаржысы есебінен теңгелік депозиттерді қорғау механизмін енгізгенін де атап өтті. Агенттік дерегінше, 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2 пайыз деңгейінде болуы тиіс», дейді сарапшылар.

Депозит төңірегінде әңгіме қозғалған соң, нарықтан кеткен банктердің депозиттері жайлы да аз-кем сөз қозғайық. Қазір елімізде қызметі тоқтаған 9 банкте жинақталған салымдарды иелеріне қайтару процесі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл процеске Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауапты. Жақында қор төрағасы Әділ Өтембаев әлі 2,3 млрд теңгенің қайтарылмай тұрғанын айтты. Яғни аталған қаржы иелері соманы қайтару туралы өтінім бермеген. Қаржыны онлайн түрде немесе банк бөлімшесіне келу арқылы да алуға болады.

«Қызметі тоқтаған 8 банктегі салымдарды биыл 1 мамырға дейін алуға болады. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ның кешірек жойылуы себепті, оның клиенттері де төлемдерді 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін ала алады», дейді Ә.Өтембаев.

Төлем беру мерзімі аяқ­тал­­ған­нан кейін қызметі тоқта­ған қар­­жы институттарының – «Валют-Транзит Банк», «Казин­вест­банк», Delta Bank, «Эксимбанк Казахстан», Qazaq Banki, «Астана Банк», Tengri Bank және AsiaCredit Bank-тің шотындағы талап етілмеген қаражат 31 мамырға дейін азаматтардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына жібері­леді. «Capital Bank Kazakhstan» са­лымшыларының қаржысы 2 та­мызға дейін зейнетақы шоттарына аударылмақ.