Қаржы • 05 Мамыр, 2022

Шотыңызға бұғау салынбасын

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталғаны белгілі. Ал 2 сәуірден бастап, міндетті төлемін уақтылы төлемеген көлік иелеріне салық берешегі туралы хабарлама жіберіле бастады. Осы хабарламаны алған азаматтар 30 жұмыс күні ішінде төлемақыны салуы тиіс.

Шотыңызға бұғау салынбасын

Қаржы министрлігі Мемлекет­тік кірістер комитетінің мамандары қазақстандықтардың көлік құралдарына салынатын салық сомалары бойынша берешек туралы PUSH-хабарламалар банк қосымшаларына жіберіліп жатқанын жеткізді. «Салық төлеу – әр азаматтың міндеті. Көлік салығы да соның қатарына кіреді. 2021 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуірде аяқталды. Салық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң 3 063 теңгеден көп (бір еселенген АЕК) мөлшерде салық берешегі төленбеген жағдайда салық органы салық бұйрығын шығарады. Осылайша, берешегін өтемеген жеке тұлғаларға тиісті төлемді мәж­бүрлеп өндіріп алу туралы са­лық бұйрығы жолданады. Осы бұй­рық иесіне жеткен күннен бас­тап 5 жұмыс күні ішінде берешек өте­луі тиіс. Әйтпесе бұйрық жеке сот орын­даушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жіберіледі», дейді мамандар.

Егер салық берешегі туралы хабарлама жеке сот орындау­шысына жетсе, онда борышкер салық сомасының үстіне сот орындаушысының қызметі үшін де ақы төлеуге мәжбүр болады. Олардың қызметі салық берешегі сомасының 25%-ын құрайды. Яғни көлігіңіздің салығы шамамен 25 мың теңге болса, онда осы сомадан тыс 6 250 теңгені сот орындаушысына бересіз деген сөз. Оның сыртында банктегі шоттарыңыз бұғатталып, жинаған депозитіңіздегі ақшаны алуға шектеу қойылады.

«Сондықтан берешекті мәж­бүр­­леп өндіріп алуға байла­ныс­ты қолайсыздықты болдыр­мас үшін азаматтар салық бере­ше­гін уақтылы өтеп, мем­ле­кет алдындағы салық міндет­теме­лерін орындауға шақыра­мыз. Са­лық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді (AppStore, PlayMarket) e-Salyq Azamat мобиль­ді қосымшасы арқы­лы тексеруге болады: e-Salyq Azamat→Электронды сервис­тер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу», дейді Мемлекеттік кірістер коми­теті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.