Ән әуелеп, күй күмбірлеген орталық алаңда жәрмеңкедегі сауда да қыза түсті. Сауда дүңгіршектерінде өңір шаруаларының ет, сүт, бал, кондитерлік өнімдері сатылса, келесі қатарларда тері, жүн, ағаштан жасалған ұлттық бұйымдар мен әшекейлер көрмесі қойылды. Көрмеге «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алған кәсіпкердің жиырмасы түгел қатысты. 200 АЕК көлемінде грант алғандар бұл соманы өз ісін бастауға жұмсаған. Атап өтерлігі, биыл грант мөлшері екі есеге артып отыр.
Ашық аспан астында дәмхана ұйымдастырылып, жұртшылық алаңда пісірілген дәмі тіл үйірер кәуап пен палаудан, ыстық бауырсақтан дәм татты. Күш сынасамыз дегендерге түрлі спорт алаңдары ашылды. Сондай-ақ кішкентай балдырғандар үшін ойын-сауық алаңы ұйымдастырылып, балаларға «Эмиль» кәсіпорны тарапынан 900 балмұздақ таратылды.
– Біз үшін Бірлік күні – нағыз отбасылық мереке. Алаңға балаларымызды ертіп келдік. Мерекелік көңіл күй сезіледі, ауа райы да тамаша. Барша өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, бейбіт өмір, мықты денсаулық тілейміз! – дейді өскемендік Руслан Ноғайбаев.
Осы күні Достық үйінің алдындағы алаңда «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» мерекелік іс-шарасы өтті. Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері, этномәдени бірлестіктер әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, ұлттық би фестивалін, «Ассамблея дастарқаны» ұлттық тағамдардың көрмесін ұйымдастырды. Түрлі этностардың ән-билері көпшіліктің көңілін көтеріп, күшіміз бірлікте екенін көрсетті.
Айта кетерлігі, Достық үйі биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтпек. 1992 жылы Өскеменде елдегі тұңғыш Достық үйі ашылып, ішінде алғашқы корей, неміс, әзербайжан, татар этномәдени бірлестіктері құрылды. Бүгінде Достық үйінде 22 бірлестік орналасқан. Мерекелік іс-шаралар кешкісін Арбатта өткен «Мәдениеттер шоғыры» атты жастардың би жарысына ұласты. Дәл осындай концерт, көрмелер облыстың барлық өңірінде өтіп жатты.