Облыстың 551 мектебінде 133 346 оқушы бар. Бала саны баршылық. Қысқа мерзімде осыншама оқушыны мәнді де мазмұнды демалыспен қамту оңай шаруа емес. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары біршама тыңғылықты жүргізілуде. 15 мемлекеттік, 5 жекеменшік сауықтыру демалыс орталығы қарбалас күйге енген. Осы орайда ойда жоқта орала кеткен олжа іспетті жағымды жаңалық та бар.
Әрбір ауысым сайын 350 баланы қабылдауға қарымы қаптал жететін «Сұңқар» сауықтыру кешені «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігінен облыстың коммуналдық меншігіне берілді. Ендігі арада жүкті жеңілдетуге тәп-тәуір септігі тиетін болды. Аталған сауықтыру кешені жыл бойы оқушыларды сауықтыруға үлес қоспақ әрі бұл жерде мәдени-көпшілік шараларды өткізуге мол мүмкіндік бар. Кешенге жөндеу жұмыстарын жүргізуге және материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары бірқатар демалыс орнында қолға алынбақ. Жатын орындары жөнделіп, асханалары тәртіпке келтірілмек. Олардың арасында Бурабай баурайындағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы да бар.
Тамаша табиғатымен ерекшеленетін аймақта мүмкіндік өте зор. Үзіліп түскен моншақтай әсем күміс көлдермен, қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, құйқалы қырат белдерімен аты шыққан Бурабайды былай қойғанда, саф ауалы, орман-тоғайлы, ақ айдындары шалқып жатқан Зеренді, Сандықтау өңірінің құтты қойнаулары ел тануға, жер тануға ұмтылып тұрған жастарды қол бұлғап шақыратындай. Сол мүмкіндікті қапысыз игеріп, ұрпақ қажетіне жаратсақ, жарасымды емес пе?! Осы арада көпшілікті алаңдатып отырған мәселенің бірі – жолдаманың құнына тоқтала кетсек, артықтығы болмас. Мемлекеттік лагерьлерге ұйғарылған жолдаманың орташа құны 25-75 мың теңге шамасында. Ал жекеменшіктің иелігіндегі лагерьлердің бағасы шарықтап тұр. Орташа есеппен 75-90 мың теңге төңірегінде.
– Биыл үш немеремді демалыс лагеріне жіберіп, бір уақыт серпілтіп алғым келіп еді, – дейді облыс орталығының тұрғыны Думан Сәрсенбаев, – қымбаттау болатын түрі бар. Жолдамадан басқа да шығындары бар ғой. Сондықтан балалардың демалысынан бизнес жасау дегеннің өзі көкейге қонбайды. Әлде барлық демалыс лагерьлері мемлекеттің меншігінде болуы керек пе еді? Ертеңгі болашағына мемлекет қамқорлық жасау керек емес пе?!
Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, қала сыртындағы лагерьлерде шамамен 11 мың оқушыны қамту жоспарлануда. Оның ішінде 2 мыңға жуық оқушы демеушілердің көмегімен тегін демалады. 1,5 мың бала салалық кәсіподақтар арқылы жазғы демалыстарын тиімді өткізеді деген ниет бар. Ата-аналар төлемі есебінен 7 мыңға жуық бала қамтылмақ. Жадыраған жазда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында 450 оқушы демалады. 2,6 мың бала ата-аналарымен ел ішінде тынығады.
– Әсіресе қала балаларының ауылға баруы өте құптарлық, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрлан Алпысбаев, – таза ауа жұтады, атасы мен әжесіне қолғабыс болып, қой бағып, қозы қайырып, еңбектің дәмін татады. Ең бастысы, таза қазақы ортаға барып тіл сындырады. Әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді санасына тоқиды. Үлкенді құрметтеу, сыйлау тәрізді ізгі ғұрыпты көкірегіне көшіріп алады. Аз олжа емес қой. Ауылдағы ағайын, ет жақын туыспен танысып, атажұрттың түпқазығын бағамдаса, туған жерінің топырағына аунап қайтса, күнінің жай өтпегені.
Барлық межеленіп отырған жоспар жүзеге асқанда, қала сыртындағы демалыс сауықтыру орындары ұзын-ырғасы 25 мыңға жуық баланы қамтиды. 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы алаңдар да ұйымдастырылмақ. Облыс бойынша демалыстың осы түрімен 56 мыңға жуық оқушы тынығады. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасының балаларын демалдыру да назарда.
Мектеп оқушыларының демалуымен қатар тәрбиесі де ұштастырылмақ. Бұл өте құптарлық шаруа. Жас көкірекке патриоттық тәрбиенің дәнін егу тамаша іс болар еді. Осы орайда әрқилы экскурсиялар, мәдени жорықтар, шатырлы және киіз үй лагерьлері қолға алынғалы отыр.
– Туған өлкенің тылсым қасиетін жас құрақтай жетіліп өсіп келе жатқан балалардың бойына сіңіру үшін ұлттық лагерь ұйымдастырса да болар еді, – дейді Жетпісбай Тұрсынбев, – мәселен, қазақтың қасиетті киіз үйінен артық не бар? Керегеден Сарыарқаның салқын самалы соғып, шаңырақтан зеңгір аспанның көгілдір бояуымен көмкерілген биігіне жанарын қадаған жас ұлан даланың рухын түсінер еді әрі ұлттық лагерьде тататын дәмді сары қымыз бен құрт, ірімшік болса, қысқасы, ұлттық тағамнан дәм татса. Облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайы көшпелі көрме ұйымдастырып, облыстық филармонияның әншілері туған жеріміздің тарихи тұлғаларының өмірі мен өнегесін сипаттайтын концерттік кеш өткізсе. Күні-түні интернеттен бас алмайтын балалардың бойына ұлттық нәр осылай сіңбес пе еді.
Бұл бағытта да облыстық білім басқармасының дайындап отырған қомақты шаруасы бар. Жаз бойы 850 шығармашылық үйірме мен студия жұмыс істемек. 1 260 еңбек жасағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына араласады. Басқа да шаруа шашетектен. Мәдениет, спорт және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты іске асырудың нәтижесінде 8 мыңға жуық бала әрқилы үйірмеге тегін қатыспақ. Бұл тарапқа 3,5 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.
Жазғы демалыс кезінде балалар археологиясы бойынша атқарылатын жобалар пысықталған. «Бір апта ауылда» әлеуметтік бастамасы, «Тарихтың жанданған сабақтары» атты жағымды жаңалықтар да бар. Іргедегі Ресейді жайлаған ағайынның балаларына арналған «Айналайын, атамекен!» сокральді туры жұмыс істемек.
Міне, осы сәтте атажұртқа ат басын бұрған жас толқынға өңірдің өңін келтіретін, тылсым тарихтың тұңғиығынан талмай сыр шертетін тарихи жерлерді аралатса. Ата-бабасының ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ата жұртындағы аруағын асыратын құйқалы жерлерді көрсетсе. Бурабай баурайы тәлім-тәрибе беретін тарихқа тұнып тұр. Абылайдың алаңы, Кенесарының үңгірі, одан басқа да ерліктің ізі тұнған шарада шүпілдеп көрінбей ме? Айталық, ерлік дастаны жазылған Ерейменнің етегі, Алаштың Бөгенбай батыры. 1991 жылы маусым айында Ерейментау каласына кіреберістегі төбешікке Бөгенбай батыр стелласы орнатылды. Ел қорғаған ердің ерлігі мен өрлігін бүгінгі ұрпағына қапысыз меңзеп тұрғандай ат шаптырым жерден көзге түседі. Сол сәтте көкірегіңе мақтаныш сезімі құйылып, тұла бойыңды өрліктің өкпек желі шарлап кеткендей болады. Сонау биіктің басынан батыр баба көз салып қарап тұрғандай. Стела мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Үш найзаны біріктіретін қалқанында «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме. XX ғасыр ұрпақтарынан», деп жазылған.
Міне, осындай сан ғасыр бойы санадан өшпеген рухани байлықты көкіректеріне құйып алса, аз олжа емес қой. Бәлкім, арыдағы жұртқа айта барар, айбын асқан атасының елден ерек ерлік істерін. Оқушылардың жазғы демалысы ақыл таразысына салып қарасаңыз, тәп-тәуір ойластырылған сыңайлы. Тек жоғарыда айтып өткеніміздей, баға мәселесі ата-аналарды алаңдатып отыр. Оған қоса, әр істе, тәрбиелік мәні бар әр шаруаның астарында жас көкірекке құятын жарқын сезімнің жарқылы шалқып тұрса.