Таным • 05 Мамыр, 2022

Кавалерист Қожатай

1562 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алла қуат берсе адам жасай береді екен-ау... Тіпті 70-80 жыл бұрынғы бастан кешкен оқиғаларын да күні бүгінгідей есіне сақтайтындар да болады. Соның бірі Петропавл қаласының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 97 жастағы Қожатай Некібаев ақсақал. Қан майданды белшеден кешсе де ол еш жеріне жарақат салдырмай, қырғыннан қылау шалдырмай аман келіпті. Бастан кешкен оқиғаларын айтқанда ол күнін тап басып айтқанымен қоймай, қай дивизияның, қай полкында, қай бөлімшеде қашан болғанына дейін сартылдатып айтып береді. Қалай таңғалмассың?..

Кавалерист Қожатай

Қожатай ақсақал Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы. Арғы аталарында Медебай батыр деген атақты сардар өткен. Қожекең дәп сол батырдың інісінен тарайды. Соғыс кезінде шығарылған ән мен жырлар көп болды ғой, соның ішінде Қожекеңнің әкесі Сейітахметтің інісі Сейіт­баттал марқұмның бір өлеңінде мынадай жолдар бар:

Бауырлар қуанта ма аман келіп,

Соғыс жоқ бейбіт өмір заман келіп.

Әскерлер қызыл тумен елге оралса

Немісті бастан-аяқ бәрін жеңіп.

Бауырым, аман келер Қожатайым

Түсімде жарқырап тұр күн

                           мен айың.          

Қамығып бауырды ойлап отырғанда

Хат келіп қуанттың-ау

                          жазатайым...   

Сол Қожатай соғыстан аман келіп, бүгінгі тәуелсіз заманды көріп, Петропавл қаласында ардагерлерге бөлінген жақсы үйден пәтер алып, аман-есен тұрып жатыр. Тек осыдан үш жыл бұрын 70 жылдан артық отасып, тоғыз ұл, бір қыз сыйлаған жары Айша анамыз 90 жасында қайтыс болып, ақсақалды жалғызсыратып кетті. Қазір оны кенже ұлы Бағдат бағып отыр.

Қожекең әскерге 1943 жылы шақыры­лып­ты. 18-ге толмаған боздақ өзі қатарлы бес баламен бірге алынады. Соғыста, қанды қырғынға салатынын білетін бүкіл ауыл оларды улап-шулап, жылап-сықтап шығарып салады. Қызылжарға жинап, қа­тарларын толтырған соң бұларды эше­лонға отырғызып, Шығысқа қарай ала жөнеледі. Үш күн зулаған пойыз Чита қа­ла­сына келіп тоқтап, боздақтарды осын­дағы әскери бөлімге тоғытады.

1943 жылдың қара күзі. Қызыл Армия бұл кезде немістерді Батысқа қарай тықсырып, үлкен жеңіліске ұшыратып жатқан. Сондықтан Қызыл Армия резервті бірден қан майданға салмай, тылда әскери ойындармен шыңдауды қолға алған. «Бізді өз қалауымызбен кімнің артиллерияға, танк әскеріне, авиацияға, теңіз флотына барғысы келетінін сұрап, қалаған жеріне арыз жаздырып, күнде әкетіп жатты. Мен қайда жазылуды білмей, жаяу әскерде-ақ қала берейінші деп ешқайда ұмтылмадым», – дейді Қожатай ақсақал.

Соның өзі дұрыс болып, ол осы жерде жазға дейін қызмет етеді. Үйге де жиі хат жазып, амандығын білдіріп тұруға мүмкіндігі болады. Сондай хаттың бірі кел­генде ғой Сейітбаттал ағасының жоға­ры­дағы өлең жолын жазғаны...

1944 жылдың жаз ортасында Чита бөліміндегі әскерден жүзден артық жаяу әскер жауынгерін Батыстағы соғыс­қа әкетеді. Мұнда олар ІІ Украин майда­ны­ның 13-кавдивизиясының 48-полкын толықтырады. Дивизия ол кезде Ук­раи­на жерін фашистерден тазартуда екен. Әскери құрама «кавалеристік» деп аталғанымен бұлар бұрынғыдай атқа мініп, жауға жалаң қылышпен «уралап» шаппайды. Техникалық жағынан жетілдірілген соғыста ол әскерді тек босқа қыру екеніне командованиенің көзі 1941, 1942 жылдардан жеткен екен. Сондықтан мұндағы аттар тек жаралыларды тасуға, тамақ әкелуге, жеке тапсырмаларды орын­дауға ғана қолданылады.

Ағамыз осы құраманың сапында қа­зіргі Украинаның Житомир, Ровно, Львов қалаларын азат етуге қатысады. Соң­ғы екеуі 1939 жылы КСРО мен Гер­ма­ния екі жақтан жаулап алғанға дейін Польшаның иелігінде болатын. Соның ішінде Львов қаласын фашистерден тіпті Қызыл Армия да емес, Польшаның Англиядағы қуғын­да­ғы өкіметіне бағынатын Крайо­ва­ның Армиясы босатқан. Бірақ НКВД осы армияның басшыларын Житомир қала­сы­на алдап шақырып алып, тұтқындап Сібірге айдап жібереді де, ал Львовты қай­тадан кеңестік қалаға айналдырады. Осы соғысқа Қожатай Некібаев та қатысқан екен.

1944 жылдың соңына қарай 13-кавдиви­зия­ның сапында Қ.Некібаев КСРО шекарасынан өтіп, Румынияға кіреді. Бұл кезде бұрын Германияның одақтасы болған Румыния жарты миллиондық армиясының қаруларын кері бұрып, немістерге қарсы со­ғысып жатқан. Осы үшін артынан Ста­лин румын королі І Михайға әлемдегі ең қымбат «Жеңіс» орденін тапсырғаны мә­лім.

Қызыл Армияны румындар қуаныш­пен қарсы алады. Одан әрі Қожекең­дер­дің дивизиясы Венгрия, Чехославакия жер­лерінде соғысады. Осы елдердің аума­ғындағы соғыстарда жүргенде қатар­дағы жауынгер Қ.Некібаев Сталин­нің атынан берілген 9 Алғыс хатқа ие болады. Олардың бәрі ағамыздың со­ғыс­тағы ерлігін айғақтап, мұқият сақ­талған. Мысалы, ол Венгрияның Балаш­шадьярмат, Ноград, Дебрецен, Чехос­ла­ва­кияның Новы Замки, Шураны, Врабле, Нитра, Галанта, Тырнава, Братислава және т.б қалаларын азат етуге қатысып, жауынгерлік ерліктер көрсеткені үшін Алғыстар алыпты. Осы қалалардың бәрін ақсақал жаңылмай айтып берді.

Осынша көп алғыстан гөрі бір медаль бермеді ме екен деген сөз тілімізге келіп қалып еді, баласы Бағдат оған 1944 жылдың 27 қазанында «Ерлігі үшін» медалі берілгенін интернеттен тапқанын және сол бұйрықтың суретін көрсетті. Бірақ медаль иесіне жетпеген... Не үшін берілгені жөнінде бұйрықта былай делінген: «Пулеметчику 4-го эскадрона гв. красноармейцу Некибаеву Кожатай за то, что он в бою 08.10.1944 г. во время нас­тупления эскадрона метким огнем из свое­го пулемета уничтожил огневую точку противника».

Қан майданды белшеден кешсе де соғысқа кешірек барғаны үшін ағамыз елге тек 1948 жылы оралады. Сол жылы Қызыл­жардың педучилищесіне түсіп, оны төрт жыл оқып Көкшетаудан бітіреді. Бала саны азайып қалу себепті қазақша оқитын 10 баланы Көкшетауға ауыстырған.

Оны бітірген соң Қожатай ағай 33 жыл бойы табан аудармай Жамбыл ауда­нын­дағы Орман орта мектебінде мұға­лім болып істеген. 1948 жылы ауылдасы Айша де­ген қызға үйленіп, екеуі өмірге 10 баланы әкелген.

Қожатай ағамыздың 1949 жылы туған үлкен ұлының есімі – Амангелді. Ал оның ұлы Қуаныш. Ол ақсақалдың үлкен немересі. Осы Қуаныштың қызы – Әзиза тұрмысқа шыққан, егер одан сәби туса ол Қожатай ақсақалға шөпшек болмақ. Ондайды көрген адамда арман болмайтын шығар.

Құдай берген қуаттың арқасында ол үйіне келген, студияға шақырған журналистерге үлгілі өмір жолын айтып беруден танбайды. Жалғыз-ақ «міні» - құлағы ауыр­лау, айғайлап отыруға тура келеді. Ең бастысы ол жадынан жаңылмайды. Біз ақсақалдың жүзге келуін тіледік. Осын­дай ерекше тағдырлардың болғаны да адам­ның өмірге деген құлшынысын арттыра берері сөзсіз.