Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметiнде Премьер-Министрд1iң орынбасары – Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ел экономикасын дамыту шаралары сөз болды.
Брифингке Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қатысып, журналистердің сан алуан сұрақтарына жауап берді. Ел экономикасының бірқалыпты дамуы туралы әңгімелеген вице-премьер, Елбасының тапсырмасы бойынша, экономикалық дамуды әртараптандыру шаралары негізді жалғасып жатқаны жөнінде айтты. Өз кезегінде, елімізде өткiзiлгелi отырған көлеңкелi экономикадағы қаражатты заңдастыру шарасы туралы да әңгімеледі. Бұл жолғы мүлiктiң заңдастырылуы да 2006-2007 жылдарда өткен шараға ұқсас болады екен. Қазіргі күнде соның негiзiнде заң жобасы дайындалып жатқан көрінеді. «Ал жария етiлетiн ақшаға келетiн болсақ, ол табыс болып саналмайды. Сондықтан оған салық та салынбайды. Мұнымен бірге, жария еткен тұлғалар қылмыстық, әкiмшiлiк және тәртiптiк жауапкершiлiкке де тартылмайды. Осы шара барысында жария етiлген қаражаттар туралы жеке ақпараттардың құпиялығы сақталады. Сондай-ақ, салықтық, қызметтiк материалдар да құпия күйінде қалады», дедi Үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьердiң айтуына қарағанда, заңдастырылған қаражат екiншi деңгейлi банктерде орналастырылады. Және оған байланысты баламалы құралдар да ұсынылатын болады. Ол туралы, «Егер адамдар депозитке ақшаларын салғысы келмесе, онда өзге құралдарды сатып алу құқығы берiледi. Атап айтқанда, Қазақстан экономикасына құя алады. Мәселен, мемлекеттiк құнды қағаздарды, екiншi деңгейлi банктердiң облигацияларын сатып ала алады. Бұлармен бірге, ұлттық компаниялардың, даму институттарының акцияларын, «Халықтық IPO» арқылы мемлекеттiк меншiктегi компаниялардың бағалы қағаздарын алуына болады. Сондай-ақ, жекешелендiрудiң екiншi толқыны аясында мүлiктi жеке меншiгiне сатып алуына мүмкіндік жасалады», дедi Б.Сұлтанов. Ел азаматы ақшасын жоғарыда аталған құралдарға жұмсағысы келмесе, қаражатты депозиттен шешуiне ырық берілмек. Бiрақ банк ол сомадан 10 пайыздық алым алады екен. Бұл салық емес, қазақстандықтарды ел экономикасына инвестициялауға ынталандырудың бiр құралы көрінеді. Депозитте сақталса, ол банктiң қорын көбейтедi, егер мемлекеттiк нысандарға жұмсалса, ел экономикасының деңгейiн жоғарылататынын айтты, вице-премьер. Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, заңдастыруды оңтайлы жүргізу мақсатында Үкiметте арнайы жұмыс тобы құрылыпты.
Экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруды қамтамасыз ету үшін осы жылдың 1 маусымына дейін 2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу аяқталады. Сөйтіп, индустриялық-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатына 150 млрд. теңге қаржы бөлінеді екен. «Жобалардың тізімі де осы жылдың 1 маусымына дейін жасалып болады. Қолданыстағы келісімдерді сақтап қалу үшін және жаңа келісімдерді жасау бағытында тиісті жұмыстар атқарылады», деді ол туралы Е.Досаев. Бұған қоса, биыл ел экономикасына Ұлттық қордан 500 млрд. теңге бөлінетін көрінеді.
«Ел экономикасының өсімін ынталандырудың негізгі көздерінің бірі Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн. теңге болады. 2014 жылы бұл қаржыдан 500 млрд. теңге алынады. Шағын және орта бизнесті несиелеуді қолдауға 100 млрд., банк секторын сауықтыруға 250 млрд., үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруға 150 млрд. теңге қаржы бағытталады», деді министр.
Баспасөз мәслихатында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты іс-шаралар да әңгіме арқауына айналды. Бұл мақсатқа биыл 97 млрд. 700 млн. теңге қарастырылып отыр екен. Ал Үкімет жекешелендірудің екінші толқынына қатысатын ұйымдардың тізімін осы сәуірде анықтап болады екен. Алдын ала жасалған тізімге республикалық меншіктегі 32 ұйым, коммуналдық меншіктегі 586 нысан және ұлттық компаниялар мен холдингтердің құрамындағы 191 ұйым енгізіліпті. «Қажетті нормативтік актілер қабылданған соң, мамыр-маусым айларында квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарды бәсекелес ортаға дайындау және өткізу басталады», деді министр.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ биыл «Халықтық IPO» аясында нарыққа шығатын компанияларды бекітіп болыпты. Атап айтқанда, қор нарығына екі компания – «KEGOC» АҚ пен Маңғыстау электр тарату компаниясы шығады екен. Ал келесі жылы «Самұрық-Энерго» АҚ, «ҚазТрансГаз» және өзге компаниялар нарыққа шығарылады деп жоспарланыпты. Бұйыртса, биыл 1 желтоқсанға дейін Жезқазған – Бейнеу теміржолы салынып бітеді. «Бүгінгі жағдайға байланысты көлік және логистикалық инфрақұрылымды әртараптандыру және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру бойынша шаралар қолға алынады. 1 шілдеге дейін Ақтау портының өткізу қуатын кеңейту үшін 3 құрғақ жүк терминалдарының құрылысы басталады. Сондай-ақ, 1 шілдеге дейін «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында құрғақ портының құрылысы басталады», деді Е.Досаев.
Үкімет 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын да маусым айында қабылдауды көздеп отыр екен. «Банктерден «түйткілді активтерді» сатып алуды қаржылық қамтамасыз ету үшін «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ-ты капиталдандыру қарастырылып отыр. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 250 млрд. теңге бөлінеді. 1 маусымға дейін зейнетақы активтерін басқару бойынша тұжырымдама қабылданып, 2030 жылға дейін қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы мен оны жүзеге асырудың 2020 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары тиянақталады», деді министр. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуға 2014 жылы 100 млрд. теңге бөлінбек. Ол туралы, «Шағын және орта бизнес жобаларын қаржылық ресурстармен қамтамасыз етуге осы жылы 100 млрд. теңге бөлінеді. Бүгін Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдады», деп түйіндеді сөзін Е.Досаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».